Аймақтар • 16 Сәуір, 2024

Алматыны су басуы мүмкін бе?

557 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті мен «Қазселденқорғау» мекемесі қаланы су басу қаупі бар-жоғын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматыны су басуы мүмкін бе?

фото: видеодан кадр

Бұған дейін әлеуметтік желіде Есентай өзеніндегі судың ағыны жылдам екенін аңғартқан видео пайда болған еді.

Айта кетейік, қала арқылы төрт өзен – Ақсай, Қарғалы, Үлкен және Кіші Алматы ағып өтеді.

«Жауын-шашынға байланысты өзендерде су деңгейінің шамалы көтерілуі, сондай-ақ көлбеу ағынға байланысты су лайлануының 2 баллға дейін артуы байқалады. Қазіргі уақытта «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық пайдалану техникалық басқармасының 10 гидропосты жұмыс істеп тұр, олар тәулік бойы өзендердегі гидрометеорологиялық жағдайды бақылайды», деп хабарлады Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметі.

Сондай-ақ «Қазселденқорғау» мамандары селден қорғайтын құрылыстардың техникалық жағдайына тексеру жүргізіп жатыр. Төтенше жағдайлар департаменті мен «Қазселденқорғау» Алматы өзендеріндегі жағдай тұрақты екенін мәлімдеді.

«26 наурыздан бастап қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы қызметтің күшейтілген режиміне көшті, жедел штаб жұмыс істеп жатыр, сонымен қатар «Қазселденқорғау» қалалық филиалынан күн сайын 20 адамнан тұратын механикаландырылған бригада жасақталынады», деп қосты қалалық ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев.

Естеріңізге сала кетейік, 16 сәуір күні таңғы сағат 4:00-де Алматыда жаңбыр жауды. «Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша, сағат 9:00-де қалада 14 миллиметр, Медеуде 21 миллиметр, Камен үстіртінде 28 миллиметр жауын-шашын жауған. Синоптиктердің болжамына сәйкес, өткінші жаңбыр 17 сәуірге дейін жауады.