Сенат • 04 Сәуір, 2024

Бірқатар заң мақұлданды

89 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, депутаттар Мемлекет басшысының алдын ала келіп түскен ұсынуы бойынша Жоғарғы сот судьяларын қызметінен босату туралы мәселені қарады. Сондай-ақ күн тәртібіне шығарылған заңдарды мақұлдады.

Бірқатар заң мақұлданды

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев алдымен, бүгін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Се­наты­ның алғашқы төрағасы Өмірбек Байгелдінің қай­тыс болуына байланысты мар­құмның отбасы мен жақын­дарына көңіл айтты.

«Өмірбек Байгелдіұлының өнегелі өмірі ел тарихының тұтас бір тарауы деуге толық негіз бар. Ол 1995 жылы сенатор ретінде сайла­нып, тәуелсіз Қазақстан тарихын­да Парламент Сенаты­ның алғашқы төрағасы болды. Осылайша, ұлттық парла­ментаризмнің қалыптасып, дамуына үлкен үлес қосты. Сол кезеңде қабылданған заңдар мемлекеттілігіміз бен тәуе­лсіздігіміздің нығаюы­на тікелей ықпал еткені анық. Осы істің бәрінде Өмірбек Байгелдіұлы нағыз отаншылдықтың, ұлтқа қыз­мет етудің озық үлгісін көр­сетті», деді Палата төрағасы.

Айта кетейік, Өмірбек Бай­гелді Сенатта 16 жылдан астам уақыт еңбек етті. Ол Пар­ламент Сенатының бірінші, екінші, үшінші және төртінші шақырылымында депутат болды.

Отырыс барысында сенаторлар Әбдірашид Жүкенов пен Зәуре Кейкібасованы Жоғар­ғы сот судьясы қызметі­нен босатты. Мемлекет бас­шы­­сының ұсынуын қараған Па­лата депутаттары осындай шешім қабылдады. Ұсы­ныл­ған кандидатуралар алдын ала Конституциялық заң­нама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде талқы­ланды. Мемлекет басшы­сының ұсынуын Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Денис Шипп жариялады.

Сонымен қатар Палата отырысында депутаттар «Еура­зиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімді ратификация­лау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Келісімге сәйкес философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты және ғы­лым докторы сияқты ғылыми дәрежелер туралы құжаттар растаусыз танылады. Мұндай құжаттардың иелері ғылыми дәрежесі үшін үстеме­ақы талап еткен жағдайда ерек­шелік қарастырылған. Сон­дай-ақ заң нормалары ғы­лыми кадрлармен алмасу­ды ынталандыруға және ЕАЭО-ға мүше елдердің білім беру жүйелерін интеграциялауға, университеттер мен зерттеу институттары арасындағы ғы­лыми байланыстарды ны­ғайтуға арналған.

Сондай-ақ сенаторлар «Қазақ­стан Республи­касы­ның Үкіметі мен Қырғыз Рес­публика­сының Министр­лер Кабинеті арасындағы авиа­циялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтас­тық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады. Палата төрағасы атап өткендей, қазіргі таңда қазақ-қырғыз қарым-қатынасы барлық салада қарқынды дамып келеді. Мақұлданған заң осындай тиімді байла­ныс­тың бір нәтижесі екені сөзсіз. Келісімді ратификациялау Қазақстан мен Қырғызстан аумақтарында авиа­циялық із­дестіру және құт­­қару жұ­мыс­тарын жедел ұйым­дас­тыру­ға, осы саладағы екі­жақ­ты ын­тымақтастықты одан әрі ны­ғайтуға ықпал етпек.

«Келісім екі мемлекеттің авиациялық іздестіру және құт­қару саласындағы ынты­мақ­тастығын нығайтуды көз­дейді. Заң авиациялық оқи­ға туындаған жағдайда тарап­тардың бірлескен іс-қимылын, сондай-ақ оқу-жаттығулар өткізу және ақпарат алмасу­дың жекелеген мәселелерін реттейді. Алдағы уақытта бұл Келісім екі ел арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.