Театр • 04 Сәуір, 2024

Қара шаңырақ қасиеті

190 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры Халықаралық театр күні мерекесіне орай «Қаллеки тынысы» атты спектакльдер шеруін ұйымдастырған екен. Екі жыл бойы көрермен көзайымына айналған қойылымдар қатарына драматург Қуаныш Жиенбайдың «Патша көңілім, не дейсің?» комедиясы да қосылыпты.

Қара шаңырақ қасиеті

Қойылым бүгінгі отбасының талайлы тағды­ры туралы. Әулеттің үлкені – Әбді­рәсілдің құдай берген бес ба­ласы бар. Бір қыз, төрт ұл. Төрт ұл дүниенің төрт бұрышын ті­реп тұрғандай. Қатарларынан қалмай, бұйырған несібелерін теріп жеп жүрген әртүрлі ма­мандық иелері. Әлдеқашан ауыл­дан қол үзіп, қалаға көшіп кеткен. Бүкіл бітім-болмысымен қала­лық психологияға бауыр басып үлгерген. Көпке топырақ шашып қайтеміз, десе де бітпейтін де қоймайтын қаланың абыр-сабыр хал-ахуалымен, бүгін ана шаруаны тындырсам, келесіде ана жұмысты бір ыңғайлы қылсам деп, ертелі-кеш сүрлігіп, асып-сасып, бірақ осы өлермендігінен де ойдағыдай нәтиже шығара алмай, іштей тынып, іштей булығып, өзімен өзі арпалысып жүретін жандар аз ба? Әбдірәсілдің балалары – осыған ұқсас типтің адамдары. Олардың жадынан кіндік кескен атажұрт, ауылдағы ағайын-тума, дос-жаран, тіпті әке-шеше дейтін қасиетті ұғым­дар әлдеқашан өшкен. Олар­ды іздемек, құрметтемек түгілі, оларға деген титімдей сағыныш се­зімін де қолдан «өлтіріп» тынған. Бәлкім ара-тұра телефонмен ғана амандықтарын біліп тұрар. Болды, бітті. Бірақ мұндай жатбауыр­лық Әбдірәсіл ақсақалға ұнамай­ды. Әбдірәсіл (Боранбай Молда­баев) мен кемпірі Шамшагүл (Майра Омар) балаларын өлгенше сағынады.

Әбдірәсілдің бар арман-мақ­саты – балаларын көріп, мауқын басып, бір жасап қалу. Әрі ойлап, бері ойлап, ақыры ақсақал мына­дай берік шешімге бел буады. «Әкең өлді» деп көршісі Қойлыбайға ­балаларына хабар бергізеді. Суыт хабар қалалықтардың құлағына жетіп үлгереді. «Әке керек болса, енді елге келмей көрсін!», дей­ді Әбдірәсіл. «Суыт хабарды» алғаш естіген үлкен ұлы Бақбер­ген іні­лерін құлақтандырады да, ертеңінде әйелдерін ертіп, бір кісі­дей жиналып, жылап-сықтап ауылға жетіп келеді. Есіктен аттамай жатып «әкем-аудың» сүйекті сырқыратар «жоқтауы» басталады.

Ал Шамшагүл шалының «өл­ген­дігінен» бейхабар. Оған Әбді­рәсіл алдын-ала ескертпеген. Ол балаларының келіндерімен бір кісідей тізіліп келгендігіне мәз. Анасының балаларымен ойда-жоқта кездесуі өте әсерлі. Күлкілі эпизод жетіп-артылады. Балаларын көрген Шамшагүлдің қуаны­шын­да шек жоқ. Ол әлі де әкесін «жерлеуге» жиналып келе қалған ­ұл-қызының бұл батыл әрекетіне аң-таң. Қойлыбайға «сен мал та­ни­сың ғой, қорадағы жарамды қойды сойып, көрші-көлемге хабар беріп, қазан көтеру қамына кіріс» деп «бұйрық» береді. Және әзірде «белім, белім» деп қақсаған шалының «өліп» қалғандығымен шаруасы шамалы, «балалары бір кісідей жиналып келгенде оныкі не жатыс?» деп ұрысып қоюды да естен шығармайды. Оңаша қалғанда келіндеріне: «мен енді сендермен бірге қалаға кетемін, мал-мал деп өлуге келдім, қоралы малымен ұшпаққа шығар болса көрерміз, қалсын осында!» деп шалына қыр көрсеткендей, то­сын мінез танытатыны және бар. Келіндері бір-бірін жеп қоя­тын­дай, ала көзденіп ыдыс-аяқ­ты қат­тырақ сылдырлатады. Сон­да­ғысы – «кемпірді қолдарына кім алады, үлкен кісіні кім бағып-қағады?» Бәлкім, Шамшагүл осыны келіндерін сынау үшін әдейі айтқан болар. Төрт келіні – Бәти­ма (Алтынай Нөгербек), Көр­кем (Айман Карпсейтова), Сара (Диана Жолдыбек), Ботагөздердің (Әмира Омарова) образы барынша шы­найы дараланған. Сахнада әрқайсысының атқаратын мін­дет­тері бар және бірімен-бірін шатастыра алмайсың. Бақберген­нің «бәрін Бәтима шешеді» дей­тіні әрі осы сөйлемнің сан мәр­те қайталанатыны ешкімді жалықтырмайды, керісінше тағы да айтыла ма екен деп елеңдеп отырасың. Оқиғалар сұлбасымен жымдасып кеткен.

Әбдірәсіл «өлдім, өлдім» деп қашанғы жатсын, оның үстіне түз­ге шыққысы келеді. «Бұл не шу, бұл не айқай? Бұтыма сигізе­тін болдыңдар ғой, түге!..» деп шыға келеді. Кенже ұлы Күнберген (Нұр­сұлтан Есен) тірі әкесін көр­генде тіл-аузы байланып, талып қалады. Осы тұсты режиссер ойнақы шешімдермен ұтқыр пай­далана білген. Иә, сазгерге керегі – әуен, суретшіге – бояу, ақынға – сөз, ал режиссерге не маңызды? Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі режиссер Нұрлан Жұманиязовтың «Патша көңілге...» сіңірген ең­бегі ұшан-теңіз. Драматургпен сөй­лескенде, былай деді: «Шығар­маның сүйегі – менікі, еті – Нұр­ландыкі». Осы пікірдің арғы ас­та­рында буырқанған шындық жатыр. Қойылымның соңында Гүлжәмила мен Қойлыбайдың бір шешімге келгені, қалған өмірді бірге сүрмек болған пейілдері – сөз жоқ, режиссердің үлкен олжасы.

Әбдірәсілдің «өлген» әрекеті­не балалары ақырында реніш біл­діреді. «Қаншама шаруаларым, лекцияларым оқылмай қалды...», дейді Бақберген. «Сіздікі бұл не ойын? Ерігіп жүрген кім бар? Біз әскери адамбыз, ертең шыны­мен жағдай анандай болғанда басшылардан қайтіп сұранамын?» Ақбергеннің қабағынан қар жа­уып тұр. «Таксистердің арасын­да бұзылмаған заң бар, қазалы жерге қолдан келгенше қаржы жинап береді. Кеше маған да «әкеңе құран оқытарсың» деп конверт берді. Аламын ба, алмаймын ба, білмеймін?..», деп Шымберген мұ­рын астынан міңгірлейді. «Ала берсеңші, кейін керек болады ғой...», деп ақыл қосады Күнбер­ген. Күлмей көріңіз!

«Сендердің өстіп айтатын­да­рыңды білгенмін. Ал әке-шеше­леріңің тері сіңген осы шаңырақта еш жерден кезіктіре алмайтын бір ғажайып иіс бар. Сендер оны ұмытқалы қашан. Сол иіс сендерді бәле-жаладан қорғап жүреді. Мен өлген күні ол иіс те аспанға ұшып кетер. «Өліп», сендерді шақырып алған себебім, аунап-қунап жатып, сол иісті армансыз иіскесін дедім. Менде бөтен ой жоқ. Патша көңілдің енді не қалайтындығын кім білсін... Екінші мәрте өлу де­генді атамаңыз!..» Егер Әбдірәсіл «біз қартайдық, ауылға келіп, қара шаңыраққа ие болыңдар» десе, оңбай «ұтылар» еді. Ол – әбден айтыла-айтыла ақжем болған бай­лам. Жұрттың елеңдей қоюы қиын....

 

Гүлбану ӘМІРОВА,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент