Үкімет • 04 Сәуір, 2024

Аймақтарды қалпына келтіруге қажетті ресурс бөлінеді

93 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен Қостанай, Ақмола облыстарына барды.

Аймақтарды қалпына келтіруге қажетті ресурс бөлінеді

Фото: primeminister.kz

Қанат Бозымбаев аймақ басшысы Құмар Ақсақаловпен бірге Амангелді ауданы Амангелді ауылындағы су басқан үйлерді аралап, облыс орталығына апа­ра­тын жолдардың жағда­йын зер­делеп, халыққа көмек көр­сететін еріктілер орта­лы­ғына барды. Орталықтың ұйым­­дас­тырушысы Айбек Тана­баев ау­дан­ға гуманитарлық кө­мек­­тің әлі де келіп жатқанын айтты. Мұнда 3 күн ішінде 20 тон­­на­дан астам азық-түлік, киім-ке­шек және гигиеналық құралдар же­ткізілді.

Жангелді ауданында Қанат Бозымбаев Көлқамыс ауылын­дағы су тасқыны болған жерге барып, сондай-ақ қарғын судан зардап шеккен Көкалат ауылының тұрғындарымен кездесті.

Ауданды әуеден бақылау бары­сында «Арқалық – Екідін» аудандық маңызы бар жол­дағы апатты көпірге тексеру жүр­гізіліп, қала әкімі Екідін кентін­дегі су тасқынынан қалыптасқан жағдай туралы баяндады.

Әрі қарай Қанат Бозым­баев политехникалық кол­ледж­­дің жатақхана ғима­ратын­дағы құтқару пунктіне орналас­ты­рылған Қызылжұлдыз ауылы­ның тұрғындарымен кездесті.

Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі облыстық жедел штаб Арқалық қаласында орналасқан. Облыстың барлық аумағында облыстық, қалалық және аудандық жедел штабтар жұмыс істейді. Шығынды бағалау бойынша комиссия құрылды.

Қостанай облысының оңтүс­ті­гіндегі 75 жеке тұрғын үйді су басқан. 13 су шайған және 7 бүлін­ген жол (1 көпір,  6 жол жа­мыл­ғысы) бақылауда. 12 елді ме­кенде көлік қатынасы жоқ. 1,2 мың адам эвакуацияланды, олардың 408-і балалар.

Қарғын суды сору, қаптарды төсеу жұмыстары жалғасып жатыр. Су тасқыны басталғаннан бері 686,2 мың текше метрден астам қарғын су сорылып, 16 мыңнан астам қап төселіп, 1,3 мың тонна инертті материал төгілді. Құтқару жұмыстарына 1,7 мың адам, 517 бірлік техника, 30 суда жүзу құралы және 2 ұшақ жұмылдырылған.

Жұмыс сапары барысында Қанат Бозымбаев аудан және қала әкімдерімен, облыстық қызметтер мен басқарма басшыларымен бірқатар кездесу өткізді. Вице-премьер апаттық-құтқару жұмыстарын әрі қарай жүргізу, құтқарылған адамдарды барлық қажетті заттармен қамтамасыз ету, шығынды бағалау, бүлінген үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша бір­қа­тар тапсырма берді.

«Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және зардап шеккендерге көмек көрсету үшін барлық жағдайды жасау керек. Су тасқынының зардаптарын жою жұмыстары тәулік бойы жүргізілуге тиіс. Өңірлерді қалпына келтіру үшін барлық қажетті ресурстар бөлінеді», деп қорытындылады Штаб бас­шысының орынбасары.

Сонымен қатар вице-премьер Қанат Бозымбаев пен Төтенше жағ­­­дайлар министрі Шыңғыс Әрі­­нов Ақмола об­лы­сының су басу қаупі бар аймақ­тарын аралап көрді.

Премьер-министрдің орынба­сары, Төтенше жағдайлар ми­нистрі және Ақмола облы­сының әкі­мі елорда маңындағы аудан­дар­дағы Нұра, Есіл өзендері бас­сейндеріндегі су ағынын тек­сер­ді. Су тасқынының екінші кезе­ңі­нің басталуына байланыс­ты об­лыс­тағы жағдай тұрақты түрде күр­де­лі деп бағаланып отыр.

Нұра, Есіл, Жабай және Колутон тәулік бойы өзен­де­рі­­нің су деңгейін бақылау үшін бекет­тер құрылды. Мұз кеп­те­ліс­тері қалыптасқан кезде олар­ды жою үшін жару жұ­мыс­тары жүргізіледі. Өңірге Ас­та­на қаласы әкімдігі мен е­л­ор­­да­лық ұйым­дардың арнайы тех­ника­сы жіберіліп, ТЖМ және Аза­мат­тық қорғаныс ака­де­мия­сының күштері қайта орналас­тырылды.

Су тасқынына қарсы іс-шара­лар кешені Жібек Жолы ауылында белсенді түрде іске асырылып келеді. Елді мекенді қорғау үшін инерт­ті материалы бар қапшықтар да­йын­­­­далып, 2 300 метр қорғаныс үйіндісін нығайту және күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сапар Целиноград ауданы Р.Қошқарбаев ауылында орна­ласқ­ан Нұра өзенінің гидропост­та­рын аралаумен жалғасты. Вице-премьерге еріген қарғын су қоз­ға­­лысының жағдайы туралы баян­­­­далды. Гидропостарда тәу­лік бойы ба­қы­лау жүргізіледі. 3 сәуір­де­гі жағ­дай бойынша өзен­дегі су деңгейінің төмендеуі бай­қа­лады.

Қосшы қаласының Тайтөбе ауылында ұзындығы 2 400 метр топырақ үйіндісі қорғанысын нығайту жұмыстары жүргі­зі­ліп жатыр. Целиноград ауданындағы Қараөткел, Қаражар, Талапкер ауылдарында да су тасқынына қарсы іс-шаралар тексерілді.

Штаб басшысының орынбасары облыс әкімі мен ТЖД басшысына елорда маңындағы өңірлерде су тасқынынан өту мәселесін жеке бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ қауіп-қатерді жоюға бағытталған бір­қа­тар тапсырма берілді.

Ақмола облысы бойынша су тасқынына қарсы іс-шара­лар­ға барлығы 1 500-ге жуық адам­ мен 350 бірлік техника жұмылдырылды.