Қоғам • 05 Сәуір, 2024

Шымкенттен гуманитарлық көмек жіберілді

238 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Республиканың солтүстігі мен батыс аймақтарын қарғын су алып жатқанда оңтүстік жұрты қарап қалмады. Дереу жылу жинап, гуманитарлық көмек жөнелтуге кірісті. Сондай жәрдем керуені жуырда Шымкенттен су басқан өңір Ақтөбенің Ойыл ауданына аттанды. Қалалық Жастар ресурстық орталығынан жолға шыққан гуманитарлық көмек керуенінде қажеттіліктің бәрі қамтылды. Жүк көліктері халықтан жиналған азық-түлік, киім-кешек, санитарлық-гигиеналық заттармен, жамылатын, төсенетін жабдықтармен толып жолға шықты.

Шымкенттен гуманитарлық көмек жіберілді

Жастар ресурстық орталығында жылу жинауға 130 ерікті жәрдемдесті. Аталған орталықтың басшысының орын­басары Бағлан Ілесов 10 тоннадай материалдық көмек жиналғанын, осындай қиын сәтте жұдырықтай жұмылған шымкенттіктер азаматтық таныт­қан­дарын айтады.

Сонымен бірге су тасқыны басталған сәтте «Уасилә», «Жанин» қайырымдылық қорлары мен «Азат ньюс» ақпарат агенттігі бірлесіп мегаполистен жылу жинайтын штаб ашқан. Күні кеше олар да гума­нитарлық көмекті тасқыннан зардап шеккен аймақтарға жөнелтті. «Уәсилә» қайы­рым­дылық қорының басшысы Каюмжан Абдуллаевтың айтуынша, 1 фура, 15 альфард автокөлігі Ақтөбе облысына жолға шықты. Жылу жинасуға көмек бергендер ішінде «Автонұр» мен «Алаш» базарларының жәрдемін ерекше атап өтті. Мәселен, автонұрлық саудагерлер екі газель, алаштықтар бір газель автокөлігіне сиятын жап-жаңа киім-кешектер жиып берген. Қайырымдылық қоры әлеуметтік желі арқылы топтарға таратудың нәтижесінде халық қолдан келгенше көмек беруге ұмтылған. Бірі заттай жәрдем көрсетсе, екіншісі ақшалай аударған.

«Су шайған аймақтарда да штабымыз жұмыс істеп жатыр. Ол жақта да еріктілеріміз бар. Барған соң көреміз, қай өңір көбірек зардап шексе сол жаққа қарай көмекті жөнелтеміз. Ол Батыс Қазақстан немесе Қостанай облысы болуы мүмкін. Біз төтенше жағдай орын алған аймақтардан хабар алып тұрмыз. Қазіргі таңда ол жақта азық-түлік қоры жеткілікті екен. Киім-кешек те баршылық. Ендігі керегі жеке бас тазалығына қажетті гигиеналық заттар екен. Жолдың көбін су шайып кеткен. Көпірлер өтуге жарамайды. Сондықтан судың ортасында қалып қойған ағайынға жергілікті «Мұғжиза» қайырымдылық қоры моторлы қайықтармен көмектерімізді жеткізеді», деді К.Абдуллаев.

«Жанин» қайырымдылық қорының еріктісі Мұрат Пернебеков екі күннен бері күн-түн демей қордың штабында жұмыс істеп жатқанын айтады. Өзінің негізгі мамандығы – электрик. Бірақ бос уақытында осындай қайырымдылық қорында жәрдемші болып тегін көмектеседі. Еріктінің мәлімдеуінше, кейінгі екі күнде штабта жұмыс күшейген. Өйткені жан-жақтан келіп жатқан қайы­рым­дылық көмек көп. Тіпті жинастырып, реттеуге әрең үлгеріп жатыр. Бұл да болса, қиын кезде жалғыз қалдырмайтын халқымыздың жанашыр пейілі болса керек-ті.

«Елдің су тасқынынан қиналғаны жүрегіме қатты батады. Бар дүниеңнен, жиған-тергеніңнен бір пәсте айырылып қалу оңай емес, әрине. Әйтеуір бас аман болсын, соған да шүкіршілік дейік. Ал өзім 3-4 жылдан бері ерікті болып жұмыс істеймін. Бұдан маған ешқандай пайда келмейді. Бірақ мен мұның бәрін елдің разылығы үшін жасап жатырмын. Әйтпесе мамандығым – электрик. Сол кәсібіммен шұғылданып, пайда үстіне пайда тауып жүре берсем де болар еді. Бірақ өз қамыңды ойлай бермей елдің де мұқтаждығына көмектеспесең, несіне ер-азамат болып жүрміз», деді заттарды таси жүріп бізбен әңгімелескен ерікті жас.

 

ШЫМКЕНТ