Аймақтар • 04 Сәуір, 2024

Тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірді

86 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында су тасқынымен күрес және апаттан құтқару жұмысы жалғасып жатыр. Сәуірдің 2-сінен 3-іне қараған түні бірнеше елді мекен мен саяжайға тасқын су қаупі төніп, тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді.

Тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірді

Мамандардың айтуынша, Орал қаласы тұсындағы Шаған және Деркөл өзендері қауіпті деңгейден асып кетті, Деркөл өзенінің гидробекетінде қауіпті деңгей 600-650 см болса, қазір судың деңгейі 708 сантиметрге жетті. Ал Ша­ған өзенінің гидробекетінде 1 264 см болды. Жайық өзенінің деңгейі де сәт санап жоғарылап, қазір 583 см-ді көрсетіп тұр.

Әдетте Шаған мен Деркөл өзені облыс орталығы маңында бір-біріне қосылып, соңынан Жайыққа құятын. Қазір аталған үш өзеннің де арнасы қатар толып, тоғысып кетті. Сөйтіп су арнамен ағып үлгермей, жан-жағына жайыла бастады. Осының салдарынан Орал қаласындағы Самал шағын ауданына су жайылды.

«Қазіргі уақытта Самал шағын ауда­нының тұрғындарын қауіпсіз жерлерге, эвакуациялық пункттерге көшіріп жатыр. Бұған Төтенше жағдайлар мен коммуналдық қызмет мамандары жұ­мылдырылған», деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаменті.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев түн ішінде Самал шағын ауданына барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтты. Құтқарушылар түні бойы «Самал 3» шағын ауданында аулаларды қарап, дауыс күшейткішпен қауіпті ескертіп, қалып қойған адамдарды алып шықты. Тұрғындардың кейбірі эвакуациядан бас тартқан. Негізінен халықтың басым бөлігі туыстарына алдын ала кеткен.

«Қазір жарық бар, тұйықталудан қамтамасыз етілді. Эвакуациялауға БҚО ТЖД жеке құрамы, апаттар медицинасы орталығы, №28237 әскери бөлімі, Ұлттық ұлан №5517 әскери бөлімі, аумақтық қорғаныс арнайы техникалармен жүр. Оқиға орнында ТЖД бастығы, облыстың, қаланың әкімі және оның орынбасары бар. Төтенше жағдайлар, полиция департаменттерімен кезекшілік ұйымдастырылған», деп хабарлады құтқарушылар.

Деркөл өзені бойындағы облыстық кардиологиялық орталық және білім инновациялық лицейі бұдан бұрын қауіпсіз жерге көшірілген еді. Соның ішінде кардиоорталықта ем алып жатқан пациенттер – барлығы 77 адам, толығымен қалалық көпбейінді аурухана базасына жеткізілді.

Өткен түнде Ұзынкөл аулының жоғары жағындағы су қоймасы толып, бөгет бұзылу қаупі төнгендіктен ауылдан барлығы 705 адам, оның ішінде 230 бала қауіпсіз жерге көшірілді. Бұл халықтың көбі қаладағы туыстарына тарап кетсе, 5 адам Подстепный кентіндегі мектеп-интернатқа, 15 адам Орал қаласындағы №15 мектепке орналастырылған. Оның жетеуі – бала. Көшіру жұмыстарына БҚО ТЖД жеке құрамы және БҚО ПД күш-құралдары тартылған.

Оқиға орнында Парламент Сенаты мен Мәжілісі депутаттары Арман Өтеғұлов пен Абзал Құспан да жүр. «Ресей­ден келетін өзендердің деңгейі күрт көтерілгендіктен, қазір елімізде ең күрделі жағдайдың бірі Батыс Қазақстан облысында болып тұр», деп мәлімдеді А.Құспан.

Қазір Орал қаласында 8 эвакуация бекеті бар. Ол жерде дәрігерлер, сан­эпидстанса мамандары, полиция қыз­мет­керлері тәулік бойы кезекшілікте жүр.

«Махамбет аулының шет жағын су басып кетуіне байланысты тұрғын­дар мектеп, клубқа көшіріліп жатыр. Мектепке қазіргі уақытта екі отба­сы әкелінді. Мектеп қашықтан оқытуға көшті», деп хабарлады білім басқар­масының баспасөз хатшысы.

Осы күндері өзге де органдармен бірге полиция қызметкерлері де тіл­сіз жаумен күресте күні-түні арпалысып жүр. Жалпы, облыс бойынша су тасқынына қарсы жұмыстарға барлы­ғы 703 полиция қызметкері мен 97 қызметтік техника жұмылдырылған. Әсіресе су басып кеткен елді мекендерде полиция күшейтілген режімде қызмет атқарып, эвакуацияланған азаматтардың мүлкін қорғап жүр.

Кейінгі деректерге қарағанда, облыс аумағында 5 мыңға таяу тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген, оның тең жартысы – балалар. «Қазір эвакуациялық бекеттерде 1 мыңның үстінде адам жатыр, қалған 3 853 адам туыстарын уақытша паналады», делінген төтеншеліктер таратқан ақпаратта.

Құтқарушылар адам ғана емес, төрт түлік малдың да жағдайын ойластырып, қазір 3 мыңнан аса хайуанат қауіпсіз жерге шығарылған.

Қазіргі уақытта өңірдің 10 елді мекенімен қарым-қатынас үзілген. Бірақ ол ауылдардың тұрғындары азық-түліктен тапшылық көрмепті. Себебі алдын ала керек-жарақ заттарды жеткізу ұйымдастырылған. Ұлттық ұланға қарас­ты МИ-171 тікұшағы арқылы Қара­тө­бе ауданының Қоржын және Үшана ауылдарына 2 тонна азық-түлік жеткізілген.

Құтқару жұмыстарында түрлі мекеме-ұйымдардан 2 мыңдай адам жүр, 365 техника, 76 мотосорғы қолданыста. Бүгінге дейін 804 773 текше метр су сорылып, 170 749 қапшық құм төселіпті.

Өңірде түрлі деңгейдегі жолдардың 26 жерінен су басып өтсе, 51 жерді су шайып, бүлінген. Жол мекемелері олардың кейбірін қалпына келтіруге кірісіп те кетті.

 

Батыс Қазақстан облысы