Қазақ нарығының шетелдік банктерге қарап елеңдей бастағанына бірнеше айдың жүзі өтті. Елде жұмыс істейтін шетелдік банктер үшін талап жеңілдетілетіні былтыр жазда белгілі болған. Ол кезде агенттік Ұлттық банктің №385 қаулысына өзгеріс енгізуді көздейтін құжатты порталына шығарған.
Бізде банк филиалын ашуға ниеттеніп жатқан елдермен сауда байланысымыз оң, біздің елде жұмыс істеп жатқан бизнестері де жетеді. Кен орындарында үлестері де бар. Біздің елде жұмыс істеуге олардың өздері де мүдделі. Мәселен, Bank Of China, ICBC, SHINHAN bank, BNK Finance Kazakhstan микроқаржылық ұйымы, Al Hilal банктерінің бизнесті қаржыландыруда айтарлықтай тәжірибесі бар. Олардың отандық нарыққа бет бұруы – алдын ала күтілген жағдай. Шетелдік банктердің ішкі нарыққа тереңдеп енуі үшін кейбір кедергілерді алып тастап, заңға бірқатар өзгеріс енгізу керектігін агенттік өкілдері ашып айтып отыр. Шетелдік банктердің пайыздық мөлшерлемесі Қазақстандағы базалық мөлшерлеме бойынша жұмыс істейтіні осыған дейін талай айтылған.
«2020-2021 жылдарға дейін бізде «Альфа банк», Сбербанк және ВТБ банк тәрізді үш ресейлік банк жұмыс істеді. Қазір ВТБ-дан басқасы елімізде жұмыс істемейді. ВТБ-ның қызметі бүгінде шектелді. Бірақ олар жұмыс істеп тұрған кезде бизнеске несие беріп, жергілікті банктермен бәсекеге түсті. Нәтижесінде, кредит бойынша мөлшерлемені төмендетті. Бізде осындай банк бар, осы жеткілікті деген ереже жоқ. Капиталы мол, тәуекелге бара алатын ірі банктер керек», дейді Нұрлан Әбдірахманов.
Сарапшылар ішкі нарыққа шетелдік банктер келсе, несие беру саясаты тұтынушыларға тиімді болатынын айтып жатыр. Сонымен қатар бизнес өкілдеріне де маңызды болады деген үміт бар.
Қазір елімізде 21 екінші деңгейлі банк бар. Оның 11-і шетелдік банктің қатысуымен жұмыс істейді. 8-і – халықаралық банктің еншілес қаржы ұйымы. Экономистер сырттан келетін үш банк қаржы секторының ландшафтына елеулі өзгерістер алып келеді дейді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов Таяу Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия, Шығыс Еуропадағы инвесторлар тарапынан белгілі бір қызығушылық барын мәлімдейді.
«Біз бұл бағытта Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Таяу Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия, Шығыс Еуропадағы инвесторлар тарапынан белгілі бір қызығушылық бар. Бұл жұмысты Үкіметпен бірге жүргіземіз. Ірі халықаралық банктерді тарту банк нарығындағы бәсекелестікті арттырып, халыққа қызмет көрсету сапасын жақсартып, экономикаға несие беру көлемінің кеңеюіне әкеледі деп ойлаймын», дейді агенттік төрағасының орынбасары.
«Шетел банктеріне қандай талаптар қойылады?» деген сауалдың беталысы анықталып қалды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі биыл Ұлттық банкпен бірлесіп заң жобасын әзірледі, банктер немесе оның еншілес филиалдарын ашуға қажет құжаттардың тізімі қысқарады.
«Kusto Group» компаниясының тең иесі және директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Тәтішов Алматыда өткен CFO Summit-те бізге салалық банктердің жетіспейтінін, бұл экономиканың әртараптандырылуына кедергісін келтіріп жатқанын айтқан еді. Оның айтуынша, осы тақырып көтерілген кезде «бізге қандай банктер қажет» деген мәселе жан-жақты зерделенуі керек. Мәселен, «отандық банктердің ауыл шаруашылығын қаржыландыруда тәжірибесі аз», дейді ол.
«Ондағы мамандар бұл саланы қаржыландырудың тәуекелі бар екенін білсе де, сол тәуекелден жол тауып шығудың мүмкіндігін аса зерделей қоймайды. Банктер үшін бұл сала – жабық тақырып. Ал ауыл шаруашылығының мүмкіндігіне енді ғана мемлекеттік деңгейде назар аударып жатырмыз. Сол себепті ҚХР, Түркия немесе Батыс елдерінің ауыл шаруашылығына маманданған қаржы институттарының елге келуіне көңіл бөлінуі керек. Дамыған елдерде әр саланың салалық банктері бар. Бұл тәжірибені бізге де енгізетін кез келді», дейді кәсіпкер.