Технология • 12 Сәуір, 2024

Сапалы стартаптар шоғыры

69 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Инновация – экономиканың басты драйвері. Кейінгі жылдары отандық инновация саласына көбірек көңіл бөлініп, біршама серпіліс жасалды. Біздің стартаптар шетелден миллиондаған инвестиция тартып, биік белестерді бағындырып жүр. Солардың аяқ-алысын саралап көрейік.

Сапалы стартаптар шоғыры

Су тасқынына болжам жасайды

Табиғи апаттардың алдын алу және олардың салдарын басқару бойынша шешімдерді әзірлейтін отандық «SpaceLab» стартапы Калифорнияда «келе­шегі зор» стартап атанды. Соны­мен қатар ол «F6s» жаһандық қауымдас­тығының мәліметтеріне сәйкес, Кремний алқабының астанасы Пало-Альто қала­сындағы ең үздік стартаптардың бестігіне енді.

«F6S» – қаржыландыруға, акселе­рациялық бағдарламалар, жұмыс орын­дар, гранттар, басқа да көп­теген мүмкіндік ұсынатын ең үлкен стартап алаңы. Платформада әлемнің әртүрлі елінен мыңнан астам акселерациялық бағдарламалар мен қорлар ұсынылған. Платформаны пайдаланатын 11 мыңнан астам стартап 3,3 миллиард инвестиция жинады.

– Бізге ғарыштық стартаптардың қатарына кіргенімізді айтқан кезде, мен әзіл деп ойладым. Қатты таңғалдым. Өйткені «F6S» – 2,5 миллион­нан астам стартап пен құрыл­тайшы тіркелген жетекші желі. Ал біз, ғарыш қызметі саласын­дағы жас компаниялардың бірі ғана­мыз. Бәсекеге қабілетті, әлемдік индус­триядағы ха­лықаралық кәсіби қоғам­дастықтан осындай баға алу – маңызды мотива­циялық фактор. Одан әрі дамуға серпін берді, – деді «SpaceLab» компаниясының өнім және бизнесті дамыту жөніндегі директоры Дәурен Әубәкіров.

«SpaceLab» спутниктік желілерді қолдана отырып, сенімді деректерді беру шешімін ұсынады. Негізгі артықшы­лығының бірі – әлемнің кез келген нүк­тесінен деректерді тасымалдауға мүм­кіндік береді. Жаһанды қамти алады. Сонымен қатар «SpaceLab» ше­шімі әртүрлі спутниктік желілермен үйле­сімді әрі бизнестегі таңдау еркіндігін қам­тамасыз етеді.

– Өткен жылы «Astana Hub» резиденті бола отырып, біз «өте маңызды заттар интернеті» тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыс баста­дық. Мемлекет пен бизнестегі құнды нысандарға орналастырылған персоналдың, компью­терлердің, датчиктер мен контрол­лер­лердің байланысын зерттедік. Мы­салы, оның ішінде далада жауын-шашын мөлшері, топырақтың жай-күйін бақылау, су тасқыны туралы болжамдар бар, – деді стартап басшысы Арман Бекембаев.

Бүгінде «SpaceLab» жобаны енгізуге телеком­муникациялық, тау-кен өндіру және медици­налық компанияларды қоса алғанда, отан­дық ұйымдармен келісімдер жасалып жатыр.

 

«Egistic» фермерлерге көмектеседі

Жандос Керімқұлов «Egistic» стар­тапының негізін қалаған. Ол фермерлерге аэроғарыштық суреттер арқылы мал жайылатын өрістің жай-күйін ба­қы­лауға көмектеседі. Спутниктік суреттердің арқа­сында қажетсіз арамшөптер, өсімдік жапырақ­тарындағы ылғал мөлшері немесе пайдалы дақыл­дардың тым баяу өсуі туралы нақты ақпарат алуға болады.

сми

Жандос 2017 жылы аэроғарыштық суреттерді өңдеудегі тәжірибесін қай жерде қолдана алатынын зерттей бастаған. Зерттеу барысында өзінің елге пайда тигізетінін түсінген. Сондықтан ауыл шаруашылығы мен цифрлық саланы бірікті­руді таңдаған. Ол жасаған «Egistic» – ауыл шаруа­шы­лығын басқарудың цифрлық жүйесі. Ғарыштан түсірілген суреттерге сүйене отырып, топырақ пен онда өсетін өсімдіктердің жай-күйіне талдау жасайды. Тіпті өсімдік жапы­рақ­тарындағы ылғалдылық, азот, хлоро­филл көрсеткіштері, учаскелердің бі­телу дә­режесі, инфекция ошақтарын қам­тиды.

Өсу үдерісінде компания стартаптың жұ­мысын жетілдірді. Енді ол далада жұмыс істейтін техникалық бақылау жүйе­лерін, агроөнеркәсіптік кешенді есепке алу мен жоспарлауды да қамта­масыз етеді. Қазір тұқымдар мен тыңайт­қыштарды сататын маркетплейстер, сондай-ақ техниканы жөндеуге, ма­мандарды жалдауға арналған қызметтер ен­гізіліп жатыр.

– 2019 жылы «Egictic»-тің алғашқы нұсқасы дайы­н болды. Бұл – өте қара­пайым бағдарламалық жа­сақтама. Онда фермер өз жерін кадастрдан табады, белгілі бір аумақта өсетін барлық ауыл­шаруа­шылық дақылдар мен жалпы топырақ жағдайы туралы дайын сараптама алады. 2022 жылдың соңында жалпы аумағы 900 мың гектар болатын шаруашылық бойынша талдау ұсындық. Бір жыл бұрын олар Ресейде ұсынылды, Украинаға, ТМД елдеріне шығу жоспарлары болды, бірақ соғыс бәрін өзгертті, – деді Жандос.

Спутник негізінен аэроғарыштық суреттерді түсіруі керек. Күніне ол ша­мамен 10-20 минут түсіре алады. Қысқаша айтқанда, белгілі бір сәтте камераны қосып, оны қажетті нүктеге бағыттап, содан кейін іс жүруі қажет. Спутникті басқару үшін сол кезде базада болмаған еліміздің заманауи картасы қажет болған. Жандос Керімқұлов бұл деректерді жаңарту үдерісін автоматтандыру арқылы жүргізген.

 

«Sezim»-мен сезін

Қазір психологиялық көмекке мұқ­таж жандар көп. Бірақ уақыт жетіс­пеуінен немесе ұялғаннан бас тартады. Солай дертін асқындырып алады. Дер кезінде емделмеген жан ауруы көптеген ауыр сал­дарға әкеледі. Оны әлеуметтік мәсе­лелерден кө­ріп те жүрміз. Бұл түйт­кілдің шешімін Алан Ибрагим «Sezim» платформасы арқылы шешуге тырысқан.

ч

Ол 3 жыл бұрын психологтер мен психотерапевтер онлайн қызмет көрсететін «Sezim» стартапын іске қосты. Басты мақсаты – сапалы терапияны қолжетімді, ал қызметке жүгіну үдерісін барынша қарапайым ету-тұғын. Осыған дейін платформаны 5 мыңнан аса адам қол­данып, психологиялық көмекке жү­гінген. Оның бас­ты ерекшелігі – психологке жүгіну үшін ешқандай кедергі жоқ, онлайн өтеді, арада менеджер деген сияқты делдалдар да жоқ. Қол­данушы веб-сайтқа өтіп, «Психологті таңдау» түй­месін басып, белгілерді таңдап, қа­жетті маман тәжірибесін, қызмет құнын көрсетсе, жүйе ыңғайлы 5-6 психологтің аты-жөнін береді. Содан кейін олардың профилімен танысып, пікірлерді оқып, ыңғайлы уақытта сөйлесе алады.

– Елімізде қиындыққа тап болған жандар психологке барудан қорқады. Айналасы да «қиындықты өзің шешесің» дейді. Қоғам арнайы маманға баруды әлсіздікке теңейді. Кейбір мәсе­лелерді бастан өткерудің қажеті жоқ екенін, сізді тыңдап, қиын жағдайдан еш ауыртпалықсыз шығуға көмектесетін маманмен бөлісуге болатынын түсінбейді. Нәти­жесінде, адамдар жан күй­зелісін мойындау­дан қор­қады. Былтыр үл­кен әлеуметтік зерттеу жүр­гіздік. Еліміздің түрлі қала­сын­дағы мыңдаған тұрғыннан жа­уап алдық. Азамат­тарымыздың 3,7 пайызы ғана қайсыбір жағдайда психологке жүгінгені анықталды. Сөйте тұра, психологияның қажет екенін түсінетіндер әлдеқайда көп – 34 пайы­з. Олардың бір бөлігі кәсіби мамандарға жүгінуге дайын. Бірақ қоғамда бұл тақырып кемшілік саналғандықтан бармай жүр, – дейді платформа негізін қалаушы.

Командада кәсіби университеттік білімі мен 3 жылдық тәжірибесі бар психологтар ғана жұмыс істейді. Жұмысқа алынбас бұрын маман этикалық кодекс талаптарын түсінуі мен сәйкестігіне қатысты тестілеуден өтеді. Платформа қызметінің сапасына байланысты «Тексерістен сәтті өтсе, платформаға қосылады. Бақылау мұнымен бітпейді. Біз платформаны пайдаланушылардан психолог туралы пікір қалдыруды, әр сессияның сапасын бағалауды сұраймыз. Сонымен қатар «құпия сатып алушы» әдісін қолданамыз: біздің мамандардың бірі клиент атын жамылып, сеансқа келіп, кері байланыс береді. Қазір біз­дің базадағы мамандардың 95 пайыз­ы – отандастарымыз. Платформада 67 белсенді психолог бар, ал тіркелген психо­логтардың жалпы саны жүзден аспайды», деді Алан.

 

Ойын арқылы оқыту

Қазбек Сағидолда мен Алтынбек Сұлтанқұлов ойын арқылы оқытудың ерекше тәсіліне көшкен. Олар балаларға арналған «iBars-Kids» білім платформасын ойлап тапқан.

ойын

Бұл – 2-5 жас аралығындағы балаларға ар­налған мобильді қосымша. Ойын арқылы балаға эмоционалды әсер етіп, тұлғалық мүм­кін­дік­терін аша түседі. Педагогикалық және психо­ло­гиялық тұрғыдан ойластырылып жасалған қосымша балалардың интеллектуалды бел­сен­ділігіне, ақыл-ой және танымдық тәуелсіздігі мен бастамашылығына әсер етеді. Платформа іске қосылмас бұрын идея авторлары 10 мыңнан астам ата-ана мен 2 мыңға жуық тәрбиеші арасында сауалдама жүргізген. Соның нәтижесінде 2-3 жас аралығындағы қаншама бала түр-түсті ажырата алмайтынын, смартфонға байланғанын түсінген.

– Біз білім саласында 9 жылдан астам қызмет еттік. Мектепте жұмыс істеп жүр­ген кезімізде балалардың бойында агрессияның көптігін, зейіннің тұрақ­сыздығын, телефонға тәуелділігін байқадық. Осы мәселелердің алдын алу үшін не істеуге болады деп көп ойландық. Сол ойдан «Ibars» дүниеге келді. Біз­дің мақсатымыз – ойын арқылы балалар­ды білімге баулу, – дейді Қазбек Сағидолда.

«Ibars» мобильді ойынының өзіндік ерекшелігі бар. Ең басты ерекшелігі – түпкі идеясы мен тапсырманың түп­нұсқасы қазақ тілінде жасалған. Тамы­ры қазақ тілімен суарылған. Демек жемісі де ана тілімізде шықпақ. Келесі ерекшелігі – бала ойынды ұзақ уақыт ойнаған жағдайда таймер мен дыбыстық хабарлама шығып отырады. Бұл хабарлама бірін­шіден, балаға әсер етсе, екіншіден, ата-анаға да дабыл береді.

– Бүгінде ойынды тұ­рақты түрде қолданатын 3 мыңнан астам қолданушы бар. Қосымшада «Ата-аналарға кеңес» деген бөлім жасақталған. Сол жерде 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға қанша минут қолдану керектігі көрсетілген. Әр жас ерекшелігіне сәйкес қолдану ұзақ­тығы жазулы тұр. Бізде осыған қатысты түрлі ой болды. Мәселен, 2 жастағы бала 15 минут қолдану керек болса, 15 минуттан кейін телефонды блоктап немесе өшіріп тастау. Бірақ бала ең қызықты тұсына келгенде блокталса, онда бұл керісінше агрессия тудыруы мүмкін. Сол үшін біз дыбыстық сүйемелдеудің мүмкіндігін пайдаландық. Әр 15 минут өткесін «балақай, үзіліс уақыты келді» деген дыбыстық хабарламалар айтылады, – деді идея авторы.

Оқытудағы ойын тәсілі дәстүрлі әдістер­мен салыстырғанда өзінің тиім­ділігін әлдеқашан дәлелдеген. Осы­ның нәтижесінде іш пыстырарлық тапсырмалар қызықты бола түседі, ал қиын тапсырмалар қарапайым болады. Ойын баланы үдеріске тартып, ақпаратты қабылдауды жеңілдетеді. Оқудың жемісін көру үшін мына үш элементтің үйлесімі керек: 10% – теория­ны зерттеу, 20% – кері байланыс және кәсіби бақылаулар, 70% – тәжірибе. Геймификация тәжірибеге баса назар аударады. Оқытудағы геймификация тек дайын ойындарды пайдалануды ғана емес, сонымен бірге бүкіл оқу үдерісін ойынға айналдыруды білдіреді. Осы тұрғыдан алғанда «Ibars» қосымшасы ТМД елдеріндегі өзге платформалардан оқ бойы озық тұр.