Аймақтар • 10 Сәуір, 2024

Басты мақсат – тұрғындардың амандығы

90 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Сергеев су қой­масында бөгеттен асқан судың биіктігі 415 см-ге жетті. Бұған дейін бөгеттен асқан судың ең биігі 2017 жылы тіркеліп, 338 см-ге жеткен. Бұл жолы одан 77 см-ге асып кетті.

Басты мақсат –  тұрғындардың амандығы

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхам­бетов бұл жағдайдың күрделі екенін айта келіп, тұрғындарды қауіпсіз жерге шығару керек екенін жеткізді.

«Қазгидрометтің» айтуына қарағанда, Есілдің суының көтерілуі бөгеттің ең биік нүктесі – 415 см-ге жеткеннен кейін төмендей бастады. Өзенге құятын Бабықбұрлық, Ақанбұрлық, Шарық, Иманбұрлық салаларының су деңгейі де қазір төмендеп жатыр. Қауіпті деңгей сәл төмен түсті.

Ендігі қауіп – Есілдің арнасын толтырған мол судың толқыны Петропавлға қарай ағатын өзен жиегінде орналасқан ауылдарды басуы. Кешеге дейін Петропавл мен облыстың Ғ.Мүсірепов, Шал ақын, Тайынша аудандарында 29 үйді су басқан. 77 адамды эвакуациялап, 226 мал құрғақ алаптарға қуылған. Соның ішінде Шал ақын ауданындағы Жаңасу ауылында су басқан 5 үйдің жандары мектептегі эвакуациялық пунктке орналастырылды.

Ғ.Мүсірепов ауданының орта­лығы Новоишим ауылында су кіріп кеткен үйден алты адам құт­­­қа­рылып, эвакуациялық ор­та­­лық­қа жеткізілді. Осы аудан авто­­­жолдарының 25 жерінен су өтіп кетті. Оларға жол белгі­лері қойы­лып, жүргіншілер құлақтан­­ды­рылды, күзеттер қойыл­ды. Со­нымен бірге көлкіген су ауыл­дарға кірмес үшін автожолдар 5 жерден тесіліп, су жолдары ашылды. Қазір елді мекендердегі аулалардан тәулігіне 30-40 текше метр су сорғызылады. 8 600 арық аршылып, судың жолы ашылды.

Есілдің Сергеевка қаласынан шыққандағы күре ағысының бойындағы 19 үйлі Жарғайың ауылының жандары толығымен көршілес тұрған, орны биік, 7 шақырым жердегі Өрнек ауылына көшіріліп, мектепке орналастырылды. Олардың төсек орындары мен жейтін тамақта­ры алдын ала әзірленген. Ал 700 қара­дай малдары алысқа айдалған. Шағын ауылды көшіруге 41 құтқарушы 11 техникасымен қатысты. Сондай-ақ Есілдің оң жақ жағалауындағы Николаевка ауылындағы Береговая көшесінің тұрғындары да эвакуацияланды. Полиция қызметкерлерінің араласуымен 22 үйден 64 адам эвакуа­ция орталығына жеткізілді. Оның ар жағындағы Бірлік ауылында да 30 адам қауіпсіз орталыққа жеткізілді.

Өзен жағасындағы Покровка, Явленка, Новоникольск, т.б. ауылдардағы жағдай да осындай. Үлкен су Петропавл қаласына жақындап келеді. Қала әкімі Серік Мұхамедиев шаһар тұрғындарына БАҚ арқылы үндеу жариялады. Төртінші сәуірден бері жергілікті маңыздағы төтенше жағдай жарияланғанын айтқан ол, қаланың Заречный, Тері зауыты, Тепличный, Подгора кенттері су басу қаупінде екенін айтты.

«29 саяжайлық бірлестіктер де судың астында қалады. Бұл аудандарда 2 мыңнан аса тұрғын бар. Мен тұрғындардың құжаттары мен бағалы заттарын алып, судың беті қайтқанша қаладағы таныста­ры мен туыстарына бара тұруын сұраймын. Ал ешкімі жоқ­тар эвакуациялық пункттерге қабыл­данады. Көше алмағандарға көмек көрсетіледі. Уақыт тар, судың келуін күтпеңіздер, асығыңыздар!» деді ол.

Сонымен бірге ол су басу тәуекелі бар аймақта қаланы сумен қамтамасыз ететін «Қызылжар-су» кәсіпорны да бар екенін айтты. Әкім осы кәсіпорынның ай­на­ласына да бөгет салынып жатқанын жеткізген. Осы мә­се­ле­ні нақтылай түсу үшін кәсіп­орынның директоры Арман Саутовқа қайырылғанымызда ол: «Біз ешкімнің бұйрығын күтпей-ақ 2017 жылғы тасқынға қарсы тұрғызылған дамбамызды 3-4 күнде жөндеп, оны бекіту жұмыстарымен айналыстық. Алайда мамандар келіп көргеннен кейін оны тағы бір метрге жоғарылату керектігі ұсынылды. Біз қазір осы жұмыспен айналысып жатырмыз. Әкімдік те өз тарапынан көмек берді», деді.

Алдағы күндердің ауа райын болжаған «Қазгидромет» жақсы хабар айтпай отыр. 9-10 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысында ұзақ уақыт жаңбыр жауып, өзен­дегі сеңдердің еруіне ықпал етпек. Бұл судың көбейіп, жайыла түсуіне соқтыруы мүмкін. Ерімеген сеңдер кептеліп, ағысты бөгеуі немесе оның жиектегі құрылыстарға соғылу қатері бар.

Кеше Астана қаласында орна­лас­қан жаяу әскердің 300-дей әскері Солтүстік Қазақстандағы тасқынды құрықтау үшін көмекке аттанды. Сондай-ақ Ұлттық ұлан академиясының 400 курсанты да аттандырылмақ. Ал ТЖ министрлігі Ұлытау облысынан 15 техникасы бар 33 құтқарушыны да солтүстікке жіберді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы