Аймақтар • 20 Сәуір, 2024

Түркістан облысында ауыл әкімі жер телімін құжатсыз үлестірген

74 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы Жаңабазар ауылында жерге қатысты шу шықты. Ауыл әкімі жер телімін жұртқа оңды-солды ауызша үлестірген болып шықты. Салдарынан, құжаты жоқ жер иесі көбейген. Енді арты бітпес дауға ұласып барады. Бұл туралы Egemen.kz Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Түркістан облысында ауыл әкімі жер телімін құжатсыз үлестірген

2018 жылы жер телімін алатын тұрғындардың тізіміне алғаш болып жазылған Ержан Досмұратов болатын. Ауыл әкіміне өтінішін жазып, құжаттарын өткізіп те қойған. Бірақ іс тым созылып кетті. Қазір өзі де сырқаттанып, төсек тартып жатыр.

Жер телімін алудан дәмелі Ержан Досмұратовтан өзге ауыл тұрғындары қазір төбе басына жиналып, өзара қызылкеңірдек болумен келеді. Әрқайсысының көкейінде қалауына қарай иемденіп алған өз жері бар.

Ауыл әкімі рұқсат берген деген бір ауыз сөзді негіз етіп, жұрттың алды бос жатқан жерді қоршап алып жатыр. Оның нақты өлшемін ешкім де білмейді. Әркім қалауынша қазық қағып алған. Ал ең сорақысы мына жерге жол төселеді, ал мына аумаққа инфрақұрылым желісі тартылады деген жоспар да жасалмаған.

Әзірге бұл аймақтан 17 адам жер алмақ ниетте. Бірақ ешбірі жер кезегіне тұрмаған. Өйткені мұндай тізімнің өзі жоқ.

Ал әкімге сенімі жоғалғандар берген ақшаларын даулай бастады. Айтуларынша, оның орынбасарына кезінде 60 мыңнан бастап 100 мыңға дейін ақша берген.

Әкім орынбасары елдің айыптауын жоққа шығара алмады.

Әкімнің айтуынша, бас жоспар жасалып, қазір елді мекенді геопорталға енгізу жұмысы жүріп жатыр. Жер телімін бөлу енді басталмақ. Сондай-ақ қазынадан бөлінген 216 миллион теңгеге электр бағаналары мен трансформатор орнату ісі де биыл қолға алынады.