Заң • 17 Сәуір, 2024

Майқайыңдағы автобус апаты: Сот кінәліні анықтады

120 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2024 жылдың 4 ақпанында Павлодар облысы аумағындағы «Майқайыңалтын» кен орнында 4 адам мінген автобус ойыққа құлап, апат болған еді. Оқиға орнынан екі адамның мәйіті табылды, ал қалған екеуі із-түссіз жоғалды. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты төтенше жағдайға кінәлі адамдарды анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Майқайыңдағы автобус апаты: Сот кінәліні анықтады

Фото: ТЖМ

Апаттың себебін анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылды. Тергеу қорытындысы бойынша төтенше жағдайға жұмыс беруші кінәлі деп танылды.

Алайда «Майқайыңалтын» АҚ бұл шешімге мойынсұнбай, Астана сотына қарсы шағым түсірді.

Сот істі тексеру барысында ойықтың пайда болу себептерін анықтады:

1. Талапкердің жұмысты ережеге сай ұйымдастырмауы; «Майқайыңалтын» АҚ жауапты тұлғалары тау-кен жұмыстарын жүргізу барысында өндірістік қауіпсіздікті бақыламауы;

2. Тау-кен және геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетін қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларын бұза отырып, блоктарды игеру кезінде жұмыс орындарынан құлау процесіне тиісті бақылаудың болмауы;

3. Талапкерде кен орнын игеру кезінде тау-кен агрегаттарын (блоктарын) игеру жобалары болмаған (әзірленген жоқ).

Осы және өзге де мән-жайлар сотта зерттелген тергеу материалдары, оның ішінде сараптама ұйымдары мен комиссиялардың қорытындысымен расталады.

«Апат «RCSH PVASS» ЖШС қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде, яғни, жұмыс уақытында болды. «Майқайыңалтын» АҚ жауапты тұлғаларының әрекетсіздігінен болған апатқа 100 пайыз талапкер кінәлі деп танылды. Осыған байланысты сот Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Еңбек комитеті мен Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне қатысты талап арызды қанағаттандырудан бас тартты», деп хабарлады Астана сотының баспасөз қызметі.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.