Қазір еліміздегі 10 өңірде төтенше жағдай жарияланды. Осы өңірлердің бәрінде оқушыларға бұл оқу кезеңі «төтенше тоқсан» болып тұр. «Байтал түгіл бас қайғы» болып тұрған тұста оқыту педагогке де, білім алу оқушыларға да оңайға соқпасы анық. Бірақ соған қарамастан, оқуды тоқтатуға болмайды. Бірақ қалай? Бұл тұрғыда бізде тәжірибе бар, бүкіл елде төтенше жағдай жарияланған пандемия кезінде де оқу тоқтатылмады, бір рет «төтенше тоқсанды» өткізгенбіз. Әрине, оның білім сапасына едәуір нашар әсер еткенін сарапшылар айтып, әлі де зерттеп жатыр. Дегенмен сол уақытта сәл де болса қалыптастырып алған қашықтан оқыту жүйесі қазір де «көмекке келмек».
Оқу-ағарту министрлігі таратқан соңғы ақпаратқа сүйенсек, өңірлік білім басқармаларымен бірге балалардың құқықтарын қорғау және оқу үдерісін сапалы ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда уақытша орналастыру пункттерінде 3 мыңға жуық бала бар. Оларға психологиялық қызмет көрсету ұйымдастырылды.
«Балалар қажетті оқу құралдарымен және қашықтан оқу үшін техникалық жабдықтармен, тамақпен және киім-кешекпен қамтамасыз етілді. Интернеттің жылдамдығы төмен ауылдық мектептерді Starlink желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ республикалық маңыздағы инновациялық мектеп-лицейлерінің жатақханаларында балаларды орналастыру мен оқу үдерісі ұйымдастырылады. Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдері балаларға құқықтық және психологиялық көмек беруге, сондай-ақ оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасауға белсенді араласып жатыр. Маңғыстау облысында 28 білім ұйымы Атырау облысы Құлсары қаласының эвакуацияланған тұрғындарын қабылдап отыр. Су тасқыны болған өңірлерде барлығы 127 білім нысаны тұрғындарды уақытша орналастыру пункті болып айқындалды», делінген жоғарыда аталған министрліктің хабарламасында.
Өткен аптада Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өңірлік білім басқармалары басшыларының қатысуымен өткен аппараттық кеңесте су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы балаларды еліміздегі ең үздік жазғы сауықтыру орталықтарына жіберуді тапсырған еді. Министр: «Оқу үдерісін сапалы ұйымдастыра отырып, балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға ерекше назар аудару қажет. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ең алдымен көмекке мұқтаж отбасылардағы оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру керек», деген. Осыдан соң министрлік еліміздегі жыл бойы жұмыс істейтін 11 сауықтыру орталығы 6 сәуірден бастап оқу үдерісін ұйымдастыра отырып, балаларды қабылдауға дайын екенін, сауықтыру орталықтарына оқушыларды тасымалдау үшін қауіпсіздік жөніндегі нұсқаулық пен ведомствоаралық іс-қимыл алгоритмін әзірлегенін хабарлады. Соңғы деректерге қарағанда, тасқын судан зардап шеккен өңірлердегі оқушыларды сауықтыру орталықтарына жіберуге жолдамалар бөлінді. Сауықтыру орталықтарына қабылдаудың тек бірінші күні Ақмола облысындағы «Жасдәурен» лагері 80-нен аса баланы қабылдады.
Аппараттық кеңес барысында министр балалардың қауіпсіздігімен қатар, су тасқыны салдарынан қиын жағдайға тап болған педагогтерді қолдау мәселесіне де тоқталды. Сала басшысы су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан әріптестеріне көрсеткен кәсібилігі, адамгершілігі және шынайы патриотизмі үшін алғысын білдірді. Министрліктің мәлімдеуінше, бүгінде білім саласының 20 мың қызметкері волонтер ретінде су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысып, оның ішінде 10 мыңнан көбі эвакуациялық пункттерде жұмыс жасап жатыр. Салалық келісімге сәйкес, төтенше жағдай кезеңінде білім саласы қызметкерлерінің еңбекақысын есептеу төтенше жағдайға дейінгі белгіленген мөлшерде жүргізіледі. Сонымен қатар педагогтерді қолдау мәселесі пысықталуда. Төтенше жағдай жарияланған өңірлерде педагогтердің аттестаттаудан өту мерзімі кейінге ауыстырылады.