Салық • 19 Сәуір, 2024

Салықты төлеу мерзімі кейінге шегеріледі

122 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көктемгі еріген қар суынан зардап шеккен өңірлердегі тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Гуманитарлық көмектен сырт қаржы институттары несие өтеу мерзімін кейінге шегеріп отыр. Жағдай тұрақталғанша қарғын су басқан аймақтардағы азаматтардың салық міндеттемесін орындау мерзімі де ұзартылды.

Салықты төлеу мерзімі кейінге шегеріледі

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Қаржы министрі Мәди Тәкиев «Қазақстан Республикасының өңірлерінде су тасқынынан зардап шеккен адамдар үшін салықтық әкімшілендіруді реттеудің өзге тәртібін белгілеу тура­лы» бұйрыққа қол қойып, қолданысқа енгізді. Жеңілдікті әкімдікте су тасқынынан зардап шеккендердің тізіміне енгендер қолдана алады. Салық төлеу мерзімі 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылды.

Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі төлеу мерзімі 2024 жылғы 1 наурызынан 30 маусымға дейінгі кезеңде басталатын барлық салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер бойынша төлеу кейінге шегерілгенін хабарлады. Сондай-ақ осы аталған кезеңдегі салық есептілігін тапсыру мерзімдері ұзартылды. Мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету және салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын жүзеге асыру да уақытша тоқтатылады. Бұған қоса камералық бақылау нәтижелері бойынша хабарламаны орындау уақыты да шегерілмек. Салықтық тексерулер (кешенді, тақырыптық, қарсы, хронометраждық зерттеп-қарау) тоқтатыла тұрады, бұл ретте тоқтата тұру мерзімі тексеру мерзіміне және талап қою мерзіміне кірмейді.

Сонымен қатар зардап шеккен адамдарға қатысты жаңадан салықтық тексеруді тағайындау да болмайды. Одан бөлек, уақтылы төленбеген салықтар бойынша 2024 жылғы 1 наурыздан 1 шілдеге дейін өсімпұлды есептеу уақытша тоқтатылады. Бұл өзгерістің бәрі 2024 жылғы 1 наурыздан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады. Салық төлеушілерге жеңілдіктің игілігін көру үшін мемлекеттік кірістер органдарына барудың қажеті жоқ, зардап шеккендердің тізімі әкімдіктерден алынады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төтенше жағдай жарияланған аудандар мен қалалардағы субсидияланатын жұмыс орындарына орналасқан азаматтардың жалақысы сақталатынын хабарлады. Ал жастарға жеңілдетілген микрокредит беру бағдарламасы бойынша несие алған азаматтардың төлемдері кейінге шегеріледі.

Аталған министрліктің баспасөз хатшысы Мадияр Уақпаевтың айтуынша, субсидияланатын орындарға азаматтарды еңбек мобильділігі орталықтарымен жасасқан шарт негізінде орналастырады. Бүгінде жұмыссыздардың білім деңгейі мен жасына қарай субсидияланатын жұмыс орындары алты бағытта жүзеге асырылады: қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Күміс жас» жобалары.

Төтенше жағдай кезінде субсидияланатын жұмыс орындарына қабылданған адамдардың жалақысы еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушілерден мәліметтер талап етпей төленеді. Төтенше жағдай жарияланған өңірлерде тұратын, биылға дейін жастарға жеңілдетілген микрокредит беру бағдарламасы бойынша несие алған азаматтардың төлемдері де кейінге шегеріледі. Яғни 2024 жылғы кестеге сәйкес өтелуге тиіс төлемдер 2025 жылдан бастап қаржыландыру мерзімінің соңына дейінгі төлемдерге біркелкі үлеспен бөлінеді. Бұдан өзге де мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Өңірлердегі су тасқыны жағдайына байланысты жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттарға өтініш қабылдаудың бірінші легі кейінге шегерілді. Өтінімдерді қабылдаудың мерзімі қосымша хабарланады. Биыл республика бойынша 9 мың грант беру жоспарланған.

Төтенше жағдай режімі жарияланған 10 облыстағы аудан­дар мен қалаларда тұратын тұрғындар арасында атаулы әлеу­мет­тік көмек алушыларға ІІ тоқсанда да төлем автоматты түрде түседі. Яғни олар табанынан таусылып мемлекеттік мекемелерге қайта құжат өткізіп, әуре-сарсаңға түспейді. Осы шаруа­ны іске асыру мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі нормативтік құқықтық акті­лер­ге қажетті өзгерістер енгізбек. Осылайша, қызыл судан зардап шеккен өңірлердегі атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларға мемлекеттің қолдауы уақтылы көрсетіледі. Ал атау­лы әлеу­мет­тік көмекті алуға алғаш рет өтініш бергісі келетін азаматтар электрондық үкімет порталына жүгінеді. Елімізде өңірдегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындалады. Биылғы І тоқсанда 58,8 мың отбасы, яғни 312 мың адамға АӘК төленуі үшін 7,8 млрд теңге жұмсалды.

«Су басып, төтенше жағдай жарияланған өңірде тұратын мүгедектігі бар азаматтарға да 2024 жылдың ІІ тоқсанында қайта куәландыруға тиісті бірнеше қызмет түрінің мерзімі автоматты түрде ұзартылады. Бұған мүгедектік мерзімдері, жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі, кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі және оңалтудың жеке бағдарламалары жатады. Бұл ретте мемлекеттік жәрдемақыларды төлеу бұрын белгіленген мүгедектік тобы бойынша жүзеге асырылады», деді М.Уақпаев.