Тағзым • 04 Сәуір, 2024

Айтулы азаматтан айырылдық

157 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан журналистикасы тағы да қара жамылды. Өкінішті! Телевизия мен публицистика майталманы, мемлекет және қоғам қайраткері Ғаділбек Мінәжұлы Шалахметов ағамыз да дәрілбақиға жол тартты. Ол кісімен көп жыл бойы араластым. Жаны таза адам еді. Ақынжанды еді. Абай мен Мұқағалидың жырларын орыс тіліне аударды. Сол туындыларды оқыған кезде жанының ақықтығы анық білініп тұратын.

Айтулы азаматтан айырылдық

Өзінің журналистік жолында көптеген ерлік жасады. Қазақтың Корчагині атанып кеткен Рахмет Өтесінов ағамыз туралы жетпісінші жылдары сонау Жаңаөзенде топырақ жұтып жүріп деректі фильм түсір­ген туындыгерді өмір бойы басшы болып, комфорт іздеген пенде деп кінәлай алмайсыз.

Желтоқсан көтерілісі ке­зінде Мемле­кеттік телерадио ко­митетінің төрағасы ре­тінде таза қазақша арна ашу жөнінде іссапармен Мәскеуде жүргенінде елдегі аласапыранды ести сала осылай қарай құстай ұшқан азаматтың Отаны үшін отқа түсуге бар екенін бажайлау қиын емес.

Елу жыл бойы халықты қасіретке ұшыратқан Семей полигонын жабуға тікелей әсер еткен адамдардың бірі болған Ғаділбек Мінәжұлын «человек тотального действия» деген атқа ие болған Эрнест Хемингуэйге теңегің келеді.

Айқын да ұстамды позициясы бар Ғаділ­бек Мінәжұлының шетелден қашып келген белгілі ғалым, ақын әрі журналист Айтан Нүсіпханды ешқандай құ­жатсыз өз қарамағына қай­мықпай жұмысқа қабыл­дағанын қандастарын қолдаудың клас­сикалық үлгісі деп айтқан абзал.

АҚШ-тың экс-президенті, биыл жүз жасқа толғалы отырған Джимми Картермен талай рет табақтас болып, адамзатқа пайдасы бар бірнеше жобаны бірге жүзеге асыруға қатысқан Ғадекеңе қызыға қарайтынбыз.

Алмағайып тоқсаныншы жылдардың бел ортасында БҰҰ-ның Бас хатшысы Бутрос Галиден сұхбат алған жалғыз қа­зақтың шығармашылық ізденісі мен шеберлігіне қайта-қайта қол соққың бар.

Ешкіммен араласпай, бәрінен безіп, үйіне тығылып жатқан Лев Николаевич Гумилевтің өмір­дегі ең соңғы сырласы бол­ған ағамыздың жүрегі кең адам еді.

Мақаш правитель (Мұхам­бетжан Бекмұ­хамбетов) туралы жазған «Пятый сон» де­ректі публицистикалық кітабы ізденіс пен дарындықтың қоспасынан туған сүбелі еңбек болған еді. Оның мұндай өрелі істерінің бәрін тізіп шығу мүмкін емес.

Әлемнің әр түкпіріндегі өр­кениетті бір-бірінен бөле-жармайтын, керісінше сабақ­тастыра түсіндіретін оның ерекше көзқарасы өмір жолында түйген тәжірибесі мен кемел білімнің арқасында келгені тайға таңба басқандай анық бі­лінетін. Атасы Шалахмет жүз жасаған кісі еді. Немересі де ға­сырды иектеп құласа деп ті­лейтінмін. «Адамның дегені емес, Алланың қалауы болатыны» рас. Бақұл бол, аға!

 

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ,

публицист-жазушы