Қоғам, жаңа заман кадрларды, оның ішінде ғылыми мамандарды даярлаудың жаңа тәсілдерін, жаңаша көзқарастарды, бағыттарды талап етіп отыр. Z ұрпағы – ғылымның болашағы. Білім беруде жаңа тәсілдер жасап, тым ескі, қазірде өзектілігін жойған тәсілдерден алыстау қажет. Әлбетте, ұсыныстар берген орынды, дегенмен әр адам өзгерісті сырттан күтпей, «Мен не істей аламын?» деген сұрақтан, яғни өзінен бастағаны дұрыс-ақ.
«Студент – толтыруды қажет ететін ыдыс емес, жануы керек алау. Ал алауды өзін-өзі өртеген адам ғана жаға алады» деп Плутарх айтқандай, қазіргі уақытта Z ұрпағы арасында ғылымды насихаттауға барлық мүмкіндік бар. Мысалы, жас ғалым және педагог ретінде мен подкасттар мен сұхбаттар сериясын, «Тағам қауіпсіздігі» ғылыми үйірмесін және https://t.me/Dr_Laura_bot телеграм ботын іске қостым. Подкаст ғылым мен өндірісте тағам қауіпсіздігін насихаттауды көздейді. Біздің қонақтар ғылымдағы, бизнестегі жетістіктерін баяндайды. Ал «Food safety» ғылыми үйірмесіне университетіміздегі «Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы» факультетінің студенттері қатысады. Біз «Астана қаласының танымал кофеханаларында кофенің афлатоксиннен ластануы» секілді әртүрлі өзекті тақырып төңірегінде ғылыми зерттеулер жүргіземіз. Осындай кішкентай қадамдар ғылымды жастардың тілінде, заманауи әдістермен, технологияларымен, тәсілдермен түсіндіруге, жас буынды ғылымға тартуға мүмкіндік береді.
Лаура АУТЕЛЕЕВА,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ ұлттық агротехникалық зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD