Пікір • 17 Сәуір, 2024

Ағартушылық негізі – білімде, құндылық қайнары – кітапта

219 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ағартушылық – кең ұғым: мәні терең, тағылымы мол. Арғы арналардан қазіргі кезең аралығын қысқа еске алып, көктей шолғанның өзінде дәстүр мен тарих тағылымы, адам мен оның өмірі, еңбек мұраттары, ұлт пен ұрпақ, руханият тармақтары, тәлім-тәрбие тынысы кеңінен көрініс береді. Ал оның бай мазмұны мен тұтас табиғатынан ағартушылық мәні айқындалып, танымдық қырлары ашылып, тағылымдық сыр-сипаттары терең танылады.

Ағартушылық негізі – білімде, құндылық қайнары – кітапта

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Осы орайда «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың елдік тұжырымдамасында арғы тарих пен қазіргі кезеңнің келелі жайттары кеңінен қозғалып, бүгін мен болашақ бағдары айқындалды. Бастапқы тұста Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі мен Ораза айының маңызына мән беріліп, атақты Сарайшық тарихы мен тағылымы назарға алынды. Ұлт ұстыны, елдік мүдде негізі ауызбіршілік миссиясымен айқындалады. Бірлік-береке мен ынтымаққа зор маңыз беріліп, оның өзі зиялы қауымға қатысты келелі тұстармен байланысты өріс алды. Ел бірлігін нығайтып, тұтастық пен тұрақтылық мәнін айқындауда зиялы қауым өкілдерінің орын, үлесі айрықша екендігі атап өтілді. «Ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Зиялы қауым, ең алдымен, еліміздің бірлігін нығайтуға баса назар аударғаны жөн», деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев. «Біз жалпыұлттық деңгейде ойлауға ұмтылуымыз керек», дегенді де жұрт жадына салып, негізгі назарға алады. «Шежіре біздің мәдени кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған», деген қорытындыға келеді. Ұлт пен ұрпақ мәні, дәстүр мен дүниетаным арналары, тарих пен таным тоғысы кең түрде көрініс береді.

Ал ағартушылық бағыты тіл тұғы­рымен байланыстырылып, оның қолдану аясын кеңейту мемлекеттік саясаттың бас­ты бағыты екені атап өтіледі. Тіпті бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық деп санайды. Асылы, тіл – елдік мәні, ұлт жаны мен коды десек, оған деген көзқарас пен ұстаным биік тұғырда болғаны жөн. Айталық, хакім Абай: «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ», деп анық-қанық айтады. Ақындық ұстанымын: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», деп анық та батыл білдіреді. Бертінде ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», деп түйін жасайды. Алаш ардағы Ж.Аймауытұлы: «Тілі жоғалған жұрт ғұрып-әдетінен, мінезінен айрылып, ақырында жұрттығы да жойылмақ. Тіл – жанды зат: өркендейді, дамиды... Қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды», деп кеше-бүгін мәселесін кемел ойлары мен терең толғаныстарына негіз етіп, тіл тұғырын биіктетіп, берік бекіте түседі.

Бұл бағыт әлбетте кітапхана ісімен сабақ­тастықта өріс алады. Алматы мен Астана қалаларында тәулік бойы жұ­мыс істейтін заманауи кітапханалар бой көтеретіні, оқырман қауымға мәдени-рухани қызмет ететіні жұртқа жеткізілді. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек екені ашық айтылды. Ұлттық кітап күні мен кітапқұмарлық қасиет төңірегінде де келелі әңгіме қозғалды.

Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісінде әділдік пен жауапкершілік, жасам­паздық пен жаңашылдық, бірлік пен ынтымақ маңызды құндылықтар қатарында аталады. Мұның өзі Әділетті Қазақстан идеясымен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» сынды ұстынды тағандармен байланыс, сабақтастықта өріс алады. Нәтижесінде, Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық сынды мән-маңызы жоғары идеялық негіздерге табан тіреп, ұлттың жаңа сапасы мен болашақ бағдарын айқындауға батыл қадам жасауға, тың тыныс, соны серпін беруге айрықша ықпал етеді. Мұның мәнісі: елдік мүдденің биік тұғыры – бірлік, береке тұтастық пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Анығында бірлік пен береке, тұрақтылық пен тұтастық – тыныштық пен ынтымақ негізі, қоғамның басты байлығы, адамның өмірі мен еңбегі, құқықтары мен бостандығының, даму үрдістерінің асыл арқауы, биік мұраттары мен жоғары көрсеткіштерінің бірі.

Осы жайттарды басты назарға алғанда, сөз жоқ жоғарыда айтылғанындай ағарту­шы­лық миссия басым бағыттарға ие болады. Кітап пен кітапхана хақында сөз қоз­ғасақ, «Білімнің бас құралы – кітап» (А.Байтұрсынұлы), «Адамды адам қылған – кітап, адамзат қылған – кітап­хана» (Ә.Кекілбай). Мұның да маңызы зор, тағылымы мол. Бұдан да ағарту­шы­лық бағыт, арман-аңсарлармен бірге, адам­­шы­лық жолы, өмір мұраты, еңбек баяны, тәлім-тәрбие арналары айқын көрініс береді.

Қазірде қоғамда кітап оқу үрдісі баяу, тым төмен екені белгілі. Әлеуметтік желінің басым бағыт алып кеткенін, таразының осы жағының бәсі биік екенін де ешкім жоққа шығара алмаса керек. Мұны мектепке дейінгі мекемелерден, орта және жоғары мектептен де жиі көріп, кездестіруге болады. Өскелең ұрпақ күнделікті газет-журнал, теледидар, т.с.с. алыстап кетті. Бұған қатысты әлеуметтік сауалдар мен жекелеген тұлғалардың, тіпті жалпы жұртшылықтың жауабы: «Бәрі телефонда тұр. Содан алып, оқып-біліп, көз жеткізуге болады». Дегенмен кітапханалар жүйесі жұмыс істеп тұр. Заманауи бағыт, жаңашыл талаптар то­лық ескерілген. Жаңа технология, цифр­­лы мүмкіндіктер де мол.

Менің Ұлттық академиялық кітап­хана мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылы­ми кітап­­ха­насына жиі жолым түседі. Кітапхана қызметі, атаулы бөлімдер жұмысы, жаңа кітаптардың таныстырылымы, арнаулы көрмелердің ұйым­дастырылуы, дөңгелек үстел мен сұхбат алаңдарындағы кездесу, пікірталас, тақырыптық талқылаулар, әр алуан бағыттағы тренингтер мен шеберлік сыныптары, оқырман залдарының есік­терін айқара ашып, білім-ғылымның қыр-сырына бағыттауы ақыл-парасат кеңістігін зорайтып, мәдени-рухани тұрғыдан байы­тып, жан-жүректі жадыратып, көңіл қуантады. Айталық, Ұлттық академиялық кітап­ха­надағы Кітап мұражайынан бас­тап, Ақпараттық-мәдени бағдарламалар қызметі, Құжат айналымы, Электрондық ресурстарды басқару, Оқу залдарының жұмысы оқырмандар көңілінен шығады. Осын­дағы пайдаланушыларға қолдау көрсету қызметі кітапхананың негізгі бөлімдерін біріктіреді.

Сондай-ақ «Кітап мұражайында» Қазақстан ғылымының дамуы мен мәдени жетістіктері, кітап және полиграфия ісінің арғы-бергі тарихы кең орын алады. Алғашқы кітап үлгілері, жазу тарихының даму үрдістері, атақты адамдар мен танымал тұлғалардың бас­ты еңбектері, көне қолжазбалар мен сирек кітаптардың көшірмелері де кітапқұмарлардың назарын аударады. Ал бірқатар әдеби-мәдени жиын, ғылыми-тәжірибелік конференцияның да елдік мүдде, ерлік шежіресі мен ұлттық құндылықтарды оқып-біліп, зерттеп-зерделеп, тану ісінде мәні зор болды.

Ал ЕҰУ-дың Ғылыми кітапханасында ақпараттық-библиографиялық, ғылы­ми-әдіснамалық, сирек кітаптар мен қолжазбалар, каталогтеу және құжат­тар­ды жүйелеу, мерзімді басылымдар мен электронды кітапханалар бөлімі жүйелі жұмыс істейді. Атаулы даталар мен мерейтойлық іс-шараларға қатысты кеш, кездесулер, ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен дөңгелек үстел басындағы сұхбат алаңдарындағы бас­қосулар, жаңа кітаптар таныстырылымы жиі ұйымдастырылады. Қысқасы, «Ақылына ақы сұрамайтын асыл ұстаз – кітап» (Ә.Науаи) қызметі мәдени-рухани байлығымен жұрт жадында мәңгі ұялап, даналық дидарымен, көркемдік-эстетикалық мәнімен қызықтырып, әсер-ықпалымен жан-жүректі баурайды. Кітап қазынасының бір қыры, мың сан сыры да осында.

Сонымен бірге бас ғимараттың Күлтегін атриумында орналасқан Жазу мұ­ражайы құндылықтар қай­нары, қымбат қазына – кітапқа дейінгі кезең­дер­ді, яғни түркі тектес ел­дердің Еуразия ке­ңіс­тігінде қолданған жазу үлгілерімен, жаз­ба мұралармен кең көлемде таныстырады. Мұражай залдарынан Күлтегін, Тоныкөк ескерткіштерімен бірге 56 ру-тайпаның таңбалары қашалған ескерткіш тақта, көне кезеңдердегі түркі халықтарының әлемдік картасы, түркі дүниесінің пайдаланған әліпбилері мен халық санының көрсеткіштері орын алған. Мұражай экспозициясындағы жәдігерлер мен мұралардың бай маз­мұны, мәдени-рухани қазынасы, фото­құжаттық көшірмелері де маңызды мәліметтер беріп, қырлы-сырлы сипаттарымен назар аудартады.

Жалпы, кітапқұмарлық пен Кітап күнін белгілеу төңірегінде іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізуге қатысты ойлар мен ұсыныстар да қолдап, құрметтеуге әбден лайықты. Сол тұрғыда Мемлекет басшысының: «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», деген мағыналы ой-пайымы еш уақытта құнын жоймайды. Әлемдік даму мен жаңашыл бағыттар негізі кітап мәдениеті, оқу үдерістері негізінде кең өріс алған. Заманауи әлемдегі оқу мәдениетінің бір белгісі осы. Өйткені кітап – болашаққа бағыттайтын компас, кеше мен бүгіннің адастырмас айнасы. Кітап – өркениет өзегі, мәдениет мәйегі. Кітапхана – білімдер жиынтығы, ақыл-парасат тоғысы.

Осы орайда «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың елдік тұжырымдамасындағы басты бағыт­­тар: Елді ұлт жылнамасы бірік­тіреді, Тілді дамытудың төте жолы, Мәдени мұраны дәріптеу маңызы, Архео­логиялық қызметті жүйелеу, Ұлт­тық бірегейлікті сақтау – басты мақсатымыз.

Түптеп келгенде ағартушылық негізі – білімде, құндылық қайнары – кітапта. Ағартушылық мәнінің жұртқа жақын қырларының бірқатарын жоғарыда айттық. Маңыздысы, азаматтық қоғам дамуында, құқықтық мемлекет құруда, әлеуметтік көзқарас қалыптастыруда, тіпті білім-ғылым ісінің тұтас табиғаты мен мазмұнынан адам факторы, өмірі мен еңбегі, болмысы мен кәсіп-дағдысы, тәлім-тәрбиесі танылады. Ақыл-парасат өлшемі, зиялылық сабақтастығы да көрініс береді. Ағартушылық негізі оқу-білім арқылы бекіп, нығайып, қымбат қазына – кітап арқылы кең өріс алады. Жаңа технологияны меңгеріп, осының негізінде ақыл-парасат өрісін кітап-қазына арқылы байытып, дамытсақ, ағартушылық қағидаттарына бағыттасақ, жаңа сападағы ұлт болмысына батыл қадамдар жасалады. Озық ойлы ұлт мәні кең көлемде айқындалады. Оның негізі – кітап оқу, ал кітапхана – ұлт жады, ұр­паққа ашылған жаңа жол, кең өріс. Кітап қолжетімді, кітапхана қызметі мүлтіксіз болса, ұлт пен ұрпаққа ең тиімдісі осы. Ағартушылық миссиясының байыпты баяны, өрнекті өрісі мен терең мәні, тағылымды тұстары да осыған саяды.

Тұтастай алғанда, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құ­рыл­­тайдың үшінші отырысындағы елдік тұжырымдаманың мемлекеттік саясаттағы басым бағыттарының бірі – ағартушылық миссиясының маңыз-мәні, жұрт жадында қалар ұнамды сипат­та­рының негізгі қырлары осы. Демек ағартушылық негізі – білімде, құндылық қайнары кітапта екені уақыт өткен са­йын өзекті бола түседі. Ағартушылықтың мәні терең, тарихы байтақ, мазмұны бай, мәдени-рухани әсері мол, өрісі кең. Мұны әркім білгені жөн. Әрі ел дамуының асыл арнасы, өмірдің өзегі ретінде танып, еңбек пен оқуда, тәлім-тәрбие ісі мен тұрмыс-тіршілікте басты ұстаным етсек, ағартушылық аясы кеңіп, мән-маңызы арта береді.

 

Рақымжан ТҰРЫСБЕК,

филология ғылымдарының докторы, профессор