«Батыс» өңірлік қолбасшылығы 5517 әскери бөлімінің 60-тан астам әскери қызметшісі мен 2 арнайы техникасы әскери Асан елді мекенінде су тасқынын бөгеу жұмыстарына қатысты. Ал 6655 әскери бөлімінің қызметкерлері төрт ауысым бойынша 17 техниканың көмегімен Ақтөбе облысындағы Кирпичный кентіне көмек беріп жатыр.
Павлодар облысына қарасты Ақтоғай ауданының Шолақсор кентінде Сілеті өзені арнасынан асуына байланысты 5512 әскери бөлімінің әскери қызметшілері халыққа көмектесу және су тасқынының алдын алу үшін шұғыл түрде ауданға бет алды. Сондай-ақ олар Жалаулы елді мекеніндегі су тасқынына қарсы іс-шараларды атқаруға жұмылдырылды. Ұландықтар еріген қар суына қарсы бөгеттер тұрғызып, су тасқынының алдын алу үшін түрлі амал жасап жатыр.
Бұған қоса, Теміртау қаласының 5516 әскери бөлімінің 125 әскери қызметшісі мен 6 техникасы, Қостанай қаласындағы Ұлттық ұлан полкінің 100 әскери қызметшісі және 8 техникасы, Петропавл қаласындағы 6637 әскери бөлімінің 50 әскери қызметшісі мен 7 техникасы еліміздің әр өңіріндегі жағдайды реттеуге атсалысып жатыр.
Қарағанды облысының ірі су қоймаларында (Самарқанд, Ынтымақ, Шерубай-Нұра) су көлемінің ұлғаюына байланысты Абай, Бұқар жырау және Нұра аудандарының 28 елді мекенінде құм толтырылған қаптардан бөгет тұрғызу жұмыстары қолға алынған. Бұған Қарағанды қаласының 5451 әскери бөлімінің 50-ге жуық әскери қызметшісі мен 4 арнайы техникасы қосылды.
– Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне техногендік, табиғи, әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларын жоюға қатысу міндеті жүктелген. Сондықтан курсанттар кез келген уақытта халқымызға көмек көрсетуге дайын, – деп атап өтті 2 оқу батальоны командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, подполковник Әлімжан Тасмағамбетов.