Қоғам • 10 Сәуір, 2024

Мүфтият жәрдемі

165 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің 10 өңірін су алып, халықтың басына сынақ келгенде дін өкілдері де қарап қалмай, жамағатты жұмылдырып, қам-қарекет жасап жатыр. Осы күнге дейін ҚМДБ тапсырмасымен Астана қаласы өкілдігінің өзі «Қиындықта ел бірге!» акциясы аясында Арқалық қаласына – 2, Ақтөбе облысына – 3, Оралға – 1, Атырауға 2 фура қайырымдылық көмек жіберді.

Мүфтият жәрдемі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы берген мәліметке қарағанда, кеше Астана қаласынан Құлсары қаласына қарай тағы 2 фура көмек аттаныпты. Ал осы күндері бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай облысында су басқан елді мекендердің халқымен кездесіп жүр. Кеше жұмыс сапарымен аталған өңірге барған ҚМДБ төрағасы мүфтият жанындағы «Зекет және қайырымдылық» қорының еріктілер тобымен жүздесіп, насихат айтты.

«Он адам жүрген жерде із қалады, мың адам жүрген жерде жол қалады» деген қанатты сөз бар. Сіздер ізгі істерге із бен жол қалдырып жүрген қайырымды жансыздар. «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» демекші, жақсылық жасау – қанымызға сіңген қасиеттің бірі. Қазір нағыз халыққа көмек­тесетін сәт. Ел басына күн туғанда бар­шамыз бірлігімізді танытып, әр­дайым халықтың жанынан табылуымыз керек», деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бүгінде «Зекет және қайырымды­лық» қорының Қостанай облысындағы 400-ге тарта еріктісі ортақ іске жұмыл­ды­рылғ­ан. Кеше бас мүфти аталған қор тарапынан ұйымдастырылған қайырымдылық іс-шарасына қатысты. Су тасқынынан зардап шеккен 300 отбасына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік себеттері таратылған жиында ол «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) күллі адамзатқа өсиет ретінде жолдаған «Адамдардың ең жақсысы – адамдарға пайдалы болғандары», деген хадисін мысалға келтірді. Сонымен бірге Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай ауданында тасқын судан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, жұбаныш сөздерін айтты. «Сабырлық адамға сенім ұялататын, болашаққа үмітпен қарауға, пендеге қажыр мен қайрат беретін ең бір ізгі қасиет болғандықтан, әр кез басқа түскен қиыншылыққа сабыр­лық танытуға ұмтылайық. Бұл қиын­шылықтарға да мойымай, ел басына туған сынақты бірге еңсеретіні­міз­ге сенеміз. Алла Тағала қауіптің бетін қай­тарып, халқымызға қалыпты өмір нәсіп еткей», деді бас мүфти.

Айта кетсек, осыдан бірер күн бұрын «Зекет және қайырымдылық» қоры өкіл­дері су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе облысына барған болатын. Қор директоры Мақсатбек Қайырғалиев аталған өңірдегі жедел штабтың жұмысымен танысып, аймақ тұрғындарына 500 резеңке етік, 2 500 қап, 2 000 жөргек, 2 000 көрпе-төсек, 2 қайық, қайыққа 3 қозғалтқыш, жарық құрылғысына 2 қозғалтқыш, т.б. тұрмыстық заттарды жеткізді. Сондай-ақ Ақтөбе қаласында 1 000, Ойыл ауданында 300, Қобда ауданында 200 адамға ыстық тамақ берілді.

Айрықша атап өтер жайттың бірі – қордың Ақтөбе облысы өкілдігі «Ел үлесі – пәтерге» жобасы бойынша 746-баспананың кілтін тасқыннан зардап шегіп, үйсіз қалған жалғысбасты анаға табыстады. 2-топтағы мүгедек балаларды асырап отырған Зина Жолдалиқызы қиын сәтте қолұшын созған ҚМДБ өкілдеріне алғысын жаудырды. Айта кетейік, бұл – Рамазан айындағы «30 күнде 30 баспана» акциясы аясында беріліп отырған 26-баспана.