Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ұлттық банктің алтын-валюта резервтерін пайдалануға қатысты көзқарасын қайта қарағаны өткен жылы белгілі болған. Енді ол өз интервенцияларында Ұлттық қордан бюджет тапшылығын қаржыландыруға кететін шығындарды есепке алады. Бас банктің жаңа валюталық интервенция тетігі қалай жұмыс істейді? Ол теңгемізді нығайтуға қаншалықты көмектеседі және елдің қалған резерві қанша уақытқа жетуі мүмкін?
Сарапшылар бюджеттегі ойын ережесі экономикамыздың мұнай бағасына тәуелділігін реттеу үшін ойлап табылғанын, бағаның құбылуына байланысты ойын ережесі де өзгеріп тұратынын айтады. Бұл жағдай қолайлы уақытта Ұлттық қорды қорландырып алуға, ал тапшылық кезде артығырақ шығын шығаруға мүмкіндік береді. Қаржы министрлігі ай сайын бюджетке түсетін нақты кірістерді бағалайды, кіріс жоспардан төмен болса, онда жетіспеушілік мөлшері жарияланып, Ұлттық қордан доллар не теңгені сатады. Сатудан түскен қаражат бюджет шығындарына жіберіледі.
Бұл жағдай валюта бағамының құбылмалылығын төмендетуі керек. Экспорттаушылар аз табыс алған кезде ішкі нарықта шетел валютасының тапшылығы байқалады, бұл теңгенің әлсіреуіне әкеледі. Доллардың орнына алтын сату тапшылықтың орнын толтырады. Теңгенің күшейіп кетуіне жол беруге болмайды деген қатып қалған қағида 2023 жылы бұзылды. Енді ішкі нарық теңгенің күш алып кетуінен де, тым қатты әлсіреп кетуінен де қорықпайды. Наурыз айының соңында теңге бағамы 0,9%-ға нығайды. Қазақстан қор биржасында бір айда орташа күндік сауда көлемі 187-ден 225 млн долларға өсті, сауданың жалпы көлемі 3,8 млрд доллар құрады. БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру үшін Ұлттық банк наурыз айында биржалық сауда-саттықта 500 млн долларды немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 13%-ын сатып алды.
«Ұлттық банк Ұлттық қордың қаражатымен операция жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді. Аталған тәжірибе Ұлттық қордағы операциялардың валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді», деп хабарлады бас банк.
Ұлттық банк ашықтық қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы ақпаратты толық ашып көрсетеді. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты түрленеді.
Экономист Андрей Чеботаревтің пікірінше, сәуірде теңге тұрақты күйінде қалуы, мүмкін одан да нығаюы мүмкін. Бұл Ұлттық қордан бюджетке түсетін трансферттердің ұлғаюымен байланысты.
«Теңге нығайып жатыр. Сәуірде Ұлттық қордан бюджетке аударылатын трансферттердің ұлғаюына байланысты төл валюта дәл сондай күшті немесе одан да күштірек болуы әбден мүмкін», дейді сарапшы.
Alpari сарапшысы Анна Бодрованың айтуынша, наурыздың соңғы аптасында әлемдік капитал нарықтарындағы тәуекелге қатысты оң көзқарас, мұнай бағасының қымбаттауы және ішкі нарықта валютаның тұрақты ұсынысы теңге бағамына қолдау көрсетті. Теңгенің долларға шаққандағы бағамы қайтадан оң аймақта. Әлемдік мұнай нарығында өсім байқалады – Brent маркалы мұнай баррелі 89,53 долларға көтерілді. Наурызда елімізде іскерлік белсенділіктің артуы да – ел экономикасы үшін оңды белгі. Өткен аптада доллар бағамы – 445-450 теңге, еуро – 480-485 теңге, рубль – 4,80-4,95 теңге, юань 61-63 теңге аралығында болады деп болжанып отыр. Демек сәуірде теңгеге төніп тұрған қауіп жоқ.