Талқы – тері илеуде қолданылатын ағаш құрал. Ол аша бұтақты талдан жасалады. Ашасының бетінде кертілген тістері болады. Аша ағаштың түйіскен астыңғы жағы талқының тілі сұғылатындай етіп кертіледі. Талқының тілі қисықтау келген жұмыр ағаштан дайындалады. Оның бір шеті қолмен ұстауға қолайлы болу үшін жұмыр күйінде қалдырылып, теріге келетін басы тіс-тіс етіп кертілген (ҚР МОМ қорынан).
Талқымен тері илеуді талқыға басу, талқыға салу деп жатады. Қазақтың «талқыға түсті», «талқыға салынды» деген сөзі осыдан айтылса керек. Талқы басатын кезде бір адам шиыршықтала оралған теріні талқының тіс-тіс ашасына көлденеңінен қойып, терінің екі жағынан ұстап отырады. Ал екінші адам оның тілін талқы ағашының ашалары түйіскен арасына салып, теріні жанши төмен басып, жоғары көтеріп тұрады. Осы сәтте теріні ұстаған адам оны айналдырып отырады.
Негізінен талқы басу – шыдамдылықты, төзімділікті қажет етеді. Тері біраз уақыт басылғаннан кейін оны жазып, басылмаған жерін талқы тіліне келетіндей етіп бүктеп, қайта салады. Осылайша, талқыға түскен тері құрыс-тырысы жазылып, жұмсара түседі.
Тері әбден басылып болғаннан кейін оның қалып қойған шеттері тазаланып, жылқының немесе балықтың майымен майланады. Осылайша, тұрмысқа қажетті қайыс әзірленеді.
«Қайыстан қамшының түр-түрін, құйысқан, жүген, тартпа сынды ат әбзелдерін жасайтынбыз. Арқан есіп, түйін түйдік. Мал терісінен қымыз ашытатын мес дайындау да көнеден қалған кәсіп. Тұрмыста оның қолданыс аясы өте кең», дейді көпті көрген әкем.
Алматы облысы