Пікір • 15 Сәуір, 2024

Қоғамды қауіпті қылмыскерлерден қорғаудың тиімді әдісі - Нұртөре Жүсіп

151 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заң туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қоғамды қауіпті қылмыскерлерден қорғаудың тиімді әдісі - Нұртөре Жүсіп

Фото: senate.parlam.kz

«Қ.Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында: «Мен «заң және тәртіп» қағидатын нығайтуды жақтаймын, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды қолдаймын», деді. Мемлекет басшысының ұстанымы айқын: заңның үстемдігін белгілеу және заң нормалары сақталатын әділетті қоғам құру. Заң мен тәртіпті орнату оның сайлауалды бағдарламасының негізі деуге болады. Президент ұсынған «заң және тәртіп» қағидаты барлық мәселелер құқықтық салада шешілуі керек дегенді аңғартады. Бұл қағидаттың екі қыры бар. Біріншісі - «заң бар жерде тәртіп бар». Екіншісі - «заң бұзылмаған жерде тәртіп бар». Демек, қылмыстың алдын алу аса маңызды», деп жазды Нұртөре Жүсіп Facebook желісінде.

Президент «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойғаны мәлім.

«Құжат Мемлекет басшысының әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі үшін жауапкершілікті қатаңдату, отбасы институтын нығайту және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталып отыр. Заң шығарушы орган қоғамның сұранысына сәйкес жаза түрлерін анықтады. Қатаң жаза – қылмыстың алдын алудың және қоғамды қауіпті қылмыскерлерден қорғаудың тиімді әдісі», деп жазды Н.Жүсіп.

Сенатор аталған заңның негізгі мақсаты жазалау емес, алдын алу сипатына ие екенін айтып, енгізілген түзетулер балалардың құқықтық санасын қалыптастыруға арналғанын, балаларды қорқыту және киббербулинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілгенін, күнделікті өмірде кәмелетке толмағандар арасында буллинг жиі кездесетінін тілге тиек етті.

«Осыған байланысты білім беру ұйымында ұзақ уақыт бойы буллингке қарсы тұрудың заңды тетіктері болған жоқ. Олар тек профилактикалық сөйлесумен және мектепішілік есепке алумен шектелуге мәжбүр болды», деп жазған сенатор.

«Заң кәмелетке толмағандардың буллинг үшін жауапкершілігін қарастырмайды, бірақ ата-аналарға балаларының әрекеттері үшін нақты жаза тағайындайды, бұл тежеу механизмі болуы керек. Мәселен, егер бұл әрекетті 12 жастан 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар жасаса – ескерту немесе 10 АЕК айыппұл ата-аналарына немесе оларды алмастыратын адамдарға салынады. Мұндай жауапкершіліктің пайда болуы балаларға да, ата-аналарға да, бүкіл қоғамға да бұл мәселеге байыпты қарауға мүмкіндік береді. Заң жұмыс істеуі керек. Ол үшін елде жаппай тәртіп орнығуы тиіс!», деп түйіндеді Сенат депутаты.