Қоғам • 13 Сәуір, 2024

Десантшылар Орал маңы аудандарында тасқынға тосқауыл қойды

109 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің Жетісу, Алматы гарнизондарынан келген 300-ден астам әскери қызметшісі, оның ішінде мерзімді қызметтің 50 сарбазы Батыс Қазақстан облысындағы Жайық, Шаған, Дерқұл, Көшім өзендері мен олардың салаларының жағалауын нығайту жұмыстарына тартылды, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Десантшылар Орал маңы аудандарында тасқынға тосқауыл қойды

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Десантшылар 11 сәуірде аймақ тұрғындарына көмек көрсету үшін С-295 әскери-көліктік ұшағымен жеткізілген болатын. Облыс орталығына таяу Серебряков кентіне 100 адам тартылды. Ол жерде Көшім өзені көтеріліп, тасқын су жергілікті тұрғындардың үйлеріне қауіп төндірген еді. Бір тәулік ішінде Алматы десанттық-шабуылдау құрамасының әскери қызметшілері 45 тоннадан астам құм салынған қапшықтарды тасып, бөген жасады.

«Қазіргі уақытта Көшім өзенінің жағасын нығайту үшін бір жарым мың қапшық құм төселді. Өзен бойында су басу қаупі жоғары екі учаске анықталып отыр. Оның біріншісінің ұзындығы 120 метр, ал екіншісі 40 метрлік. Қапшықтан тұрғызылған бөгеттердің биіктігі жарты метрден екі метрге дейін жетеді. Біздің есептеуіміз бойынша екінші учаскені нығайтуға 3,5 мыңнан астам қап қажет болады», деді жергілікті басқару органының өкілі Амангелді Жұмағалиев.

Десантшылардың жанқиярлық еңбегі назардан тыс қалған жоқ. Түскі астың алдында кентке Орал қаласындағы жоғары инженерлік-технологиялық колледждің жас оқытушыларынан құралған еріктілер келіп, әскери қызметшілердің баға жетпес көмегі үшін ризашылықтарын білдіріп, дастархандарына тәттілер тарту етті.

Жетісу гарнизонының әскери қызметшілері Зашаған қаласындағы кірпіш зауытында, Шаған-Набережный ауданында және Жас натуралистер станциясында су тасқынына қарсы жүргізілген іс-шараларға қатысты. Десантшылар 40 мыңнан астам қап дайындап, ұзындығы 150 метрлік бөгет салды.