*2015 – Ш.Уәлихановтың 180 жылдығы
Таяуда Омбы шаhарына бардым. Қаланың ортасындағы бір кітап дүкенін аралап жүріп, «Миниатюрные книги» атты сөреде тұрған жинақтарға көзім түсті. Бір кезде олардың арасынан Шоқан Уәлихановтың суреті бейнеленген еңбекті көріп, ақырындап қолға алдым. Иә, өзіміздің әйгілі Шоқанға арналған кітап. Тек ерекшелігі «ергежейлі» кітаптар сериясымен шыққан. Көлемі кәдімгі сіріңкенің қорабындай. Авторы А.Чебан деген адам. Жақсылап танысайын деп кітапшаны сол жақ алақаныма салып, беттерін аша бастадым...
Шағын кітаптар тарихы 3 мың жылды құрайды. Соған қарамастан, бұл іс әлі де болса полиграфиялық өнердің ерекше туындысы санатында. Бұрынғы КСРО, қазіргі Ресейде шағын кітап көлемінің шекті мөлшері (тігі мен көлденеңі) 100х100 мм болса, ал халықаралық стандарт 3 дюйм, яғни 76 мм деп алынған. Бүгінгі күнге жеткен осындай шағын кітаптар арасынан ең ескісі Жапонияда сол ел патшайымының бұйрығы бойынша 770 жылы қытай иероглифтерімен шығарылған көлемі 57 мм. болатын туынды.
Шағын қолжазба кітаптар орта ғасырларда да құрастырылған. Кітап мұражайы Матенадаранда 1434 жылы шығарылған, көлемі 30х40 мм. болатын еңбек соның бір дәлелі.
Бұрынғы КСРО заманында шағын кітаптарды негізінен «Молодая гвардия», «Художественная литература», «Книга» және Пермьдегі баспалар шығарып отырған. Жалпы, кеңестік дәуірде мұндай кітаптар оны сатып алушылар үшін көркемдік не мәдени құндылығы шамалы, тек сән үшін жинайтын кезекті бір дүние ретінде қалыптасты деген пікір бар. 1985 жылдан бастап шағын кітаптар шығару ісінде дағдарысты жағдай басталды. Соған қарамастан, құрқылтайдай құс секілді кішкентай кітаптарды жақсы көретін адамдар мұндай басылымдарға деген қызығушылығын сақтап қалған. Оны қазіргі Ресейде кішкентай кітаптар шығаратын – «Левша» (Омбы), «Клео» (Санкт-Петербург), «Феникс» (Дубно), «Янико» (Мәскеу) секілді баспалар өнімдерінен көруге болады.
Шоқан жайындағы Омбыдан алған кітап соның бір үлгісі деуге болады. Ол автордың алғысөзімен басталып, онда жазушы өзінің «Люди, судьбы, Омск» атты сериямен бірнеше кішкентай кітаптар шығарғанын, алайда Шоқан Уәлиханов туралы туындыға ұзақ уақыт кірісе алмай, сюжетті қалай құрамын, ол қалай көрінеді және қалай оқылады деп толғанғанын айтады. Біраз қиналыстардан соң кітапты өмірбаяндық формат тұрғысынан берсем деген шешімге келгенін, өйткені, Ш.Уәлиханов қысқа болса да жарқын өмір сүріп, орыс және қазақ халықтарының тарихы мен жадында қалған тұлға деп жазыпты.
Бірінші бөлімді автор «Путь в бессмертие» деп атаған. Онда Шоқанның қай жерде туғаны, ата-тегі жайында, әсіресе, оның әкесі Шыңғысқа көңіл бөліп, ол орыс білімінің жақтаушысы ретінде, балаларына Ресейдің оқу орындарында білім алуына мүмкіндік тудырған адам екендігін айтып кетеді. Кадет корпусында Г.Потанинмен бірге оқып, оның көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен оқытушыларды жазыпты. Осы бөлімде 1856 жылы Омбыға келген атақты географ, жиhанкез П.П.Семенов-Тянь-Шаньскийге Шоқанның табиғи таланты, білімі ерекше әсер еткенін атап кетіпті. Сол жылы оның Ыстықкөл мен Құлжаға барған сапарларына да тоқталады. Автор Шоқанның атын әйгілі еткен Қашғар сапарына айрықша көңіл бөліп, оған еңбектің 13 бетін арнапты. Жалпы, кітаптағы осы ең үлкен бөлім 50 бетті құрапты. Әсіресе, 20-бетте берілген Николай I патшаның жарлығы менің назарымды аударды. Өйткені, бұрын-соңды бұл деректі менің көзім шалмаған еді. Үйдегі кітапханамда Шоқан шығармаларының 5 томдығы мен тағы біраз кітаптары болатын. Сондықтан бұл құжаттан үзіндіні түпнұсқасынан бергенді жөн көрдім.
« ... Известно и ведомо да будет каждому, что мы Сибирского кадетского корпуса воспитанника Чокана Валиханова в наши корнеты тысяча восемьсот пятьдесят третьего года ноября восьмого дня всемиолостивейше пожаловали и учредили: яко же мы сим жалуем и учреждаем, повевелевая всем нашим подданным, оного Чокана Валиханова за нашего корнета надлежащим образом признавать и почитать; и мы надеемся, что он в сем ему всемиолостивейше пожалованном чине так верно и прилежно поступать будет, как то верному и доброму офицеру надлежить».
«Достоин памяти людей» атты бөлімде Шоқанды омбылықтардың қалай құрметтейтіндігі айтылады. Кадет корпусында орнатылған мемориалдық тақтамен бірге ол туралы экспозиция да ашылғанын жазыпты. Шоқанның атын тарихта мәңгі қалдыру мақсатында 1986 жылы Омбы қаласының орталығындағы РККА-ның 20 жылдығы атындағы көшеге Ш.Уәлиханов есімі берілгендігі де назардан тыс қалмапты.
Кітап жақсы безендірілген. Оған 18 фото берілген. Осылардың ішінде біз үшін құнды жәдігердің бірі 2010 жылы Ресейде шыққан «Чокан Валиханов» (1835-1865) атты марка ма деп ойладым. Бұл тек филателистер ғана емес, жалпы, біздің тарихшылар үшін де қызғылықты дүние екендігі күмән тудырмайды. Өйткені, КСРО кезінде 1965 жылы Шоқанның дүниеден өтуінің 100 жылдығына орай мемлекеттік пошта арысымыздың суреті салынған «Ч.Ч.Валиханов (1835-1865) – казахский ученый – просветитель» деген 4 тиындық марка шығарған еді. Ал аталған марканы (15 рубль) қазір басқа ел Шоқанды тағы да патша офицерінің киімінде шығарғанымен, ар жағында қазақтың киіз үйлері мен түйе үстіндегі адамдар бейнеленіпті. Қазақтың сол кездегі тұрмыс-тіршілігінен хабар беретіндей ұлттық сипат бар. Төменгі тұсына РОССИЯ. RUSSIA – 2010 деп белгі соғыпты. Сонымен бірге, «Народный проект «Дорогой Чокана» атты вымпелден (60-бет) Шоқанның туғанына 175 жылдығына және Омбының іргесі қаланғанының 300 жылдығына орай Омбы, Көкшетау, Сырымбет деп аталған экспедиция ұйымдастырылғанынан хабардар боласыз. Автор Шоқан атындағы көшенің бір көрінісі мен оның бойында Қазақстан үкіметі орнатқан ескерткішінің де фотосын беруді ұмытпаған.
Сондай-ақ, жазушы Сапарғали Бегалиннің кезінде Мәскеудің «Детская литература» атты баспасынан «Чокан Валиханов» атты кітабы шыққанын осы еңбектің 50-бетінде берілген мұқабадан көріп, енді біліп жатқан жайымыз бар.
Бір сөзбен айтқанда, автордың «Радуга» атты баспадан шығарған шағын да болса құнды бұл еңбегі ресейліктердің, оның ішінде омбылықтардың Шоқан есімін қалай ардақтайтынын, оған деген көзқарасының қаншалықты екендігінен біршама хабар беретін орны ерекше туынды демекпіз. Сығымдалған ақпараттан-ақ бірталай нәрсеге қанығасыз. Жанқалтаны айтпағанда, төсқалтаңызға да сыйып кетеді.
Ал енді осындай тағылым аларлық тамаша шағын кітапты дайындап, шығарушы адам кім, немен айналысады деген ойға келесіз. Біздің ғаламтордан тапқанымыз мынау: Алексей Михайлович Чебан, 1954 жылы туған. 1997-2000 жылдарда Ф.М. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің іскерлік білім беру орталығында қызмет істепті. 2003 жылы «Признание в любви» атты алғашқы өлеңдер жинағын шығарыпты. Содан бері 8 өлеңдер жинағы мен 100 кішкентай кітаптың авторы атаныпты. 2004 жылдан кәсіпкерлікпен айналысатын көрінеді. Полиграфия өнерінің күрделі бір түрін меңгерген, басқадай тұлғалармен қатар, Шоқандай асылымызды алақанға сыйдыратын кітапқа енгізіп, әспеттеген азаматқа риза болып, шығармашылығы жемісті болсын деген тілектен басқа айтарымыз жоқ.
Жалпы, шағын кітаптар өзінің кішкентай көлеміне қарамай, кітап өнері, баспа мен мұқаба жасау өнерін толықтай көрсетеді. Алайда, қазірше оны көбінесе, кәдесый, таңсық зат секілді қабылдағанымызбен, бірақ үлкен эстетикалық ләззат беретін дүние екендігі ақиқат. Ең бастысы, адам талантының керемет шығармаларын ерекше қырынан көрсете алатын, қуаныш сыйлайтын кітап. Кішкентай екендігіне қарамай ол адамзат данышпандығының ұлан-ғайыр мүмкіндігін, ой-ақылы кенішін бойына сыйдыра білген кітап атты кереметтің барлық қасиеттерін бойына сақтаған қоймасы.
Өмірзақ СҰЛТАНОВ,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті.
АСТАНА.