Суреттерді түсірген Жеңіс ЫСҚАБАЙ
Ауыл шаруашылығы саласының қазіргі ахуалы және даму жолы көптің талқысына түсіп отыр. Бүгінде аграрлық ғылымда не бар? Өндіріске енгізуге тұқым дайын ба? Ұлттық ғылым академиясы осы мәселені зерттеп жатыр. Сөйтсек, қазақ ғылымында жаңалық көп екен. Әйткенмен, ғылым мен өндіріс арасында байланыс жоқ. Осы ретте Жетісуда ғылым мен өндіріс ара-қатынасын нығайтуға бағытталған жоба қолға алынды. Ондағы мақсат – фермерлерге отандық тұқымның пайдасын түсіндіріп, өнім көлемін саралау. Сол үшін интенсивті технологияны қолданудың тәжірибе алаңы ретінде 28 гектарға әртүрлі дақыл себілді.
Қолға алған жоспардың маңызын түсіндіру үшін Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының, егіншілікте қолданылатын биологиялық, химиялық қоспаларды және ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын компаниялар мен олардың дистрибьюторлық ұйымдарының өкілдері, жақын аудандарда тұратын шаруа қожалықтарының жетекшілері «Кең дала» шаруа қожалығының базасына жиналды. Алқапқа әрқайсысы 7 гектардан 4 түрлі дақыл, атап айтсақ, қант қызылшасының, сояның, жүгері мен арпанның тұқымы егілді. Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қант қызылшасының тұқымы – ғылыми зерттеу институтының түрлі сортты будандастыру арқылы жасап шығарған тұқымның жаңа буыны. Институт ғылыми қызметкері Нұрсұлтан Мұсаходжаевтың айтуынша, тұқым елімізде жасалғандықтан елдің климаттық ерекшелігіне, топырақ құнарының деңгейіне бірден бейімделе алады.
«Тоқсан жылдық тарихы бар біздің институт соңғы бес жылда қызылша тұқымымен айналыса бастады. Шетелдік тұқым селекциясының бір күрделілігі – қызылшаның аталығы мен аналығын лайықты сәйкестендіру, сол арқылы әрі қарай көбейту біршама қиындық туғызады. Біз аталығын Украинадан, аналығын Америкадан, бұнан соң Франциядан, осылай әр түрін әкеліп, стреске төзімді жетінші-сегізінші буынын шығардық. Кейін бұл төзімді тұқымды отандық аналық тұқыммен будандастырдық. Біз жасаған тұқым зиянкестерге, ауруларға қарсы препараттармен өңделген. Қазір елімізде қант қызылшасы тұқымының 95 пайызы шетелден әкелінеді. Отандық тұқымдарды неғұрлым сапалы жасап шығарсақ, соғұрлым шаруаға да, ел экономикасына да пайдалы», дейді Н.Мұсаходжаев.
Шынында ғалымдар шығарған сан алуан сорттар жергілікті шаруалардың қолына тимейді. Мәселен, былтыр отандық ғалымдар қызылшаның 7 жаңа сортын жасаған. Шетелдік нұсқадан еш кем емес, бағасы да арзан. Неге оны шаруалар білмейді? Ол үшін сортты көбейтетін орталықтар ауадай қажет.
«Бүгінгі себілген дақылдардың шығымы қандай болатынын жаз бойы бақылаймыз, нәтижесін салыстырып қараймыз. Қызылшаның отандық тұқымы мен қолданылған препараттардың тиімділігін, ауыл шаруашылығы техникаларының артықшылығын шаруаларға іс жүзінде көрсетсек дейміз. Сол мақсатта шамамен шілде айында осы алқаптың базасында тағы бір семинар жиынын өткізіп, жұмыс нәтижесін бірге талқылаймыз. Жалпы, кез келген дақылды өсіргенде ғылыми негізге сүйену керек. Сонда ғана егін өнімді болады. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – ғылым мен өндірісті ұштастыру, интенсивті технологияны қолдану деңгейін арттыру, сол арқылы өнімділікке қол жеткізу, өнімнің өзіндік құнын төмендету, сөйтіп, шаруашылықтардың табысын арттыруға қол жеткізу», дейді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.
Алқапта қант қызылшасының отандық тұқымы 2 гектарға, шетелдік тұқым 5 гектарға егілді. Алдағы уақытта бірдей күтіп-бапталып, кейін әр тұқымның өнімділігінің нәтижесі шығарылады.
Жетісу облысы