Құқық • 12 Сәуір, 2024

Терроризмге қарсы күресте ортақ коалиция керек

106 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл 22 наурыз күнгі Мәскеу кешінің тыныштығын бұзған «Крокус Сити Холл» ойын-сауық орталығындағы қанды теракт әлемде біраз елдің қауіпсіздік қыз­ме­тін ұйқысынан оятқандай болды. Халқының амандығын қамтамасыз ету мақ­сатында көптеген мемлекет басшылары күн құрғатпай-ақ Қауіп­сіздік Кеңе­сінің шұғыл жиынын өткізіп, етек-жеңін жинауға кірісіп кетті. Әсіресе Ресей­мен көршілес елдер, оның ішінде Қазақстан билігі де қарап қалмады. Лаң­кестердің Тәжікстан азаматы екені белгілі болғаннан кейін Орталық Азия елдері қауіпсіздік шараларын тіпті күшейте түсті.

Терроризмге қарсы күресте ортақ коалиция керек

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Күштік құрылымдарды «оятқан» оқиға

Мәскеудегі 143 адамның жанын қиған оқиғадан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысы өтіп, Мемлекет басшысы бейбіт тұрғындарға қатысты Мәскеу облысында болған зорлық-зом­бы­лық әрекетті айыптай отырып, терро­ризмге қарсы күресте Қазақстанның Ресеймен бірге екенін атап өтті.

Сол жиында құқық қорғау құры­лым­да­ры мен жергілікті атқарушы орган­дардың жұ­м­ыс жоспары, сондай-ақ экстремалды жағдайлардағы олар­дың қызметін үй­лестіру мәселелері қарастырылды. Сөй­тіп, Президент ел азаматтарының қауіп­сіздігін және терроризмге қарсы күрес мақсатында еліміздің басқа мем­лекеттермен және халықаралық ұйым­дар­мен ықпалдастығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Лаңкестіктің ертесі күні-ақ Ресей пре­зи­денті Владимир Путин өз халқына шұғыл үндеу жолдап, онда бұл террорлық әре­кетті ұйымдастырған, жүзеге асырған адам­­дардың бәрі қолға түскенін, олар заңға сәйкес әділ жазасын алатынын атап өтті. Сондай-ақ мұндай зұлым­дық­пен кү­ресте өзге елдерді де күш бірік­ті­ру­ге шақырды.

 

Қауіпсіздік архитектурасы

Мәскеудегі лаңкестік әрекет 3 сәуір күні Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйы­мына мүше мемлекеттердің Қауіп­сіз­дік Кеңесі хатшыларымен өткен үлкен жиын­ның да күн тәртібіне қойылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларымен кездесуінде сөйлеген сөзінде де терроризмді қатаң айыптап, өңірлік және жергілікті деңгейдегі қақтығыстардан ғана емес, халықаралық терроризмнен де төнетін қауіп күшейіп келе жатқанына айрықша мән берді.

– Халықаралық терроризмге­ қар­­сы іс-қимыл мәселелерін бөлек қарас­ты­рамыз. Әрине, мұнда біз саяси ерік-жігер көрсетуге тиіспіз. Солайша бірге екенімізді танытып, ең бастысы, тиімді әрекет етуіміз керек. Қазақстан бұл игі іске өзінің елеулі үлесін қосады. Бұған сенімді болыңыздар. Сондықтан мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанада өтетін алдағы саммитіне зор үміт артамын, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, таяуда көптеген бейбіт тұрғынның өмірін жалмаған Мәскеу облысындағы қайғылы оқиға лаңкестердің зорлық-зомбылықтың ең қатыгез әрі зұлым тәсілдерін қолданатынын көрсетіп отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы кездесуде ұйымның бір кездері өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, «Үш зұлым күшке» бірігіп қарсы тұру мақ­сатында құрылғанын да атап өткен бола­тын. Яғни ШЫҰ-ны әу бастағы құрудағы мақсат – осындай қауіп-қатерге қарсы күресте коалиция құрып, бірлесе әрекет ету болды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын қабылдау керектігін кесіп айтты.

Осы жиындағы Президент Қ.Тоқаев­тың ШЫҰ-ны жаңарып келе жатқан ­ха­лық­аралық қауіпсіздік архитектурасы н­е­гіз­дерінің бірі деп бағалауы орынды. Сон­дық­тан геосаяси ахуалға әсер ететін мұн­дай лаңкестік қатер төнген қиын жағ­дайда аталған ұйымның өңірдегі тұрақ­тылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін өзара келісілген әрі нақты қа­дам­дардың үлгісін көрсету керектігін ха­лық­аралық қауымдастықтың күтіп отырғаны рас.

Ал нақты қадамның үлгісі ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев барлық ел тер­ро­ризмге қарсы күресте өзара қ­а­рым-қатынастарындағы қайшы­лық­тар­ға қарамастан, үлкен халықаралық коа­лиция аясында күш біріктіруге тиіс екенін және Қазақстан осы маңызды іске өз үлесін қосуға дайын екенін атап өтті. Президенттің пайымдауынша, лаңкестікпен күрес көпжақты ынты­мақ­тас­тықтың күн тәртібінде бірінші орында тұруы керек.

Ақордадағы алқалы басқосудан кейін аталған ұйымға мүше мемлекеттер Қауіп­сіздік Кеңесі хатшыларының Астана­да­ғы 19-кездесуі өтті. Сол жиынның да негізгі көтерген мәселесі халықаралық терроризммен күрес төңірегінде болды, коалицияның керектігі көп айтылды. Жиында сөз алған ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин биыл Иран, Ресей және Пәкістанда болған лаңкестік әрекеттерге көңі­лін білдіріп, бұл қатер әлемдік ауқы­мын кеңейтіп келе жатқанын айтты.

– Дәл қазір халықаралық қауіпсіздік төңірегіндегі ахуал күрделі әрі тұрақсыз, қауіпсіздіктің шырқын бұзған дәстүрлі және дәстүрлі емес қатерлер бір-бірімен біте-қайнасып барады, геосаяси тәуе­кел­дер артып, терроризм, экстремизм және сепаратизм өршуін жалғастырып келеді. Мұның бәрі жаһандық және аймақтық тыныштық пен тұрақтылыққа барынша қауіп төндіріп отыр. Сондықтан терроризммен күрес қашанда Ұйым жұмысының басты бағыттарының бірі болмақ және біз осы орайда елдер ара­сын­дағы ынтымақтастықты күшейтуге әрекет қыламыз, – деді Мин мырза.

 

Сарапшылар сөзі

Жуырда Президент беделді аме­ри­ка­лық сенатор Стив Дэйнс­пен болған кездесу кезінде халық­ара­лық терроризмге қарсы күресте жа­һан­дық ынтымақтастық орнатуда Ресейді қолдайтынын тағы бір рет атап өткен-ді. Президент осы кездесуде де коалиция туралы әңгімені кеңінен өрбіткен. Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерт­теулер институты Еуропалық және аме­рикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Бек­жан Садықов Мәскеу маңындағы жантүр­ші­герлік оқиғалар лаңкестіктің транс­ұлт­тан­ған­ды­ғының дәлелі екенін айтты. Бұл құ­бы­лыспен күресуде елдер­дің күш-жіге­рін біріктіру қажеттігін тағы бір мәрте көр­се­тіп отырғанына тоқталды.

– Терроризмнің ұлттық немесе геогра­фия­лық шекаралары жоқ, көптеген ел мен олардың азаматтарының қауіп­сіз­дігіне қауіп төндіріп отыр. Экономика және бейбітшілік институтының (IEP) Жаһандық терроризм индексі есебіне сәйкес кейінгі жылдарда жағдай нашарлап барады. Лаңкестікпен күрес көпжақты ынтымақтастықтың күн тәртібінде бірінші орында тұруы қажет. Қазіргі геосаяси жағдайдағы қайшылықтарға қарамастан, халықаралық қауымдастық лаңкестікке қарсы тұру үшін кең ауқымды коалиция аясында бар күш-жігерін салуы керек, – дейді институт сарапшысы.

Парламент Мәжілісінің депутаты­ Айдос Сарым, ең алдымен, Үкімет Мемлекет басшысының Қауіпсіздік Кеңесі отырысында берген тапсырмаларын уақыт оздырмай, жедел орындау керектігін алға тартты.

– Қазақстан Ресейдегі жағдайдан барынша сабақ алуға тиіс. Өйткені оқиғаға жүргізілген талдау қорытындылары көрсеткендей құрбандардың үштен бірі тікелей лаңкестердің оғынан қаза тапса, қалған адам шығыны сол сәтте тұтанған өрттен, түтінге тұншығып дүрлігуден, күштік құрылымдар мен сауда үйіндегі іс-шараны ұйымдастырушылардың салғырттығынан болып отыр. Сондықтан орталық және жергілікті атқарушы органдар Мемлекет басшысының осы бағыттағы тапсырмаларының жоғары деңгейде орындалуын барынша қамтамасыз етуге тиіс, – деп бұл мәселе төңірегіндегі біраз түйткілдің шетін шығарды.

Оның айтуынша, алдымен мемлекет елдегі ірі ойын­-сауық және мәдени-спорт­тық ғи­ма­­­­­рат­­­­тардың жобалануынан бас­тап оның құ­ры­лы­сына пайдаланылатын ма­те­­риал­дардың сапасын, ғимаратты қа­был­­­дап алар кезде қауіпсіздік мәселесін мұ­қият қадағалап, қатаң бақылауға алу керек.

– Екіншіден, үлкен іс-шараларды ұйым­­­дастырудың алго­ритмін қайта қарау қажет. Яғни Мәс­кеу­дегідей оқыс жағ­дай бол­ғанда, ең алды­мен, ұйым­дас­­тырушылар ғи­марат өкіл­дерімен, құ­қық қорғау қыз­метімен нендей бір­лес­­кен әрекетке бару керек деген нақты қа­дамдарды бекі­туі­міз керек. Сондай-ақ ірі сауда орында­рын­да халықтың қа­ты­суы­­мен жаппай оқу-жаттығу жиындарын өткі­­зуді жолға қою керек, – деді А.Сарым.

Қалай болған күнде де Ресейдегі лаң­кес­тік әрекет құқық қорғау органдарының ғана емес, жалпы қоғамның, әсіресе ойын-сауық, мәдени-спорттық нысандар басшылығының қамсыз, қарекетсіз отыруға болмайтынын тағы бір көрсе­тіп берді. Осы қатермен күрес жөнін­де қолға алынғалы жатқан коалиция құру мәселесі өз жемісін берер деген сенімдеміз.