Аймақтар • 16 Сәуір, 2024

Ертіс бойына мол ырыздық келе жатыр

101 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ертіске Шығыс Қазақстандағы су қоймаларынан су жіберу бас­талды. Оның ұзақтығы шамамен 26 күнге созылады. Нәти­же­сінде, өзен жайылмаларының 300 мың гектардан аса аумағы, яғни 90 пайызы суға қанығады деп күтіліп отыр.

Ертіс бойына мол ырыздық келе жатыр

Фото: kk.wikipedia.org

Павлодар облысы жер қой­науын пайдалану, қор­ша­ған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева биыл Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма мен Шүлбі су қоймаларынан жалпы көлемі 6,2 текше километр су жіберілетінін хабарлады. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Мұндай көлемдегі мол су соңғы 11 жылда бірінші рет жіберіліп жатыр.

«10 сәуірден Шығыстағы су қой­малары өз шлюздерін ашып, ал­ғашқы су жіберу шараларын бас­тап кетті. Су жіберу шаралары негізгі үш кезеңнен тұрады – дайындық, не­гізгі ядро және аяқталу кезеңі. Ал­ғаш­қы екі күнде секундына шамамен 2 мың текше метр су жіберіледі. Одан соң 18 күн бойы секундына 3 500 текше метр су Ертіске құйыла бас­тайды. Ертіс жайылмаларының суға қанығуы үшін дәл осы 18 күні ма­ңызды. Осы уақытта өзен бетінде бү­­йірлік ағындардың есебінен үл­кен толқындар пайда болып, зор ек­пін­мен келген су жайылмаларға шы­ғып­ кетеді. Ал бүйірлік ағындарды кү­­шейтетін Шүлбі су қоймасының, Оба мен Үлбі өзендерінің суы да мол еке­ні аңғарылады. Биыл Бұқтырма 60 па­­йызға, Шүлбі 96 пайызға тол­ғаны анық­талды», дейді басқарма басшысы.

Қазіргі уақытта Ертіс өзенінде сең қозғалып жатыр. Мамандардың сөзіне сүйенсек, алғашқы екі күнде жіберілген орташа екпіндегі су көлемі өзен бетіндегі мұзды қалыпты жағдайда айдап әкетуге қабілетті. Негізгі су шамамен 5-7 күнде Павлодар облысының шекарасына жетеді. Ал үл­кен судың келуі шамамен 20-21 сә­уір­­де күтіліп отыр. Осы уақытта Ер­тіс өзені маңында орын тепкен елді ме­кен­дерге сақ болуы қажет. Қазір өңір­де жағалаулар мен бөгеттерді нығайту жұмыстары атқарылып жатыр.

Жауапты басқарманың дерегінше, Павлодар облысындағы Ертіс өзені жайылмаларының жалпы аумағы 377 мыңнан гектардан асады. Су соның шамамен 300 мың гектарына жайылуы керек. Негізінен жер жағдайы бойынша ойпаңдау жерде орналасқан Ақтоғай, Ертіс, Тереңкөл, Павлодар аудандарының жайылмаларын көбірек басады. Ал Ертіс өзенінің өзінде судың деңгейі шамамен 2 метр­ге көтеріледі деп болжанып отыр.

«Ертіс өзеніне осыншама көлемде мол судың жіберілуі экологиялық және экономикалық тұрғыдан аса ма­ңызды. Жайылмалардан мал азы­ғын дайындайтын азаматтар үшін пайдалы. Ал осы уақытта таяз сулар­ға­ шығып, уылдырық шашатын балық­тар үшін де судың көптігі тиімді әсер етеді», деді Ә.Қабылтаева.

Су жіберу шаралары 5 мамырға қарай толық аяқталса, Ертіс өзені шамамен 15-16 мамырда өз арнасына қайтуы керек. Осы уақытта облыста шыбын-шіркейге қарсы өңдеу шаралары қыза түседі деп жоспарланған. Ал жалпы өңдеу шараларын осы айдың соңына таман бастап кету ұйғарылып отыр.

 

Павлодар облысы