«Солтүстік Қазақстан университетін бітіргеннен бері мен осы Ассамблеяда қызмет атқарып келемін. Қазір «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасарымын. Волонтерлік ұйымдардың басын біріктіріп, Достық үйінде орталық штабын құрдық. Қазір барлық күшімізді бір арнаға біріктіріп, үйлестіре аламыз», дейді ол.
Кешегі күні тасқын суға қарсы күресте Мария Татаренконың жолдастары алдыңғы қатарда жүрді. 25-30 жастағы ер-азаматтар қапшық тасып жатса, қыздар соларға инертті материалдар толтырды. Қолдары күректің сабынан күлдіреп, жылаған қыздар да болды. Ондайларға қолғаппен жұмыс істеу керектігін көрсетіп, күлдіреген терісін байлап беріп жүрген көмекшіге көмек берушілер де табылды.
Еріктілерді шақырған хабарландырудан кейін Мариялардың командасы 30-40 адамға дейін көбейген. Әсіресе дамбаларды бекітейік деген хабарға 20-30-дағы ер-азаматтар көп келген. «Олардың кейбіреулерінің тегін де білмейміз. Бәріне Антон, Роман, Дамир, т.б. деп тек аттарымен шақырамыз. Біз негізінен Тепличный ауылындағы дамбаны бекітуге қатыстық. Өкінішке қарай, дамбамызды су жарып кетті. Алайда волонтер жігіттер қазір қайықтармен суда қалған жануарлар мен иттерді құтқарып жүр. Кейде адамдарды құтқаруға қолұшын береді», деді Мария.
Мария Татаренко командасының қазіргі міндеті – қайырымдылық көмектерімен келген азық-түлік, түрлі киімдер, бірінші қажеттілікке қажетті дәрі-дәрмек, т.б. қораптарға салып, халыққа тарату. «Біз алдымен көмек заттарын өзіміз халықтан жинаған болатынбыз. Әркім қолда барын әкелді. Мен халықтың жүрегінің кеңдігіне таңғаламын. Бір әжей тіпті «осыдан басқа ештеңем болмай тұр» деп үйінде тұрған бір килограмм күрішіне дейін әкеліпті. Әжей кеткен соң қыздар көзіміздің жасын сығып алдық. Қазір жан-жақтан келген қайырымдылық көмек көбейді. Солардың бәрін бөліп, қораптарға салып, адамдарға таратудамыз. Оған Дамира деген қызымыз басшылық жасап, 15 адам еңбек етіп жатыр», деді М.Татаренко.
Волонтерлердің Назарбаев көшесіндегі «Коммуналдық базардағы» тарату алаңына кезекке тұрған халықтың ұшы-қиыры жоқ, тіпті аялдамаға дейін созылыпты. Әрине, бұлардың бәрі тасқыннан зардап шеккендер емес екені айдан анық. Арасында тегін дүниені алып қалайын деген ашкөздер де жоқ емес. Кейбіреулері тіпті телефондарымен таныстарын, туыстарын да шақырып жатыр. «Тегін таратып жатыр, алып қалайық» деген сөздерді естіп қаласың. Мария кезекте тұрғандарды зардап шегуші ме, басқа ма – айыра алмайтынын айтты. «Біз тек құжаттарын сұраймыз. Сосын мекенжайын жазып аламыз. Әрине, кейбіреулердің зардап шегуші емес екені білініп тұрады, бірақ ондайды анықтап жатуға уақытымыз да, қақымыз да жоқ. Әркімнің өз ұяты біледі ғой», дейді ол.
Сөйтіп, облыстағы 8 мыңдай белорусь халқының өкілі Мария да жұрттың бел ортасында, еріктілерді ұйымдастырып, халыққа қолдан келген көмегін жасап жүр. Мұндайларға «мың болғыр» деп қалай айтпассың!
ПЕТРОПАВЛ