Халық • 19 Сәуір, 2024

Көптің көмегі көңілге демеу

96 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қызылжардың түбінде болса да, дөңде орналасқандықтан су кірмей, айналып кеткен Прибрежный деген ауыл бар. Бұрын «Озерный» кеңшары десетін, шаруасы тыңғылықты, экономикасы жақсы дамыған шаруашылық еді. Қазір сол ауыл аралда қалды. Далаға өрген ұсақ малдары, егіс басындағы техника, мүліктері суға кеткенімен, жандары да, үй жайлары да аман.

Көптің көмегі көңілге демеу

Кеше осы ауылға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тік­­ұшақ­­пен барып, мектепте уақыт­ша қоныстанған жандармен, жер­гі­лікті тұрғындармен кездесті. Зардап шеккендерге мемлекет тарапынан берілетін көмек тура­лы айтып, халықтың еңсесін көтер­ді. Жергілікті билік өтем­ақыға байланысты өтініштерді эвакуациялық бекеттегі «Старлинк» арқылы интернетпен қабылдайтын болды. «Ауыл тұрғындарын қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмекпен қам­та­масыз етуді Қызылжар ауда­­нының әкіміне тапсырамын. Басқа да шұғыл шаруаларыңызды аудан әкімі шешеді», деді әкім.

Қызылжарға қайырымдылық көмектер керуені үзбей келіп жатыр. Кеше Астанадан Түрік мәдениеті мен мұрасы халық­ара­лық қорының фурасы жетті. «Біз бұл жүкті бір күннің ішінде ғана жинадық. Еріктілер көбейіп кетіп, бір фураны тез толтырдық. Әкелген жүктеріміздің ішінде таза ауызсу, суға киетін етік, қайықтар бар. Халықтың қайғыға ортақтасып, көмек қолдарын созуы­­ қуантады», дейді қордың өкілі Сұлтан Смайылов.

Кеше Алматы тұрғындары мен кәсіпкерлерінің атынан да бір үлкен фурамен көмек жеткізіліп, ол Қызылжардың түбіндегі Бес­көл ауданына тұрақтады. 20 тоннадай жүктің арасында нан, ұн, су, консервілер, ет өнімдері, қайықтар, суға киетін гидрокостюмдер т.б. бар. «Біз жүгі­міз­ді қабылдаушыларға өткізіп қоймай, су астында қалған ауыл-селолардың тұрғындарына өз қолымыздан таратқымыз келеді. Сөйтіп, халықтың жүзіндегі қуа­ныш, үміт отын көргенді қалай­мыз. Қызылжарлықтар біз жал­ғыз қалдық деп ойламасын. Сын сағат­та қолдан келген көмекті бе­ру­ге дайынбыз. Сол мақсатпен осында 2-3 күн боламыз», дейді көшті бастап келген Самат Білгішев есімді кәсіпкер. Оның айтуына қарағанда, бұл машинадан басқа тағы төсек-орын, жылы көрпелер мен одеялдар, матрацтар тиеген «Газельдер» де келетін көрінеді. Барлық жүк кемінде 300 адамның жүрегін жылытуға тиіс дейді Самат. Сонымен бірге ол осы жүкті толтыруға 2,5 млн қаражат кеткенін айтты, оның 1 млн 700 мыңдайы әріптестері мен халықтан жиналыпты, қал­ғаны өз қаржысы екен. Айта кетер­лігі сол, табиғаты ғана емес, жүре­гі де жылы ару Алматыдан жет­кен көмек жалғыз бұл емес, осыған дейін де 2-3 керуен жеткен еді.

Қазір келіп жатқан қайырым­дылық көмектерді қағаз қорап­тар­ға бөліп, жобамен әр адамға бірдей қылу үшін жұмыс істеп жатқан волонтерлердің де ісі қауырт. Кеше 10 тоннадай қорап­тар­ды олар эвакуациялық бекеттерде жатқан жандарға жеткізді. Сонымен бірге қала бойынша үш жерде тарату бекеттері ашылып, оған тұрғындардың өздері келіп, қораптарын алып жатыр. Соның ішінде «Жастардың ресурс орталығында» негізінен азық-түлік таратылады. Қалғандары түрлі затты таңғы тоғыздан кешкі тоғызға дейін таратып жатыр. Көмек алушы міндетті түрде куә­лігін көрсетуі керек. Тарату­шы­лар сол арқылы оның зардап шек­кен аймақтан екенін интернеттен табады.

Кешеге дейін Петропавл қаласы бойынша 2 мыңнан артық адам өтемақы алуға арыз берген. Ойқала тұрғындарының бір тобын қабылдаған 32-мектептегі эвакуа­циялық бекеттегі жасы үлкен адамдарға, жарымжан жан­дарға арызды қалай толтыру керегін көрсетіп жүрген волонтерлер бар. Кейбір қарттар болған жайға болаттай болып, еңсесін түсірген жоқ. «Ең бастысы, тіріміз ғой, әйтеуір. Қалғаны бола жатар. Маған құжаттарымды дайындауға көмектескен жігіттер кеше банкке де апарып келді. ХҚКО орталығынан да мамандар келіп, барлық құжатымды толтырып берді», дейді Ольга Сафронова есімді кейуана.

Зардап шеккендер арыздарын бір реттік жәрдемақы және өтемақы алуға беріп жатыр. Тағы бір 100 адам несиелерін төлеуді кейінге қалдыруды сұрапты.

Әрине, бір жақсылыққа бір жамандық қоса жүреді ғой. Өзде­рін зардап шегушілерміз деп өң­меңдеген біреулер тегін көмектен алып қалуға да жанталасып жатыр. Көршісінің үйі күйгенде, қолын жылытып алуды көздеген құнсыз сұмдар әр уақытта болады. Тасқынға байланысты WhatsApp мессенджерінде ашылған чаттарда қиын жағдайға тап болғанын айтып, халықтан жедел көмек сұрап, банк карталарын көрсетіп жатқандар да кездесті. «Біз сондай хабар бергендердің шындығын тексерген едік. Үш күннің ішінде 6 чаттан 50-ге жуық өтініштің өтірік екенін анықтадық. Бұл – әрбір чатта көмек сұрағандардың кем дегенде үштен бірі. Жүрегі жылы жерлестеріміз сондайларға алданып, ақша жіберіп қойған. Халықтың қиын жағдайға тап болып жатқанына қарамай, алда­ғысы келген алаяқтардың ар-ұят­тан әбден безгенін көруге болады. Біз тұрғындарға шындығын тексеріп алмай, ақшаларыңызды аудармаңыздар деп айтып жатырмыз», дейді Солтүстік Қазақстан ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Иван Терзиди.

Қала прокуроры Тыныбек Сапаровтың айтуына қарағанда, осы уақытқа дейін чаттарға фейк хабар салған екі адам ұсталып, екеуіне де 20 АЕК көле­мінде айыппұл салынған. «Әркім өзіне түскен хабардың шын­ды­ғы­на көзі жетпей, таратуға қақысы жоқ. Фейк ақпараттың бірінде жас әйел екі баланың суға батып кеткенін айтыпты. Бұл хабарды тіпті TikTok-қа салып қойған, бірақ артынан өзі жойыпты. Дегенмен сот оған жазасын беріп, 73 мың теңге айыппұл салды», деді прокурор.

Облыстағы күйлі тұрмыстағы, шаруасы озық кейбір ауылдары зардап шеккен тұрғындарды өзде­ріне шақырып жатыр. Мәсе­лен, М.Жұмабаев ауданын­да­ғы Совет аулы «үй де береміз, жұмыс та табылады, келіңіздер», деген хабарландырулар беріпті. Облыста осындай қуанышты хабарлар да бар.

 

Солтүстік Қазақстан облысы