Бала кезімізде көбіміз ақын болсақ, жазушы болсақ деп армандадық қой. Арманға алып ұшқан сәби көңілдің шабыты қаншама өлең тудырып, күнделік дәптерімізге осындай қаншама қиялшыл ой жазғызды. «Балғын дауыс» кітабы да 6-сынып оқушысы Гүлсімнің қаламына қуат берген арманынан туып, жарық көрді. Жинаққа оның өлеңдері, әңгімелері, күнделігі енген. Кітап «Өмір толқыны», «Алғашқы армандар», «Балауса жырлар», «Балғын шақтың белестері» атты төрт бөлімнен тұрады. Әр бөлімде оқырманның қиялына қанат бітіретін, адамдық қасиеттерге баулитын, шабыттандыратын, жақсы ойларға жетелейтін кіршіксіз туындылар бар. Мәселен мына бір:
«Туған жер, туған өлкем, байтақ далам
Сен десе көңілімде шаттық қадам.
Сен берген қызықты өмір, мол байлықты
Игеріп, туған Отан, берем саған», –
деген өлең жолдары әрқайсымыздың мойнымызда Отан алдындағы перзенттік парызымыз барын еске салады. Ал кішкентай оқырманның бойына туған жердің қасиетті екенін түсіндіріп, отаншылдық дәнін себеді.
«Дананы мамасы әзер оятты...», деп алаңсыз басталған жексенбінің таңындағы оқиғаны баяндайтын әңгімеде баланы еңбекке баулитын үлкен мән жатыр. Алғаш рет өзі нан пісірген Дана мақтау естіп, анасының ризашылығын алып, еңбектің наны тәтті екенін түсінеді. Міне, кітапта осы сарындас адами құндылықтарға негізделген, балалардың таным көкжиегін кеңейтетін әңгімелер, өлеңдер бар. Оның барлығы – бала жүректен шыққан сондайлық шынайы туындылар. Сондықтан бұл кітаптағы әр шығарма өз оқырманына ой салып, ізгілікке бағыттайтыны анық.