Аймақтар • 09 Сәуір, 2024

Тасқын толастамай тұр

112 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Солтүстіктегі ең үлкен өзен Есілдің суын бөгейтін – Сергеев және Петропавл су қоймалары. Сенбі күнгі хабарға қарағанда, Сергеев су қоймасы өзінің жобалық қуатынан 55 пайызға асып, үстінен су жүріп кетті. Судың ең жоғары биіктігі жоба бойын­ша 800 см болса, қазір ол 1 090 см-ге жеткен.

Тасқын толастамай тұр

Бұған дейін 2017 жылы су қой­масынан өткен су 338 см биік­тікке көтерілген. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Оның тауқыметі зор болып еді. 4 мыңнан аса адам үйлерінен қашуға мәжбүр болған. 380-дей тұрғын үй мен 5 мыңдай саяжайлар судың астында қалған. Осы тасқыннан кейін облыс және республика басшылығы Астана мен Петропавлдың арасына Бұзы­лық су қоймасын салу керек, бұл 1,5 млрд текше метр суды бөгеп, Сергеев су қоймасының қатерін азайтады деген еді. Алайда сол сөз жүзінде қалды.

Биылғы биіктік әзірге 290 см-ге жетті. Бірақ су әлі де көбейіп жатыр. Мамандардың айтуынша, биыл судың көтерілуі 2017 жылғы рекордтық көрсеткіштен де асып кетер деген қауіп бар. Жобалық су сақтау көлемі – 693 млн текше метр­ге Сергеев су қоймасы 4 сәуір­де жеткен. Қазіргі судың бәрі ар­тық, оның үстіне секунд са­йын 15,8 текше метр су құйылып жатыр.

Тентек өзендердегі су да көте­ріліп барады. Мысалы, сенбі күні Бабықбұрлық өзені Гусаковка аулының төңі­ре­гінде – 10 см, Ақан­бұрлық Ковыльное ау­лы­ның түбінде – 36 см, Шарық Ру­заев­ка селосының түбінде – 18 см, Иманбұрлық Соколовка село­сы­ның түбінде 41 см-ге дейін көте­рілген. Есілдің өзі Тоқсан би ау­лы­ның түбінде 9 см-ге дейін көтеріліп, жалпы биіктігі 1 412 см-ге жетті. Сер­геевка қаласының түбінде Есілдің деңгейі 116 см-ге дейін көтеріліп, жалпы деңгейі 1 027 см болды.

Тайынша ауданына жұмыс сапармен барғанында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тасқынмен күрес жұмыстарын тексерді. Ол Тайынша қаласы, Теңдік, Донецкое, Летовоч­ное ауылдарында болып, қалып­тасқан жағдаймен жіті танысты. Құтқарушылармен, еріктілермен кездесіп, жауапты кезең кезіндегі жанқиярлық ауыр еңбегі үшін алғысын білдірді. «Адамдардың қауіпсіздігі мен олардың мүлік­терін сақтау – барлық жауапты мемлекеттік органның басты міндеті», деп атап көрсетті өңір басшысы.

Мұның алдында су тасқынына қарсы уақтылы шаралар қа­был­дамағаны үшін Тайынша ауда­нының әкімі Берік Әлжановқа қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту жасалған.

Қазір ТЖД қызметкерлері ғана емес, солтүстіктің барлық әкім-қарасы да ат үстінде. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов облыс орталығы мен қала төңірегіндегі су жиналатын дамбалардың бе­рік­тігін тексерді. Аяққа етік, үсте­­ріне жеңіл киімдер киген әкім-қаралар Ущев көшесі, Тері зауыты төңірегінде және Теплич­ный мен Прибрежное ауылда­рының тұсындағы дамбалар­дың беріктігін өз көзімен көріп, су шайып кетуі мүмкін тұст­а­рын инертті материалдар тол­тырылған қаптармен бекіткізіп, биіктетіп, күні бойы аралады. «Тасқынның тауқыметі әлі алда, сондықтан дамбалардың берік­тігін арттыра беру керек. Тиіс­ті қызметтер тұрғындармен байланысты үзбесін, қиыншылық жағдай туып кетсе, эвакуациялық пункттердің дайын екенін үнемі жеткізіп отырсын», деп жазды Ғауез Торсанұлы өзінің Теле­грамда.

150-ден аса волонтер іші инертті материалдармен тол­тырылған қаптарды Теплич­ное аулындағы бөгетке тасып, үйіп жатыр. Жастар ресурстық орталығының басшысы Дәмир Әбдин де осы жерде жұмыс істеп жатқан жастардың уақтылы тынығуын бақылауда. Жалпы, облыс бойынша мыңнан аса жас пен егде жастағы адамдар еріктілер қатарында тасқынға қарсы күресіп жатыр.

Сонымен қатар облыс басшысы тұрақтандыру қорының запасын анықтағанын жеткізді. Қазір онда әлеуметтік маңызы бар 9 мың тонна азық-түлік сақталған. Бұл облыс тұрғындарына 5 айға жетеді деп шақталған. «Су бас­қан өңірлерге тапшы болып қалса, азық-түлік көліктермен жеткізіледі. Бұған қоса бағаның шұғыл өсіп кетпеуін бақылауға аламыз», деді әкім.

Қазір үстінен су өтіп кеткен тас­жолдар да жабылып жатыр. 5 сәуірде облыстық маңызы бар «Рощинское – Корнеевка – Воло­шинка» тасжолының 20-39 шақырым аралығында 5 жерін су шайып кеткендіктен жабылды. Соның ішінде 21-22 шақырым аралығында 500 шаршы метрді, 26 шақырымда 150 шаршы метрді, 34 шақырымда 300 шаршы метрді, 35 шақырымда 200 шаршы метрді, 39 шақырымда 200 шаршы метрді су шайып, жолды шұқыр тесік қылып кетті. Қазір жолды жөндеуге 10 ТЖД және жергілікті қызметкерлер 8 бір­лік техникамен кіріскен.

Төтенше жағдайлар да жоқ емес. Айыртау ауданының орта­лығы Саумалкөл аулының құт­қа­­­рушыларына 35 шақырым жердегі Шанғал аулының түбінде үстінен су жүріп кеткен жолда келе жатқан машинаның моторы өшіп қалып, жолаушы­лар қиын жағдайда қалғаны тура­лы суыт хабар түсті. Құтқа­ру­шылар дереу жетіп, қатты толқынмен жол шетіндегі жыраға түсіп кеткен азаматтарды құтқарып, көліктерді де жолдың жиегіне алып шықты.

Сенбі күні облыс әкімі Ақ­қайың, Тайынша ауданда­ры­ның су басу қаупі жоғары ауыл­дарын аралады. Соның ішін­­де Аққайың ауданындағы Руб­лев­ка аулында қорғаныс бөгет­терінің берік екенін көріп, үйлер­ге су жетпейтініне көз жеткіз­ді. Тайынша ауданындағы Доброжановка аулындағы жағ­дай да осындай екен.

Қазір ТЖД мен жергілікті атқару органдарының құтқару­шылар қызметіне бизнес өкілдері де өз көмектерін көрсетіп жатыр. Уәлиханов ауданындағы Қаратал аулына баратын су шайған жолды қалпына келтіруде жергілікті бизнес өкілдерінің көмегі көп болды. Олар адам күшімен қатар техникаларды да іске қосты. Елді мекендердің су кірген үйлерінен 57 мың текше метр су сорғызылды. 13 мың шақырымның арықтары аршылып, судың жолы ашылды. 5 мың­нан аса инертті материалдар тол­тырылған қаптар бөгеттерге үйіл­ді, тағы 3 мыңдайы запаста тұр.

Бірақ тасқын да толастар емес. Кеше автожолдарды тесіп, 28 жерден су өтіп кеткені белгілі болды. Тайынша ауданындағы Красная поляна аулында 6 үйге су кіріп кетті. Суда қал­ған адамдар мен қолдағы мал құтқа­рылды. Қазір аса қауіпті деген Тайынша, Уәлиханов, Айыртау, Ғ.Мүсірепов аудандарында жергілікті ТЖД мен атқару органдарының адамдарынан басқа Түркістан облысынан келген 114 құтқарушы жұмыс істеп жатыр.

Іркіліп қалған қарғын су­дың ағысын ашу үшін кейбір жол­дар­ды құтқарушылардың өздері де тесіп жатыр. Мәселен, Ғ.Мү­сірепов ауданының орталығы Новоишимка селосына іркілген су бармас үшін республикалық маңызы бар «Петропавл-Жез­қазған» тасжолы тесіліп, суға ағыс жасалды. Қазір жол уақытша Новоишимка кентінің ішімен өтетін болды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы