ҮКІМЕТ
Соңғы жылдары елімізде ауыл шаруашылығы, әсіресе, мал шаруашылығы саласына алаңдаушылық байқалады. Бұл қай елдің де болмасын экономикасында маңыздылығымен ерекшеленетін ауыл шаруашылығына деген қоғамдық көзқарастың шынайы қалыптасып келе жатқандығы деп айтуға болады.
Содан да болар, еліміз тәуелсіздік алғалы аграрлық өндірісті жақсарту мақсатында атқарылып жатқан іс-шаралар мен ондағы кемістіктерді де байқамау мүмкін емес.
Еліміздің ауылшаруашылық өндірісінде әлемнің дамыған елдерінде тиімділігімен ерекшеленген көптеген озық технологиялар мен құнды мал, өсімдік тұқымдары кеңінен қолданыс табуда, атап айтқанда, қоғамдық негізде ірі қара мал тұқымдарының республикалық палаталары құрылып, мал тұқымдарын асылдандыру іс-шараларын басқару, реттеу, тиімділігін бағалау мәселелері тікелей шаруашылық құрылымдар еншісіне берілді. Сонымен қатар, жылдан-жылға ауылшаруашылық өндірісіне мемлекеттік субсидия түрлері мен ауқымы артып келеді. Егін, дәнді дақылдар шаруашылығында да инновациялық жетістіктердің арқасында бұрын болмаған рекордты көрсеткіштерге қол жеткізілуде. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдаулар мен қаржылай көмектерді иелене, ауылшаруашылық құрылымдары өндірген өнімдерін еркін бағада пұлдап сату арқылы да біршама қаржылық жағдайларын жақсартуда.
Дегенмен, әзірге еліміз табиғи мүмкіндіктеріне сай ауыл шаруашылығы саласы дамып келеді деп айтуға болмайды. Осыған орай, ауыл шаруашылығы өндірісінде шешімін таппай отырған күрделі проблемалар жетерлік сияқты. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы жер қатынастарын реттеу, мемлекеттік субсидиялауды жетілдіру және ауыл шаруашылығы саласындағы шағын, қосалқы шаруашылықтар қызметтері тиімділігін арттыру сияқты үш мәселеге ерекше тоқталғым келеді.
Ауылшаруашылық жерлері ауыл экономикасында негізгі капитал, өндіріс көзі болып есептеледі. Содан да болар ауыл реформасы ауылшаруашылық жерлерін жекеменшікке және ұзақ мерзімге жалға беру, сондай-ақ, оларды банктерге кепілдікке қою арқылы несие алу мүмкіндіктерін заңдастыру іс-шараларынан басталуы кездейсоқтық болмаса керек. Бірақ та, өкінішке қарай, бүгінде елімізде ауылшаруашылық жерлерін жекеменшікке иеленгендер үлес салмағы өте төмен. Сондай-ақ, ұзақ мерзімге (49 жыл) жалға берілген жерлердің де мақсатты пайдалану деңгейі, әсіресе, Орталық, Солтүстік Қазақстан өңірлерінде, сондай-ақ, банктерге жерлерін кепілдікке қойып несие алғандар саны да көңіл көншітер емес деп айтуға болады. Мысалы, жасыратыны жоқ, жалға алған ауылшаруашылық жерлерін өзі де пайдаланбай, өзгенің пайдалануына да қолбайлау жасап отырғандар баршылық.
Осы аталған жағдайларға байланысты болса керек ауылшаруашылық жерлерінің құнарлылығын сақтау, жақсарту, зиянды іс-әрекеттерден, табиғи құбылыстардан қорғау мәселелері де бүгінде назардан тыс қалып отыр.
Меніңше, бұл мәселенің түйіні ауылшаруашылық жерлерін тиімді немесе мүлдем пайдаланбаушыларға әсерлі іс-әрекеттер мен қажет жағдайда жерді мемлекет қорына қайтарып алу тетіктерінің қауқарсыздығында жатыр. Сондықтан да, біріншіден, келешекте жергілікті атқарушы органдарға өздері берген ауылшаруашылық жерлерін оларды пайдалануда заң бұзушылық фактілері орын алғанда, тиісті алдын ала ескерту іс-шаралары нәтижесіз болғанда, оларды мемлекеттік қорға (сотсыз) қайтарып алу құқығы заңдастырылса, екіншіден, ауылшаруашылық жерлеріне салық мөлшері оның бонитетімен қоса, жайылымдық, шабындық жерлердің мал азығындық өсімдіктер қорына байланысты және мақсатты пайдаланбаса жер иеленушіге қаржылай тиімсіздік келтіретін деңгейде қалыптастырылса, үшіншіден, жалға пайдаланылатын ауылшаруашылық жерлерінің құнарлылығын сақтау, жетілдіру, зиянды жағдайлардан қорғау міндеттерін, еліміздегі мүліктерді жалға пайдалану туралы азаматтық заң актілеріндегі ұстанымдарға сай, яғни жалға берген мүліктің пайдалану жарамдылығын жалдаушы қамтамасыз етеді дегендей, мемлекет өз құзырына алса, жалпы ауылшаруашылық өндірісіне деген жауапкершілік пен оның тиімділігі еселеп артар еді. Мысалы, Германияда азық-түлік нарығында айтарлықтай баға өсуі мен тұрақсыздығы қалыптасқанда тиісті өкілетті орган өз шешімімен оны қалыпты жағдайға келтіріп, содан кейін оның негізділігін құқық қорғау органдары қатысумен саралап, тиісті шешімге келеді екен. Сонымен қатар, ауылшаруашылық жерлерін пайдалануға бергенде оның көлемін, оған сұраныс білдірген кәсіпкердің жерді мақсатты, тиімді пайдалануға байланысты материалдық-техникалық, интеллектуалдық мүмкіндіктеріне сәйкестендірудің де маңызы зор.
Мысалы, экономикасы қарыштап дамыған шетелдерде ауылшаруашылық жерлерін жалға беру тәсілі кеңінен қолданылады, яғни жасыратыны жоқ, бұл арқылы мемлекет ауылшаруашылық өндірісіне тиісті мемлекеттік қолдау, бақылау мен реттеу тетіктерін заңды түрде пайдалануға құзырлы бола алады екен. Өркениетті елдердің қайсысында болмасын ауылшаруашылық өндірісі мемлекеттік қаржылай қолдаусыз жоғары деңгейге жетіп отырған жоқ дегенімізбен, оның деңгейі мен қаржыландыру тетіктері өндірілетін өнімдер көлемі және сапалық көрсеткіштерімен тікелей байланысты болатындығын ескеру керек сияқты.
Сондықтан да болса керек, бізде де ауыл шаруашылығына деген субсидия көлемі мен түрлері жылдан-жылға артып келе жатқанымен, өндірілетін өнімдердің сандық-сапалық көрсеткіштерінде айтарлықтай оң өзгерістер байқалмай отыр. Осыған орай, Елбасымыз да ауылшаруашылық өндірісін мемлекеттік субсидиялау жүйесін жетілдірудің қажеттілігін бірнеше мәрте атап өткен болатын.
Бұл жерде менің ойымша, елімізде бүгінгі қолданыстағы шаруашылық құрылымдары бойынша «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» дегендей, субсидиялау жүйесі, басқасын айтпағанда, еліміз агроөнеркәсіп кешені бойынша тең нарықтық инфрақұрылымдық ортаны қалыптастырмай әлі де біз күткендей тиімді бола алмайды. Бір ғана мысал, асыл тұқымды мал бастарын бағуға ынталандыру үшін де ( сатып алғаны үшін берілетін субсидия емес) субсидия бөлу қажеттілігін түсіну қиын, яғни кәсіпкер табыстылық ауқымын арттыру үшін жоғары өнімділік мал бастарын өсіруге өздігінен құлықты болуы керек. Демек, шаруашылық құрылымдары бойынша мемлекеттік субсидиялау жүйесі тек қана асыл тұқымды мал бастарын, жоғары сортты дәнді дақылдар, өсімдіктер тұқымдарын сатып алуға қолданылып, бұл мақсатқа арналған қалған мемлекеттік қаржы тиісінше республикалық, облыстық деңгейлерде орталықтандырылған қаржы қоры есебінен жалпыға ортақ, яғни жайылымдықтар мен шабындықтарды суландыруға, ауылшаруашылық жерлері құнарлылығын, малазығындық өсімдіктер қорын, мал азығы құнарлылығын (құрамажем дайындау), суармалы жерлер пайдалану, сондай-ақ, шағын ауылшаруашылық құрылымдары тиімділігін арттыруға байланысты іс-шаралар қаржыландырылса, келешекте ауылшаруашылық өндірісі тың белеске көтеріледі деп есептеймін. Бұл орайда, бұрынғы озық тәжірибелерді ескеріп, ауылдық аймақтар бойынша жоғарыда аталған мәселелерді шешу мақсатында, мамандандырылған, арнайы материалдық-техникалық жабдықтармен жасақталған өндірістік бірлестіктер қызметтерін қалыптастырудың маңызы зор. Сондықтан да, ауылшаруашылық өндірісін мемлекет субсидиялау жүйесін түбегейлі жетілдірмесек, келешекте мал өнімдерін сырттан сатып алу тиімді болатын жағдайға ұрынуымыз әбден мүмкін.
Әлемдік тәжірибелер көрсетіп отырғандай, қай уақытта болса да, ауылшаруашылық өндірісінің негізін ірі шаруашылықтар қалыптастырған, яғни олар еңбек өнімділігін арттыруда, инновациялық жетістіктерді пайдалануда, әлемдік нарықта да айтарлықтай беріктігімен ерекшеленеді.
Осыған орай өз іс-тәжірибеме сүйеніп ауыл шаруашылығы аудандары деңгейінде мемлекет-жекеменшік қауымдастығы негізінде ауылшаруашылық өнімдерін өндіруші, жабдықтаушы және өңдеуші құрылымдары кооперацияларын құруды шағын шаруашылық құрылымдар тиімділігін арттырудың бірден-бір ұтымды жолы деп есептеймін. Атап айтқанда, бұл шаруашылық бірлестігінің ерекшелігі: біріншіден, жергілікті атқарушы органдардың, өнімдер өндіруші, материалдық-техникалық жабдықтаушы және өңдеуші шаруашылық құрылымдарының, екіншіден, ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің мүлкіне, жеріне, өндірген өнімдеріне меншіктік құқығы сақтала, материалдық-техникалық жабдықталуда, ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде, өңдеуде және өткізуде бірлескен қызметтер жүйесі қалыптасады, үшіншіден, бірлестік (кооперация) құралтайшыларының табыс көлемі оған тікелей қатысты қызметтер үлесімен анықталады.
Ескеретін жайт, бұл кооперациялық құрылым қызметтерін үйлестіру, реттеу және мемлекеттік қолдау мәселелерімен тиісті жергілікті атқарушы органдар айналысады.
Ауыл шаруашылығы өндірісінде өзекті мәселелердің бірі ретінде ауылдық аймақтардағы жеке, отбасы шаруашылықтары ерекшеліктерін айтуға болады. Статистикалық мәліметтер бойынша, еліміздің қосалқы, отбасы шаруашылықтарында ірі қара малының 76,6%, қойдың 41,2%, жылқының 21,7%-ы өсіріліп, мал, құс етінің 70,0%, сүтінің – 83,3%, тауық жұмыртқасының 33,4%, қой жүнінің 63,4%, қаракөл елтірісінің 77,8%-ы өндіріледі екен. Сонымен қатар, көкөніс, картоп өнімдерінің басым бөлігінің де жеке шаруашылықтарда өндірілетіндігі жиі айтылады. Осыған орай, еліміздің ауылшаруашылық өндірісін дамытуда басты мақсат неге ауылдық елді мекендердегі жеке қосалқы, отбасылық шаруашылықтар қызметтерін жандандыруға бағытталмайды деген ой еріксіз келеді.
Бірақ та, жеке қосалқы, отбасы ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін шаруашылықтар бойынша тұрақты есеп-қисап құжаттарының өз мәнінде жүргізілмеуінен, оларда өндірілген өнімдер көлемінің нақтылығы да айтарлықтай күмән келтіретіндігін, екіншіден, бұл құрылымдардағы өндірілген ауылшаруашылық өнімдері үлес салмағының жоғарылығы негізінен, жекешелендіруден кейінгі өтпелі кезеңде ауылшаруашылық (астықтан басқа) өнімдері көлемінің күрт төмендеуінен мүмкін болып отырғанын да жасыруға болмайды. Негізінде бүгінде жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтарында өндірілетін өнімдер көлемін нақты анықтау мүмкін де емес деп айтуға болады.
Сонымен қатар, бұл құрылымдар ауыл реформасында да, біршама ауыл тұрғындары қоныс аудару фактілерін айтпағанда, басқадай өзгеріске ұшырай қойған жоқ. Сондықтан жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтарда өнімдер өндіру көлемі бұрынғыдан еселеп артып отыр деп айту қиын.
Демек, ауылдық жеке қосалқы, отбасылық шаруашылықтар, оларда еңбек, өнімділік көрсеткіштерін арттыру мүмкіндіктерінің объективті шектеулілігі мен тұрақсыздығына байланысты келешекте де ауыл тұрғындарының ауылшаруашылық өнімдеріне деген өзіндік, ішкі қажеттілігін қамтамасыз ететін және ауылдағы төменгі табыстылық деңгейін толықтырушы фактор ретінде қала береді деп ойлаймын. Осыған орай, ауылдық жерлердегі отбасы, қосалқы шаруашылық құрылымдарының мәртебе, дәрежелерін анықтаудың әлеуметтік-экономикалық маңыздылығы да артып отыр.
Сонымен қатар, мәселенің маңыздылығынан болса керек таяуда қабылданған Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Заңында жеке қосалқы шаруашылықтарда өнімдер өндіру нормасын анықтау туралы айтылған. Бұл да жоғарыда айтылған проблемаларды реттеуге бағытталған шара деп ойлаймын.
Кәкімжан САРХАНОВ,
Қазақ ауыл шаруашылығы өндірісі экономикасы мен ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты филиалының директоры, а.ш.ғ.д.