Құрылтай • 19 Сәуір, 2024

Ұлттық құндылық – бірегейлік негізі

262 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөз болған ұлттық құндылық, ұрпақ тәрбиесі, қоғамдық сана мәселелеріне қатысты бүгінде еліміздің әр өңіріндегі қызу талқылау жүріп жатыр. Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапха­на­да Қолданбалы этносаяси зерт­теулер институтының ұйымдас­тыруымен өткен «Ұлттық құндылық – ұлт бірлігінің негізі» атты дөңгелек үстелде де ел ертеңіне қатысты өзекті жайттар талқыланды.

Ұлттық құндылық – бірегейлік негізі

Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы: «Біздің нақты құнды­лықтарымыз болмаса, даму жолында тың серпіліс жасауымыз және көшбасшы елдер қатарына қосылуымыз неғайбіл», деді. Осыған орай жоғарыда аталған басқосуда еліміздегі қоғамдық, әлеуметтік зерттеумен айналысатын мамандар өз жұмыстарын баяндап, тақырыпқа қатысты өзекті ой-пікірлерін ортаға салды.

Алғаш болып сөз алған спикер, Қолданбалы этносаяси зерттеулер инс­титуты этносаралық ахуал мониторингі орталығының директоры Гүлдана Оқасова бүгінде ұлт бірлігінің негізін қалайтын ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіріп, қалыптастыру күн тәртібіндегі мәселе болып отырғанын атап өтті.

– Бұл ретте ел болып, қоғам болып қолға алар іс көп. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайда осы мәселе төңірегінде салиқалы ойын айтып, нақты қадамдарға бағыт-бағдар берді. Президенттің: «Тәуелсіздік, республика, бірлік сияқты мемлекеттілігіміздің басты тұғыры саналатын негізгі ұғымдарға баса мән беру керек. Елдігімізді сақтаймыз, мықты мемлекет боламыз десек, осының бәрін естен шығармаған абзал», деген сөзі ендігі атқарар жұмыстарға жан бітіруге тиіс.

Қазір қарап отырсақ, отандастары­мыздың бір-бірімен қарым-қатынасы төмендеп, керісінше виртуалды әлемдегі байланысы артып келе жатыр. Яғни бөлектену, даралану сияқты әлемдік трендтердің әсерінен материалдық құндылықтар алға көбірек шығып барады. Осыған байланысты кей адамдар бойында психологиялық қиындықтар туып отыр. Зерттеулеріміз көрсеткендей, отбасы, өмірді материалдық тұрғыдан қамсыздандыру, достық сынды ұғымдар құндылықтар көшін бастап, барлық этностық топтың негізін қалаушы болып отыр. Барлық зерделенген этностық топтың ересек жастағы респонденттерінің біріктіруші құндылықтары отбасы, айналасына құрметпен қарау екені байқалады. Ал жастардың көзқарасын мансаптық өсу, өз-өзін дамыту нұсқалары көбірек біріктіреді, – дейді Г.Оқасова.

сит

Зерттеулер барысында респонденттерге: «Өмірлік жетістік дегеніміз не?» деген сұрақ қойылған. Респонденттер­дің жауабы бойынша бұл зерделеудің алғаш­қы бестігіне – отбасылы болу және бала сүю, адал достар табу, тәртіп, өзгелер­ден төмен өмір сүрмеу мүмкіндік­тері, сонымен қатар қызықты жұмыс кіріп отыр. Ал өмірлік қажеттіліктердің аса маңызды емес бөлшегі ретінде жоға­ры лауазымдық қызмет, атақ-даңқ, таны­малдылық, биліктегі жетістік сынды нұсқалар аталған.

– Сонымен қатар зерттеу барысында отандастарымыздың жақын болашаққа қойған мақсат-мұраттары да зерделенді. Этностық топтар арасында жеке жүргізілген зерттеулер көр­сеткендей, өмірдің басты құндылығы – өзара түсінісу, отбасыдағы жақсы қарым-қатынас, сонымен бірге материалдық тұрғыдан қамтылған жайлы өмір екені дәлелденіп отыр. Зерттеудің басқа да қорытындыларында басымдықтардың шкаласы негізінде нүктелердің бір арнада тоғысу және алшақтау картасын әзірледік. Оған қарап қазақтар өзге этностардың негізгі ұйыт­қысы деген қорытынды шығардық. Яғни материалдық қажеттіліктен тыс құн­дылықтарын арттыра түсетін болса, өзге этностар да қазақтарға қосылатыны, қазақтар қоғамды біріктіру ошағы бола алатыны жөнінде ғылыми жорамал жасадық. Одан бөлек, талдау нәтижесінен еңбексүйгіштік, еркіндік, жауапкершілік сезімі сынды қасиеттердің құндылықтар арасында деңгейі жоғары тұрғанын көре алдық. Ал парасаттылық, риясыздық, діни ашық сана, прагматизм құндылықтары сәл төмен көрсетілген, – деді Г.Оқасова.

Әлеуметтік кәсіпкер, Ұлттық құрыл­тай мүшесі Эмин Аскеров оқушылар арасында жиі сөз сөйлейтінін және сол кездесулерде «Кім мемлекетке жұмыс істегісі келеді?», «Кім бизнеспен айналысқысы келеді?», «Кім Қазақстаннан кеткісі келеді?» деген үш сұрақ үнемі қойылатынын айтты.

– Мені таңғалдырғаны, оқушылар­дың сексен пайызға жуығы елімізден сырт­қа кеткісі келетінін ашық айт­қаны. Бұл олар болашағын Қазақстан­мен байланыстырмайды деген сөз. Бұл, әрине, алаңдатарлық жағдай. Сондықтан мен өзіме: «Біз бүгінгі буын қашатын­дай, осында тұруға құлықсыз бола­тындай, келешек ұрпаққа қандай мемлекет қалдырып бара жатырмыз?» деген сұрақты жиі қоямын. Бұл да өзекті өртейтін жайт. Осы орайда кей халықаралық тәжірибені зерттеу барысында баланы, жастарды тәрбиелеудің израильдік үлгісіне көңіл аудардым. Олар жауапкершілік генін жас буын призмасы арқылы дамытып отыр. Әр жоғары сынып оқушысының өз тәлімгері бар. Яғни «сен еліңді дамытуың керек, Отаныңды қорғау үшін әскерге баруың керек» деген сияқты идеологияны оқушы санасына үздіксіз сіңіре береді. Одан бөлек, Израильде әкелер институты өте жақсы дамыған. Сол елге сапарлап бара қалсаңыз, аулада, қалың көпшілік арасында балалардың көбіне әкесімен жүргенін байқайсыз. Ал анасы үйдегі отбасылық істермен шұғылданады, – дейді Э.Аскеров.

Дегенмен спикер қазіргі жастар­дың әлеуметтік құндылықтарға қызы­ғу­шылығы біршама өскенін атап өтті. Мәселен, кейінгі он жылдан бері әлеуметтік сала төңірегінде жұмыс істеп, осы бағытта ізденіп жүрген ол бүгінгі жастардың әлеуметтік жобаларға көбірек қатысып, тіпті өздері де жоба жүзеге асыра бастағанына ризашылығын білдірді.

– Мәселен, мен 11-сыныпта мем­лекеттік емтихан тапсырып жат­қан сәтте де «Ертең кім боламын, қандай мамандық таңдаймын?» деген сұрақ төңірегінде бас қатырмаппын. Ал қазіргі жасөспірімдер мен жастардың өз болашағына деген жауапкерші­лігі, табандылығы, қай мамандықты таңдайтынына дейін осы бастан дайындалатыны қуантқанымен, көпшілігін елмен байланыстырғысы келмейтіні жүрегіңді ауыртады, әрине. Сондықтан ұлттық құндылықтар, ұлттық идентификация, ұлттық идеологияның бәрі алдымен ұрпақ тәрбиесіне қарай бағытталуға тиіс, – деді Э.Аскеров. Спикер сөзін «Бүгінгі және кейінгі жас буынның елімізден кетпеуі үшін біз, орта буын мен аға буын не істеуіміз керек?» деген сауалмен аяқтады.

«Жастар» ғылымы зерттеу орталы­ғының директоры Айсұлу Ерниязова «Адал азамат деп кім?» деген сұрақтың төңірегінде ой қозғады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың үш отырысының екеуінде «Адал азамат» тұжырымдамасына тоқталғанын атап өтті.

– Ендігі кезекте қоғам болып осы адал азаматты іздеп табуымыз керек шығар. Ол кім, қайда жүр? «Міне, Адал азамат деген осы» деп көрсететін, шынайы үлгі болатын тұлғаларды елге көрсететін уақыт келді. Яғни Абайдың Толық адамын негізге ала отырып, адал адамның да нақты тұжырымдамасын қағазға түсіріп, сол арқылы кез келген жас «Мен – Адал азаматпын» деп өзін көрсете алатындай жоба жасауымыз керек, – дейді ол.

Сондай-ақ Айсұлу Әлімжанқызы түрлі оқиға кезінде, үлкен жобалар барысында жастар елдің қоғамдық-саяси өміріне көбірек араласа бастағанын және олардың қатары көбейіп келе жатқа­нын әлеуметтік желілер арқылы жиі бай­қап жүргенін, бұл олардың азаматтық белсенділігінің артқанының көрінісі екенін де атап өтті.

– Кейінгі зерттеулерімізге сүйенсек, жастардың 25 пайызы түрлі қоғамдық бірлестікте жұмыс істеу тәжірибесі бар. Яғни бір жыл бұрынғы зерттеумен салыстырғанда бұл көрсеткіш 10 пайызға өсіп отыр. Одан бөлек, саяси партияларда жұмыс істеу қабілеттері, тәжірибелері толысып, олардың саяси өмірде белгілі бір мәселені шешуге, мәселелерге араласуға деген талпыныс­тарында да оң динамика қалыптасып келеді. Жалпы айтқанда, бұған дейін жастар көбіне волонтерлік ортада ғана белсенділік танытып келсе, кейінгі жылдары қоғамдық-саяси өмірде де өздерін жақсы қырынан көрсетіп жүр. Мәселен, су басқан аймақтарда бөгет тұрғызып жүргендердің дені 35-ке дейінгі жігіттер, ал қыздар жағы гуманитарлық көмекті ұйымдастыру, азық-түлік, өзге де керек-жарақтарды жинау жұмысына барынша қолғабыс етіп жүр. Бірақ өңірлер бойынша жіктейтін болсақ, үлкен қалаларға қарағанда, аймақ­тар­дағы ерікті жастардың белсенділігі жоғары. Мәселен, Қызылорда облысы жастарының 60 пайызы волонтерлік қозғалысқа үлес қосып жүр. Одан кейінгі орында 59 пайызбен Ұлытау облысының жастары тұр. Үздік үштікті 57 пайызбен Қарағанды жастары түйіндеді, – деген ол жастардың қоғамдық, әлеуметтік іс-шаралар төңірегіне барынша көбірек топтаса бастағанына тоқталды.

Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, жастар интернеттен фильм, сериал көруде көбіне шетел контентіне жүгінеді екен. Спикер бұл мәселені де идеология тұрғысынан назардан тыс қалдырмау керектігін ескертті.

Жиында өзге де спикерлер ұлт­тық құндылықтарды дамыту арқы­лы ұлттық бірлікті нығайту жөнінде көзқарастары мен ұсыныстарын ортаға салды. Жиналғандар әсіресе поли­этностық қоғамдағы өзара сый­лас­тықтың, толеранттылық пен ынты­мақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, әрбір азаматтың жалпыұлттық құнды­лықтарды сақтау мен дамытудағы рөліне айрықша тоқталды.

Дөңгелек үстелді қорытындылаған Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев қазіргі заманғы ұлттық құндылықтарды түсіну мен оны дамытудың мән-ма­ңызына, жастар мен білім беру инс­титу­ттарының ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рөліне тоқталып, ұлтты біріктіру үшін этносаралық өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған бас­тамаларды мемлекеттік қолдауға көңіл бөлу керектігін баса айтты.