06 Қаңтар, 2015

Қазақтың Қадыры

921 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
--adyir-myirza---liӨткен ғасырдың ортасынан аса қазақ поэзиясына керемет үрдіс әкелген, үлгі дарытқан бірі – философ, екіншісі – лирик Қадыр Мырза Әлі мен Тұманбай Молдағалиев болатын. Телқоңырдай, домбыраның қос ішегіндей қос талант жер басып жүрсе, биыл сексеннің сеңгіріне шығар еді. «Сәбидің саусағындай, сөзі ақынның, Басынан сипағанға талпынады» деп бір түйіп тастап, одан кейін «Жүректен шықпаса, Жүрекке жетпейді» деген терең мағынаны алға тартып, бүкіл саналы ғұмырын жыр әлеміне, ойлы сөз тереңіне арнаған Қадыр Мырза Әлі ағамыз күні кеше сексенге толар еді. Жетпісінші жылдары «Көш» атты таңдамалысының беташарына «Бір сөзбен айтқанда, «Көш» етек-жеңін ықшамдап жинап, бірыңғай тұтас дүние, біртұтас денеге айналған тәрізді. Автордың алғашқы арманының өзі осы болатын-ды. Қайткенде де «Көшімді» ұзақ сапарға ұзатып салып, «Домбырамды» қолыма қайта алған жайым бар» деген екен. Қазақтың Қадырының қай кітабына, тіпті жеке шумақтарының өзіне зейін салсаң «бірыңғай дүние, біртұтас дене» екеніне көз жеткізесің. «Көшін» ұзатып, «Домбырасын» қолға алғаннан кейін де небір ұлтымыздың руханиятын байытқан туындыларды халқына тарту етті. Шығармашылық саласында еңбек етудің, жинақы болудың, тиянақты жүрудің, тапқыр сөзбен айналасын сүйіндіретін, сүйсіндіретін, кейде әдептен озсаң, өрен жүйріктей тап басып, тауып айтып есіңді кіргізетін естілігі кімге де болса үлгі болатын. Осындай дара дарынның сексен жылдығына орай қазақтың бүкіл бітім-болмысын өлең өрнегіне түсірген ұлы ақынның ән текстіне, толғап айтар термесіне айналып кеткен «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру» атты өлеңін газет оқырмандарына ұсынып отырмыз. Ал «Ақ отауды» жырға толтырған, «Бұлбұл бағын» ән әуеніне айналдырған, «Ой орманымен» әлдилеген, «Домбырасымен» тербеген, «Көкпарымен» желпіндірген, одан кейінгі келісті де кемел шығармаларымен бүкіл елді тәнті еткен Қадыр Мырза Әлі туралы мақалалар мерейтойы аталып өтер тұста жарияланады.

Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру

Шопан жігіт домалатып жығып қой, Дос келді деп, Жасап жатыр ұлық той. Тұңғыш рет көріп тұрсың сен оны, Қазақ деген осы міне, Біліп қой!   Сәйгүлікті құйрық-жалы таралған Сүйетұғын қазақ осы, Қараңдар! Қазақ осы: Күй шығарып, Ән салып, Көкпар тартып, Қыз қууға жаралған.   Қазақ осы: Айтатұғын желге сыр. О, ағайын, Халық емес ол кесір. Қазақ осы: Аңғал-саңғал, Жабусыз, Қазақ осы: Ағыл-тегіл, Көл-көсір.   Қазақ осы: Дала дейтін, Күн дейтін. Қазақ осы: «Өнер алды – тіл» – дейтін. Қазақ осы: Қарасың ба, Ақсың ба, Қоңырсың ба, Жатырқауды білмейтін. Қазақ осы: Ашық-жарқын қабағы. Қонақ келсе, шабылып бір қалады. Байқа да тұр, саған да ол кетерде Ат мінгізіп, Жібек шапан жабады.   Қазақ осы: Көргенінен танбайтын. Той-думансыз оты түзу жанбайтын. Қазақ осы: Алудай-ақ алатын, Ал беруден Алдына жан салмайтын.   Қазақ осы: Құда бол деп қинайтын, Құдаларын құдайдай-ақ сыйлайтын. Қазақ осы: Дүние мен малыңды Жақсылап бір шашу үшін жинайтын.   Қазақ осы: Жайып жатқан қанатын. Батыр халық, Ақын халық – дәл аты. Қазақ осы: Өзімсінген адамға Насыбайға бола өкпелеп қалатын.   Шопан жігіт домалатып жығып қой, Дос келді деп жасап жатыр ұлық той. Тұңғыш рет көріп тұрсың сен оны, Қазақ деген осы міне, Біліп қой!