Саясат • 19 Сәуір, 2024

Бауырлас елдер жастарының басқосуы

99 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елордада қазақ-қырғыз жастары бас қосты. Тарихы мен шежіресі қатар өрілген мемлекеттердің жас көшбасшылары жастар ісі саласының ынтымақтастығы мен дамуына қатысты маңызды мәселелерді талқылады. Форум Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанға ресми сапары аясында ұйымдастырылды.

Бауырлас елдер жастарының басқосуы

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Тарихы, тағдыры, танымы да ұқсас екі ұлтқа ортақ дүние аз емес. Сондықтан форумда жас көшбасшылардың бірін-бірі ынталандырып, пікір алмасатын, тәжірибемен бөлісе­тін тақырыптары жетерлік. Басқосуға Қырғызстаннан мәдениет, ғы­лым, экология, жастар саясаты, волон­терлік және БАҚ саласында өзекті мәселе­лерді көтеріп, белсен­ді жұмыс істеп жүрген 30 өкіл келді. Алатау­дың арғы беті­нен жеткен мейман­дарды Мәде­ниет және ақпа­рат вице-министрі Евгений Кочетов қарсы алды. 

– Іс-шара екі елдің жастар саласындағы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін форумына айналғаны қуантады. Еліміздің су тасқынынан зардап шеккен өңірлеріне қырғыз бауырларымыз қолұшын беріп, гуманитарлық көмек ұсынды. Осы орайда қырғыз бауырларымызға ерекше алғыс білдіреміз. Қазақ пен қырғыздың бауырлас халық ретінде өзіндік тарихы бар. XV ғасырдан бері біздің жолдарымыз тоғысып, сол жолмен бірге келе жатырмыз. Тарихымызда сақтар, ғұндар, Алтын және Ақ Ордалар, Шыңғыс хан империясы мен Қазақ хандығы, Алаш қозғалысы болған, жалпы айтқанда, тарихымыз да, тегіміз де, тіліміз де ортақ. Екі елдің жастарының халқымыздың және еліміздің болашағын қалыптас­тыру­да өзіндік рөлі бар. Жастардың жобалары мен бағдарламаларын жылжыту – мәдениетаралық диалогті нығайтудың маңызды міндеті. Қазақстан мен Қырғызстан жастары – қоғамның болашағын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Форум барысында көтеріл­ген идеялар елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі практикалық қадамдарды талқылау үшін бастапқы нүкте бола алады деп сенемін, – деді вице-министр.

Өз кезегінде Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің орынбасары Марат Тағаев бұл басқосу екі елдегі жас буынның достығы мен бірлігін одан әрі арттыратынын айтты. Сондай-ақ ол елдегі тасқыннан тосырқаған жұртқа көңіл білдірді.

сми

– Астанада Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров пен Қазақстан Республикасының Қасым-Жомарт Тоқаев Айкөл Манас мүсінін ашады. Бұл тарихи сәтпен қырғыз-қазақ жастары форумының бір мезетте өтуі – символикалық оқиға. Кезінде Тоқтоғұл Сатылғанов пен Абай Құнанбаевтың әндерін тыңдап, Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Әуезовтің шығармаларын оқыған екі елдің жастары бір мінберде пікір алмасып, өзара тәжірибе бөлісуі бізді қуантады. Жастар – киелі ұлттарымыздың болашағы. Ал біздің міндетіміз – жастардың дамуына, тәжірибе алмасуына, білім алуына мүмкіндіктерді кеңейту және қамтамасыз ету. Жастар ынтымақтастығы әлеуметтік, мәдени және экономикалық салалар­дың дамуына ықпал етеді. Әрі елдер арасындағы тұрақты және өзара тиімді қарым-қатынастарды құру, жобаларды бір­лесе жүзеге асыру үшін стратегиялық маңыз­ды элемент. Сәйкесінше, форум қос мемлекеттің министрліктері мен жастар ұйымдары арасындағы ынты­мақтастық стратегиясын әзірлеуге мүм­кіндік береді. Қазақ бауырлар, қыр­ғыз халқы және Қырғызстан жастары атынан Қазақстандағы кейінгі уақытта бол­ған табиғи апаттан зардап шеккен ағайындарға сабыр тілейміз. Осы апаттан зардап шеккендерге шын жүректен көңіл айтамыз. Біз әрқашан сіздермен біргеміз. Қырғыз жастары қашанда көмектесуге дайын, – деді М.Тағаев.

Форум әрі қарай Астанадағы Конгресс орталықта жалғасты. Жиында тараптар «Климаттық белсенділік – екі елдің жастарын біріктіру құралы ретінде», «Цифр­лы болашақ: Қазақстан мен Қырғыз­стан жастарының заманауи трендтері мен мүмкіндіктері», «Қазақстан мен Қырғыз­станда блогерлікті дамыту» тақырыбында ой қозғады. Іргелі басқосуда қазақ елінен Мәдениет және ақпарат министрлігі креативті индустриялар департаментінің директоры Гүлісхан Нахбаева жастар саясаты мен креативті экономиканың байланысын сөз етсе, волонтер Рақыш Темірлан экология саласындағы жастардың рөліне кеңінен тоқталды.

– Қазіргі таңда жаһанда климаттың өзгеруін сезінбеген бірде-бір адам жоқ. Күрт құбылмалы климатқа байла­нысты таяу жылдары шөлейттенуге, орман және дала өрттері санының өсуіне, мұздықтардың еруіне, су жүйелерінің тозуына, ал жекелеген өңірлерде су тасқы­нына, дауылдарға және басқа да қолай­сыз салдарларға тап болуы мүмкін. Ал­пауыт елдердің зерттеушілері мен «Dara International» деректеріне зер салсақ, жылына 500 мың адамның өліміне осы ахуал себеп. Тіпті 2030 жылға қарай бұл 900 мыңнан 1 млн-ға жетуі ық­тимал. Климаттың өзгеруінің жанама әсері әртүрлі салада көрінеді. Мәсе­лен, әйелдердің денсаулығы мен қауіпсіз­дігіне әсері, яғни әйелдердің репродуктивті денсаулығының бұзылуы, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық­тың алуан түрлері, азық-түліктің қол­жетім­ділігінің төмендеуі, электр энергиясына қажеттіліктің өсуі, халықтың мәжбүрлі көші-қоны, шиеленістердің туындауы, жұмыссыздық, қылмыстың өсуі. Климаттың өзгеруінің жоғарыда аталған теріс салдары халықтың түрлі әлеуметтік топтарына әрқилы әсер етеді. Сондықтан әлем болып, барынша табиғатты аялауымыз қажет. Әр елдің азаматы мұндай деректерді назардан тыс қалдырмауы керек, – деді Р.Темірлан.

Ал қырғыз елінің жас көшбас­шысы Бекболат Сталбеков волонтерлік қызметі жүйелі жүзеге асыру ісі жөнінде әңгімеледі.

– «Active Volunteers» – бұрын тәуелсіз еріктілер қозғалысы ретінде танылған коммерциялық емес ұйым. Біздің ұйым 2017 жылы құрылды және содан бері волонтерлік қызмет арқылы қоғамға пайдасын тигізіп келеді. Біз белсенді азаматтардың біртұтас қоғамдастығын құруға жұмыстанамыз. Осы ретте жастардың әлеуетін дамытуға, Қырғызстан жастарының бірлігін нығайту жолында әрекет етудеміз. Қанатымыздың астында 2300-дей волонтер бар. 50-ден аса жобаны сәтті жүзеге асырдық, – деді спикер.

Айта кетейік, өткен жылы Парла­мент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Қырғыз Республикасына жұмыс сапары аясында Бішкек қаласында алғаш рет қазақ-қырғыз жастар форумы өтті. Бұған қоса екі елдің жастары «Зерен» республикалық жастар лагерінде, Тәуел­сіз Мемлекеттер Достастығына қа­тысу­шы мемлекеттердің жастар фору­мын­да, Азиядағы өзара ықпалсыздық және Сенім шаралары жөніндегі Жастар кеңе­сінде бас қосты. Осы іс-шаралардың нә­ти­жесінде жастар бастамаларын қолдау бойынша ұсынымдар қабылданды.