Фото: astanahub.com
«Astana Hub» басқарушы директоры Дания Ахметованың айтуынша, өңірлік хабтар аймақтарда IT-саланың дамуына жол ашады. Мұндай орталықтар жергілікті стартаптар, кәсіпкерлер мен мамандарға білім беру бағдарламаларына, нетворкингке, инвестицияларға, технологиялық ресурстарға қол жеткізуді жылдам қамтамасыз етеді.
«Аймақтарда «Digital Nomads», «Google Developers Group»-пен серіктестікте воркшоптар, олимпиадалар, хакатондар, офлайн және онлайн кездесулер жиі өтеді. Бүгінде өңірлік хабтарда 7 мыңнан аса адамның қатысуымен 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, 70-тен аса компания «Astana Hub» қатысушысы болды. Біз «Mańǵystau Hub» өңірдегі IT-индустрияны дамытудың негізгі алаңына айналады деп сенімдіміз», деді ол.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Маңғыстау облысы әкімдігі және «Sergek Group» қолдауымен «Astana Hub» халықаралық технопаркі құрған «Mańǵystau Hub»-тың негізгі міндеті – жергілікті IT-қауымдастықты дамытып, IT-таланттардың тұрақты ағынын қалыптастыру. Мұнда IT-мамандардың біліктілік деңгейін арттыруға, инновациялық жобалардың дамуын ынталандыруға бағытталған түрлі іс-шара, тренинг пен конференция өткізіледі.
Жаңа хабтың ашылуында 8 технологиялық жоба ұсынылды. Олар: «AMS SYSTEM», «qMeta», «Mediana Services Limited», «Smart EDUS», «AGSA», «Libsystem.kz», «Rebels», «Gylym.ai» және «ЭкоАвтомат».
Бүгінде аталған министрліктің бастамасымен «Astana Hub», әкімдіктер, жеке серіктестердің қолдауымен еліміздің 12 өңірінде IT-хабтар табысты жұмыс істейді. Биыл дәл осындай Атырау, Шымкент, Қонаев, Жезқазған, Петропавл және Жаңаөзен қаласынан IT-хабтар ашу жоспарланып отыр.
Осы жылы «Astana Hub» өңірлік IT-хабтарды «astanahub.com» платформасындағы қолжетімді цифрлық инфрақұрылымдар арқылы қарқынды дамытуды қолға алды. Былтыр еліміздің өңірлік хабтарында АКТ саласында 784 іс-шара ұйымдастырылып, оған 25 мыңға жуық адам қатысып, 194 стартап-идея ұсынылған. Сонымен қатар өңірлерде АКТ бойынша 7 форум өтті. Бұл 70 компанияның «Astana Hub»-қа қосылуына және өңірлерде IT-саланы дамытуды ынталандыруға септігін тигізді.