Аймақтар • 25 Сәуір, 2024

Қыстың қамын жаз ойла

133 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Керекуде жылу желілері сынақтан өткізіліп жатыр. Алдағы жылу маусымына дайын тұруы үшін ерте бастан жүйелер тексеріліп, осал тұстары жаңартудан өтеді. Қазір облыс орталығы бойынша жылу жабдықтарының тозуы 92 пайызға жеткен.

Қыстың қамын жаз ойла

Фото: pavon.kz

Жергілікті жылумен­ қамтушы мекеме­лер мен билік өкіл­дері жыл сайын қаншама километр желіні жаңартып жатырмыз дегенмен, құбырлардың тозу көрсеткішін қуып жету мүмкін болмай бара жатыр. Тіпті кейінгі жылдары бұл тіпті үдей түсіп, жылу және ыстық су жүйелерінде ақаулар көбейе түскен. 2022 жылы Екібастұз қаласында болған жүйелі апат, Павлодар қаласының әр жерінде тіркелетін апаттық оқиғалар – мұның дәлелі.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың сөзінше, энергетика жүйесінің ескіруі – тек біздің облыста ғана емес, ел бойынша өзекті мәселенің бірі. Қазақстандағы көптеген жылу-энергия орталығы 50 жылдан аса жұмыс істеп келеді.

см

– Халықты сапалы жы­лу­­мен қамтамасыз ету ша­­ра­­ларын біз өткен жылдың ба­­сында қабылдадық. Екібастұз қа­ласында алдыңғы жылғы апат­ты жағдай қайталанбас үшін кешенді жұмыстар атқа­рылды. Екібастұз ЖЭО-ның барлық 10 қазандығына және қаланың жылу желілеріне жөн­деу жүргізілді. 2023 жылы бар­лық 3 қалада (Павлодар, Екі­бас­тұз, Ақсу) 73,1 км жылумен жаб­дықтау желілері жөнделді. Нәтижесінде, жылу желілерінің тозуын 82,1 пайыздан 80,5 пайызға дейін төмендеттік. Биыл 22,7 км жылу желілерін қайта жаңарту және жаңғырту бо­йынша тағы 8 жобаны іске асыру міндеті тұр. Магистралдық желілердің цифрлық сызбасы да құрастырылып жатыр, – деді өңір басшысы.

Осы аптадан бастап үш қалада орталықтандырылған жылумен қамту тоқтатылып, желілерде гидравликалық сынаулар басталды. Өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың дерегінше, өткен қыста тұтынушылар­дан жылудың жетіспеушілігіне қатысты 1,5 мың шағым түс­кен. Жылу параметрлерінің тө­мендеуі бойынша 704 жағдай тіркеліп, 226 технология­лық кемшілік анықталған. Ал не­гізгі жылу желілерінде кездес­кен кемшіліктер саны 300-ге жуықтаған.

ми

«Жаңа жылыту мау­сы­­мына дайындық іс-ша­ра­­лары аясында облыстағы энер­гия­лық көздерде 39 негізгі жабдықты, 40 шақырымнан аса жылу желілерін жөндеу жос­парланған. 337 автономды қазандық пен 2,2 мың көп­қабатты тұрғын үйді қысқа тың­ғылықты дайындау қажет. Жал­пы, біздің жоспарымызша атал­ған жобаларға 56 млрд тең­ге қара­жат керек, ең бастысы, қар­жы­ландыру жеткілікті болса бол­ғаны», деп атап өтті ол.

«Павлодар жылу желілері» ЖШС жеке қаражатына қанша шақырым желіні жөндейтіні қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан сынақ жұмыстарының нәтижесінде белгілі болады. Бұл жұмыстардың алғашқы кезеңі 28 сәуірге дейін жалғасады деп жоспарланған. Яғни Павлодар қаласының оңтүстік бөлігіндегі құбырлар мен жүйелердің жай-күйі шамадан тыс қысым беру арқылы тексеріледі. Одан соң шаһардың солтүстік бөлігінде де дәл осындай іс-шаралар жүргізілмек. Ал күзгі сынаулар 31 шілде мен 4 тамыз, 5-12 тамыз аралықтарына белгіленіп отыр.

Жылу мекемесі бас инже­не­рінің орынбасары Павел Пле­тухов жылу желілеріндегі негізгі жабдықтардың тозуы 92,2 па­йызды құрайтынын жеткізді. Өткен жылу маусымында желілерден 280 ақау шыққан. Биыл 3,7 шақырым желіге күрделі жөндеу жүргізіледі деп жоспарланған. Бұған қоса жабыны бұзыла бастаған жылу оқшаулағыштарды қалпына келтіру және аумақтарды көрік­тендіру де қарастырылған.

«Біз қазір сынау жұмыс­тарының нәтижесін күтіп отыр­мыз. Сол арқылы жүйе­дегі ең осал тұстарды анық­тап, әуелі анықталған кем­ші­ліктерді түзейміз. Ал ақау­лар ауқымдырақ болса, ондай учаскелерді жөн­деуге Павлодар қаласының әкім­дігі анықтаған мердігер компания жұмылдырылады. Мұндай ақау­ларды жөндеу, қалпына кел­тіру мерзімі 30 күнге созы­луы керек. Қазір қаланың оңтүстік бө­лігі ыстық судан ажыратылды. Ақаулар шықпаған қала бөлік­те­рінде ыстық сумен қамту 3-5 күн­нің ішінде қалпына келеді», дейді компания өкілі.

Қала билігі биыл Қамзин көшесі бойында ЖМ-13 жаңа жылу магистралінің және Абай-Кривенко көшелері аумағында ТСС-5 жаңа сорғы стансасының құрылысын жүргізуді ойға алып отыр. Сондай-ақ 5,9 шақырым ішкі желілер реконструкциядан өтеді.

Екібастұз қаласында да жы­лу желілерін жөндеу бойын­ша дайындықтар жалғасып жатыр. Биыл бұл мақсатқа шамамен 16,3 млрд теңге жұмсау көздел­ген. Үкімет резерві есебінен жылу-энергия орталығының №15 қазандығын күрделі жөндеу және 3,2 шақырым су тұндыратын магистраль салу жоспарланып қойды. Бұған қоса Үкімет резервінен қаражат бөлініп, ЖМ-1 және ЖМ-2 жылу магис­тральдары реконструкция­дан­ өтпек. №2 және №7 жылу магис­тральдарына дәл осындай жөндеу жүргізу үшін қазіргі сәтте мемлекеттік сараптаманың қорытындысы күтіліп отыр. Ал Ақсу қаласында төрт шақырым ішкі желілер жөнделеді.

 

Павлодар облысы