Қоғам • 22 Сәуір, 2024

Автомобиль жолдарын жөндейтін мердігерлердің жауапсыздығынан халық зардап шегіп отыр – сенатор

120 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Жетісу және Алматы облыстарында автомобиль жолдарын дамыту мәселелері бойынша жұмыс отырысын өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Автомобиль жолдарын жөндейтін мердігерлердің жауапсыздығынан халық зардап шегіп отыр – сенатор

Сенатор Жанболат Жөргенбаев өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік және логистика саласын дамытуға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Алайда, еліміздегі жолдардың жағдайы сын көтермейді.

«2022 жылы Президент Жетісу облысына сапары барысында Кербұлақ және Панфилов аудандарындағы автомобиль жолдарын жөндеуге қатысты тапсырма берген еді. Алайда, екі жылдан астам уақыттан кейін ешқандай өзгеріс байқалған жоқ. Ауыл тұрғындары көтеретін өзекті мәселелердің бірі – осы. Сонымен қатар Кеген және Райымбек аудандарындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жағдай жүргізушілерді алаңдатып отыр. Ол туралы жақында әлеуметтік желілерде хабарланды. Салалық мемлекеттік органдар берген ақпаратқа қарағанда, мердігер компаниялардың жауапсыздығы байқалып тұр. Осындай салғырттықтан өңір тұрғындары зардап шегіп жатыр», деді сенатор.

Депутаттар алдында сөз алған Алматы облысы әкімінің орынбасары Алмас Батанов өңірдегі ахуал туралы айтып берді. Ол осы жылы 20,8 млрд теңге сомасына 214 шақырым облыстық маңызы бар жолдарды жөндеу жоспарланғанын хабарлады. Ал облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов сенаторларға өңірде 55 елді мекенде жолдар мен ішкі көшелерді жөндеуді көздейтін 29 жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын айтты.

Отырыс барысында көлік министрінің орынбасары Сәтжан Аблалиевтің, «ҚазАвтоЖол» Басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің және басқа да мүдделі мекемелер өкілдерінің баяндамалары тыңдалды.