Қоғам • 09 Сәуір, 2024

Жоғарғы Сот Төрағасы өңірлік соттармен су тасқыны мәселесін талқылады

228 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жоғарғы Сот Төрағасы Асламбек Мерғалиев республикадағы су тасқыны жағдайына байланысты облыстық және оған теңестірілген соттардың басшылығымен бейнеконференцбайланыс арқылы кеңес өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жоғарғы Сот Төрағасы өңірлік соттармен су тасқыны мәселесін талқылады

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бізде соңғы бірнеше онжылдықта мұндай көлемдегі су тасқыны болмағанын атап өтті. Су тасқынына байланысты 10 облыста жергілікті төтенше жағдай жарияланды», деп еске салды А.Мерғалиев.

Жоғарғы Сот органының басшысы Сот әкімшілігінің департаменттеріне сот ғимараттарын су басуынан барынша қорғауды қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. Олардың қатарында әкімдіктер жанындағы жедел штабтармен уақытылы өзара іс-қимыл орнату, сот істері мен материалдарын, қызметтік құжаттамаларды шұғыл эвакуациялау үшін су басу қаупі жоғары аймақтарда әрекет ету топтарын құру және т.б. аталды.

Отырыс барысында су тасқынының салдарын жоюға қатысты істердің ведомстволық соттылығы мен соттылығы мәселелері, сондай-ақ біркелкі сот практикасын қамтамасыз ету жайы талқыланды.

А.Мерғалиев соттар және СӘ бөлімшелері басшылығының назарын азаматтар арасында туындайтын құқықтық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігіне аударды.