Оқиға • 22 Сәуір, 2024

«Ұлын қорғамақ болған»: Сайрамда 49 жастағы әйел күйеуін өлтірді деген күдікке ілінді

630 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарамұрт ауылында 49 жастағы әйел күйеуін өлтірді деген күдікпен 2 айға қамауға алынды. Отасқандарына 30 жыл болған ер мен әйелдің төрт перзенті бар. Екі ұлы мен екі қызы да кәмелет жасына толған, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Ұлын қорғамақ болған»: Сайрамда 49 жастағы әйел күйеуін өлтірді деген күдікке ілінді

фото: inbusiness.kz

Оқиға 12 сәуір күні марқұм мен күдіктінің үйінде болған. Туыстарының сөзінше, ер адам мүмкіндігі шектеулі ұлына қол көтеріп, әйел оған араша түскен. Сөйтіп күйеуін қылқындырған әйелі, ақыры, оны өлтірді деген күдікпен қамауға алынды. 

Көрші-қолаңның сөзінше, бұл отбасындағы алғашқы жанжал емес. Төрт баланың анасы бұған дейін де күйеуінің жұдырығынан қашып, көршілердің үйіне тығылған деседі. Ал ер адамның ішімдікке тәуелді екені анықталды.

«Спирттік ішімдікке тойған әкемізден біз де талай рет қашқанбыз. Бірде есіктен, бірде терезеден шығып кететін едік. Әкеміздің озбырлығынан құтылу үшін әпкелерім тұрмысқа ерте шығып кетті. Мен де мектепті аяқтай сала шетелге оқуға түстім. Бірақ анам әкемізді бірде арықтан, бірде жолдан тауып алғанын айтып хабарласып жүрді. Оқудан демалысқа келгенім сол еді жағдай тағы қайталанды. Мен ол кезде үйде ән тыңдап жатқанмын. Сөйтсем, далада жанжал болып жатыр екен», дейді ұлы. 

Учаскелік полицейдің айтуынша күйеуін өлтірді деген күдікті 2019 жылы қорғауға алынған. Одан кейін полицияға шағым түспепті. Алайда ұзақ үнсіздіктің соңы қайғылы жағдаймен аяқталды. 

«Мұндай қайғыны ешкімнің басына бермесін. Бұл отбасымен 20 жылдан бері көршіміз. Әйелі сондай жақсы. Жұмысына таңертең кетіп, кешке бір-ақ келеді. Ал күйеуі көбіне мас болып жүреді. Көрген сайын «қой» дейтінмін. Балалары кішкентай кезінде ұрыс-жанжал өте көп болатын. Кейін саябырсыды. Сөйтсек, әйелі бәрін ішіне жұтып жүрген екен ғой», дейді отбасының көршілері.

Күдікті әйелдің үстінен сотқа дейінгі тергеу басталып, екі айға қамауға алынды. Ал алғашында «оған кешірім бердік» деген қайын жұрты кейін ойынан айнып қалған. Олар бұл іске үшінші адамның қатысы бар деп ойлайды.

«Біздіңше, ағамызды әйелі жалғыз өзі өлтірген жоқ. Бұл жерде тағы бір адам бар. Бәрін айтып, қылмысқа көмектескен. Біздің ағамыз қайтыс болды. Иә, жеңгем. Бірақ әркім өз жазасын алуы керек», дейді марқұмның туыстары. 

Ал күдіктінің жақындары құдаларының бұл ойымен келіспейді. 

«Сіңлім осы күнге дейін көрмегенді көрді. Бірақ «ұят болады» деп шыдап келдік. Шыдамның шегі жеткен сияқты. Оны ақтамаймын. Бұл ауыр жағдай. Бірақ ол адамды тектен-текке өлтірді дегенге сенбеймін. Өзін-өзі қорғап абайсызда жасаған деп топшылаймын. Бала-шағасын өсіріп, енді ғана өзіне келді ме дегенде отбасының осылай ойран боларын кім білген?», дейді күдікті әйелдің әпкесі.