Қоғам • 27 Сәуір, 2024

Семейде теміржол қызметкерлерін бопсалаған блогер сотталды

149 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Семейде темір жол қызметкерлерін бопсалаған блогерге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Семейде теміржол қызметкерлерін бопсалаған блогер сотталды

34 жастағы азамат енді алдағы үш жарым жылын темір торда өткізеді.

Жергілікті тұрғын екі жыл бойы жолсеріктерді қорқытып-үркітіп, өзінің қалтасын қампайтып отырған. Семей арқылы қатынайтын жолаушылар пойызына мініп, қызметкерлерді масқаралайтын бейнематериалдарды түсірумен айналысыпты. Кейін өзін «блогер» және «қоғам қайраткері» ретінде таныстырып, «әлеуметтік желіге жариялаймын» деп қорқытқан. Осыдан үрейі ұшқандар бейнематериалдарды жою үшін ақша беруге мәжбүр болған.

Бопсалаушы блогер екі жылда он миллион теңгеден астам ақша алғаны анықталды. Оның жымысқы әрекетінен 25 жолсерік зардап шеккен. Кінәсі толық дәлелденген блогер енді үш жарым жыл түрмеде отырып, жәбірленушілердің шығынын толық өтеуге міндеттелді.

- ҚР ҚК 58-бабы 3-бөлігі бойынша жеңіл жаза ауыр жазаға сіңіріп, үш жыл алты ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жаза қылмыстық атқару жүйесінің орта, орташа қауіпсіздік мекемесінде өтелсін. Жаза мерзімі үкім заңды күшіне енгеннен кейін есептелсін, - деді Семей қаласының №2 сотының судьясы Ержан Әубакіров.