Су тасқыны • 16 Сәуір, 2024

Жолдарды су шайып кетті

142 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Петропавл қаласынан шығатын 4 тасжолдың үшеуін тасқын су басып, қатынас үзілді. Алдымен Большая малышка, Соколовка ауылдары арқылы Ресейдің Түмен, Қорған облысына кететін қосалқы жол қарғын судың кесірінен жабылды. Ал 13 сәуірде Мамлют, Жамбыл аудандары арқылы Қостанай және Ресейдің Түмен мен Қорған облыстарына шығаратын негізгі тасжол, ал кеше Қызылжар, Есіл, Шал ақын, Тимирязев және Көкшетау өңіріне шығаратын күре жол да жеңіл көліктер үшін жабылды. Бәрінің де үстінен су жүріп кетті.

Жолдарды су шайып кетті

Әзірге тек М.Жұмабаев ауданынан келетін тасжол ғана ашық. Бұл жолмен Ресейдің Омбы аймағына да шығуға болады. Петропавлдың әуежайына жолаушылар апаратын Бескөл бағытындағы автобустар тек жол сақшыларының бастауы­мен ғана жете алады. Қаланың ПД бастығы Марат Жұмалиевтің айтуына қарағанда, қала ішіндегі Ойқала, Заречный, Тері зауыты шағын аудандарына да көлікпен ешкім жете алмайды. «Қатер әлі сақталып тұр, судың деңгейі жылдам болмаса да өсіп жатыр. Қазір қала тек қайырымдылық жүктерін, азық-түлік және жанар-жағармай әкелген жүк машиналарын ғана қабылдап жатыр», деді ол.

Жексенбіде Петропавл қаласы­ның тұрғындары 2 күн бойғы су дүр­мегінен арылып, біршама тыныш­тықта болды. Бірақ көңіл күпті. Ойқала шағын ауданы жа­ғынан және қаланың айналма жолы­нан асқан су қалаға ентелеп, көте­ріліп келеді. Ауызсу мәселесін басшылық шамасы келгенше шешкен болды. Бұған дейін қалаға су айдайтын «Қызылжар су» ЖШС сорғы стансасы істен шыққанын жазған едік. Сол себепті тұрғындар ауызсусыз қалып, көпқабатты үйлерге су автоцистерналармен жеткізіліп, оны халық қаптаған кезекке тұрып алып келген. Сенбіден бастап қалаға су келе бастады. Қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолланың айтуын­ша, қалаға беріліп жатқан су екі бірдей баламалы көзден алынып, алдымен тазарту жабдықтарына, одан әрі қала құбырларына айдалып жатыр екен. «Бүгін екінші көз іске қосылды. Енді су қаланың барлық ауданына жетеді. Бұл – таза ауызсу, оның сапасына барлық сарап жасалды», деді Ә.Айтолла.

Алайда бұл сөзге көп адам сене алмай отыр. Өйткені қала әкімі Серік Мұхамедиевтің өзі алдында ғана: «Су Пестрое көлінен алынады. Бұл техникалық су, ішуге бол­майды», деп жариялаған еді. Оның үстіне көптеген тұрғын Пестрое көліне су соратын қон­дырғы орнатылып жатқанын көрген. Әрине, көлдің суы ішуге жарамайды. Сондықтан тұрғындар дүкендердегі қара судың бәрін сыпырып-сиырып сатып алды. Қазір Петропавлдың барлық азық-түлік дүкендерінде, супер-маркеттерінде кәдімгі қара суды тап­пайсыз. Көкшетау мен Булаев қалаларынан таза ауызсу жүк машиналарына артылған тетрапакеттермен дүкендерге жеткізіліп жатыр. Осы жерде бір күдік бар. Егер ауызсу Есілден алынбаса, оның деңгейінің түсуіне ықпал ете алмайды. Бұл да қосымша проб­­лема болып тұр.

Қалаға таза ауызсу жеткізіп жатқан автоцистерналар суды әзір­ге «Қызылжар су» ЖШС қосал­қы резервуарларынан алып жатыр. Қалалық санитарлық-эпиде­­миологиялық бақылау басқар­ма­­­­сы­ның басшысы Галина Шари­по­ваның айтуына қарағанда, мұн­дағы су тексерілген, ішуге зияны жоқ.

«Қызылжар су» кәсіпорнындағы апатты жоюды ұйымдастыруға сенбі күні қатысқан Премьер-министр­дің бірінші орынбасары Роман Скляр сәуірдің 14-інен қала тұрғындарына тегіс ауызсу жететінін айтқан еді. «Судың резервтегі көзі іске қосылды. Енді қала тұрғындарына су тегіс жетеді» деген еді ол. Әйтеуір бірінші вице-премьердің сөзі шындық болып, су проблемасы азды-көп шешілгендей болды.

Бұдан бұрын Петропавл қала­­сы­ның су басатын барлық шағын ауданындағы тұрғындардың эва­куа­цияланғанын жазғанбыз. 12 мектеп пен колледждердің спорт залдарында эвакуациялық орта­лық­тар ашылған. Қазір онда 388 адам орналасқан. Оның ішіндегі 39 адам тасқын су кірген ауылдардан жеткізілген. Заречный кентіндегі бас бостандығынан айырылған адамдардың ішінен бір мыңдай адам қалалық мәдениет үйіне қо­ныс­тандырылды.

14 сәуірдегі мәліметке қарағанда, облыс бойынша барлығы 7 477 адам эвакуацияланған. Соның ішінде 1 308 тұрғын барлық эвакуа­ция­лық орталықтарға орналас­тырылған. Осы уақытта 1 751 тұр­ғын үйге су кірген. Қазір ТЖД мен ПД қызметкерлері Есілдің Петропавлдан төменгі жағалауына орна­ласқан ауыл-селолардың тұр­ғын­дарын эвакуациялап жатыр. Атап айтқанда, Қызылжар ауданына қарайтын Якорь, Большая малышка, Соколовка ауылдарының тұрғындары қауіпсіз жерлерге көшіріліп жатыр.

Бұдан бұрын, 13 сәуірде Ойқала шағын ауданына су кіргенде бір ер адамның жоғалып кеткенін жазған едік. Облыстық ТЖД жедел штабының бастығы Кирилл Иванниковтың айтуынша, ол әлі табылмаған. Ағайынды екі жігіт судың тез келеріне сенбей, эва­куа­цияға барудан бас тартып, өз үйінде ішімдікке бас қойып, мас күйінде ұйықтап қалған. Бөл­ме­ні мұздай су алып кеткенде ғана шошып оянған інісі ағасын оят­қа­нымен ол тұрмайды, ал өзі үйдің төбесіне шығып кетеді. ТЖД қыз­мет­керлері оны Чернышевский көшесіндегі өз үйінің төбесінде көмек сұрап тұрған жерінен құтқарады. Ағасының жоғалып кеткенін де сол айтқан. Әлі күнге одан хабар жоқ.

ТЖД-ның соңғы мәліметке қара­ғанда, Петропавл су қойма­сының деңгейі бір күнде 25 см көте­рі­ліп, 1 180 см-ге жеткен. Сергеев су қоймасындағы Есілдің деңгейі 7 см-ге түсіп, су деңгейі 1 213 см-ге азайған. Покровка ауылы­ның түбіндегі Есілдің деңгейі – 1 455 см, Новоникольск ауылында – 1 759 см.

Тасқын басталғаннан бері об­лыс­тың аумағындағы тасжолдарды су 67 рет шайды. Соның ішінде Петропавлды айналып өтетін «Челябинск – Новосибирск» жолының бір километрін 25-30 см тереңдікпен су басып жатыр. Республикалық маңызы бар «Жезқазған – Петропавл» жо­лының 952-954 шақырым ара­лығын ұзын­дығы 400 метр, тереңдігі 35-40 см тасқын суы алып кеткен. Сол сияқты «Волошинка – Сергеевка – Тимирязев» автожолы, «Петропавлдың айналма жолы» және т.б. су астында.

Бүгінде Қызылжарға еліміз­дің түкпір-түкпірінен қайырым­ды­лық көмектер ағылып жатыр. Астанадан, Абай, Шығыс Қазақ­стан, Түркістан, Алматыдан және басқа да облыстардан көмек жет­кізілді. Жұма күні Шығыс Қазақ­стан облысынан келген қайы­рым­ды­лық көмекті облыстағы «Зекет және қайырымдылық қоры» қар­сы алып, жапа шеккендерге тарату міндетін мойнына алды. Қайы­рым­дылық көшін Шығыс Қазақ­стандағы зекет қорының өкілі Берік Қадірұлы бастап келген екен. Келген жүктің арасында жылы киім, азық-түлік, дәрі-дәрмек, т.б. заттар бар. Сонымен бірге шы­ғыстық қарапайым азаматтар мен іскер жігіттердің жинап берген 1,5 млн теңгесі де тапсырылды.

Тағы бір үлкен фура Астанадан жетті. Оны жерлесіміз, блогер Әлібек Ермағанбетов ұйым­дас­ты­рып, елордадан жеткізді. 20 тоннадай жүктің арасында құрал-жаб­дық­тар, су сорғыштар, генератор, мотопомпа, тіпті айыр-күректерге дейін бар. Сонымен бірге азық-түлік, жылы киім, төсек-орын, жеке гигиенаның жабдық­тары және 3,8 млн теңге ақшалай көмек бар.

«Ассамблея жастары» респуб­ли­калық бірлестігінің белсенділері де өткен жұмада Астанадан Пет­ропавлға жеті бірдей «Газель» ма­ши­­насымен тасқын судан зардап шеккендерге жылы киім­дер, тұр­мыс­тық химия заттарын, гигие­на­лық бұйымдарын, азық-түліктер жеткізді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы