Аймақтар • 13 Сәуір, 2024

Су тасқыны: Петропавлда халықты эвакуациялау жалғасып жатыр

237 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавл қаласында су басу қаупі бар аудандардан халықты эвакуациялау жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облыстық ТЖД баспасөз хатшысы Евгений Журавлев Орталық коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Су тасқыны: Петропавлда халықты эвакуациялау жалғасып жатыр

Фото: Ашық дереккөз

«Сергеев су қоймасының толуы 168 пайызды құрайды. Су плотина ернеуінен 3,5 метр асып-төгіліп жатыр. Төмендеу байқалғанымен, бұл жалпы жағдайға әсер етпейді. Яғни, су Қызылжар ауданы мен Петропавл қаласына барып жатыр. Есіл ауданында 112 үй су астында қалған. 1 839 адам эвакуацияланды. Өткен тәулікте Петропавл қаласының екі ауданында 135 үйді су басты. Халық эвакуацияланып жатыр», деді ол.

«Есіл өзенінің тасуы салдарынан зардап шеккен адамдар Петропавл қаласы мен аудан орталықтарындағы 19 эвакуациялық пунктке орналастырылды», деп қосты спикер.

Жалпы, облыс бойынша 3670 адам эвакуацияланған, оның ішінде 1123 бала. 44 адам үйлеріне оралған.