Ұлыбританияның бүкіл әлем оқитын аса беделді «Таймс» газетінің пікірінше, Германия федералдық республикасының канцлері Ангела Меркель «Жыл адамы» аталды. Оны газеттің мыңдаған журналистері мен олар пікірін сұраған дүниежүзінің әр тарабында өмір кешіп жатқан сарапшылар анықтаған.
Не үшін дегенде, Шығыс Еуропадағы қазіргі ушыққан жағдайда континентте тұрақтылықты сақтау жолындағы жетекші рөлі үшін деген анықтама берілген. Газеттің осы оқиғаға арналған мақаласының тақырыбынан да көп жайды аңғарасың. Ол: «Қауіпті еркектерге толы мынау дүниеде бізге керек әйел» деп аталады.
Көп елде әйел азаматтардың бірінші басшы болуы сирек болса, ал бүкіл әлемде бірінші қайраткер аталуы мүлде сирек. Содан да оған айрықша мән беріледі. Немістер Ангела Меркельдің өз елінде бір партияның сегізінші рет төрайымы, ал үшінші рет елдің канцлері болып сайланғанын атап өтсе де, кейде басқа партияның өкілдері оған қарсылықтарын білдіреді. Ал бұл жолы оның әлемдік дәрежеде «Жыл адамы» аталғанына бүкіл Германия қуанды, бүкіл ел болып мақтанды.
Жалпы, Ангела Меркель марапаттан кенде емес. Өткен жылдың мамырында «Форбс» журналы 9-шы рет әлемдегі ең ықпалды әйел-қайраткер деп атады. Әсіресе, Еуропаға қатысты барлық мәселеде соңғы жылдарда жұрт оның сөзіне жығылады. Және өз кезегінде Германия канцлері саяси белсенділігімен де көзге түсіп жүр. Бірақ ол әсте де атаққұмарлық, жалған белсенділік емес, үлкен парасаттылыққа негізделген әлемдік жауапкершілік жүгін арқалаған белсенділік.
«Таймс» газетінің пікірінше, неміс канцлерінің «Жыл адамы» аталуы «ең алдымен Қырымды аннексиялағаннан кейін Батыс пен президент Владимир Путиннің арасындағы аса күрделі келіссөзді өз бақылауында алуы» болған. Сонымен қатар, бұл газет бұл мәселеде Ангела Меркельді «алмастыруға келмейтін қайраткер» деп сипаттаған.
Бұл келіссөзде оның ұстанған бағыты да белгілі. Ол Ресейге қарсы қатал экономикалық санкцияларды қолдайды және бұл мәселеде бастамашылық та көрсетіп келеді. Соған қарамай, неміс канцлері шиеленісті одан әрі шиыршықтатпай, келісім жолымен шешуді жақтайды. Ресей Ғылым академиясының Әлемдік экономика және халықаралық қарым-қатынас институтының Еуропалық интеграция орталығының бөлім меңгерушісі Надежда Арбатованың «Оның әрекетінде ешқандай экстремизм жоқ. Ол талай рет Ресей Еуропаның маңызды көршісі болып қала береді, онымен ара-қатынасты жоғалтпау керек деген пікіріне» мән беруі де орынды.
Жыл адамы. Әлемге қызмет еткен адам. Әлемді мойындатқан адам. Ол бір елге ғана емес, бүкіл әлемге қажет. Ол мақтауға да, мақтануға да лайық.
НАТО-ның Ауғанстандағы әскери миссиясы аяқталды
Өткен жылдың соңғы аптасында АҚШ бастаған НАТО-ның Ауғанстандағы әскери миссиясының аяқталуына байланысты Кабулда ресми салтанат өтті. Оған ауған басшылығы да қатысып, бұл миссияның тарихи маңызына зор баға берілді.
Әдетте, бізге жетіп жататын ақпарат құралдарының өктем насихатына қарағанда, бұл әскери миссияны АҚШ күштерінің, НАТО күштерінің Ауғанстандағы әрекеттерін Азиядағы осынау елге жасаған басқыншылықтай көретін де пікір барлығы анық. Олардың бұл елде несі бар еді, ауғандар өз қотырын өздері қасыса, ол әлдеқайда тиімді болар еді, мәселе мұншалықты ушығып, халықаралық деңгейге көтерілмес еді деген де пікір айтылып қалатын.
Расында да, 13 жылға созылған бұл миссия болмағанда, нақтырақ айтқанда, негізінен АҚШ-тың әскери күштері бұл елде сонша мерзімде соғыс әрекеттерін жүргізбегенде не болар еді? Бұл сұрақты нақтырақ қойсақ, халықаралық терроризмнің ауқымы қандай деңгейге көтерілер еді деуге де болар еді. Сол кездің өзінде жай әлеуеті шектеулі елдер ғана емес, сол террористер АҚШ-тай алып елдің өзіне шабуыл жасап, бүкіл әлемді есінен тандырған.
Солай кете бергенде, бүкіл әлем тыныш ұйықтай алмас еді. Алдымен бірінші соққы алған АҚШ есін тез жиды. 2001 жылғы қыркүйектегі Вашингтон мен Нью-Йорктегі терактілерден кейін АҚШ сол терроризмді ауыздықтамай болмайтынына өздерінің одақтастарының, ақ ниетті басқа елдердің көзін жеткізді. Сөйтіп, оған елудей ел үн қосып, Ауғанстанда тамыр жайған терроризмге қарсы коалицияға бірікті.
Әрине, мұнда басты ауыртпалықты АҚШ көтерді. Олар бұған қыруар қаржы мен қару-жарақ бөлді. Тек Ауғанстанның өзіне көмек ретінде 100 миллиард доллар берсе, әскерді ұстауға, олардың қажетін өтеуге триллион доллар қаржы жұмсады. Басқалардың үлесін де ұмытуға болмайды. Талибандарға қарсы соғыстың күшейген кезінде оған НАТО-ның 140 мыңдай әскері, соның ішінде 110 мыңдай АҚШ әскері қатысты.
Иә, соғыстың салдары үлкен. Коалицияның, негізінен АҚШ-тың 3,5 мыңдай адамы қаза тапты. Біреулер онда барып нелерің бар еді деп, табалауы да мүмкін. Олар талай мыңдаған адамның өмірін арашалау жолында қаза тапқан шығар. Бір ғана Нью-Йорктегі терактіден қанша адамның қаза тапқанын жұрт біледі. Егер сол қаныпезер террористердің көзін жоймағанда, олардың жолын кеспегенде, құрбандыққа ұшырағандардың саны ондаған, жүздеген мыңға жетуі мүмкін еді ғой.
Ауғанстандағы соғысқа бұлардан бұрынырақ құрамына бүгінгі біздің еліміз де кірген КСРО да қатысқан. 10 жыл соғысты. Оған 620 мыңдай Кеңес әскері қатысты. 14 453 сарбазынан айырылды. 147 танкісінен, 1314 БТМ-нен, 443 зеңбірегінен, 118 ұшағынан, 333 тікұшағынан айырылды. Қазақстаннан 22 218 сарбаз қатысып, олардың 924-і қайтпай қалды. Соның бәрі не үшін дегенде, интернационалдық борышын өтеу үшін, социалистік идея үшін деп ақталуға тура келген. Босқа қырылды-ау дейсің.
АҚШ-тың, НАТО-ның Ауғанстандағы 13 жылға созылған соғысының нәтижесі не? АҚШ президенті Барак Обама айтады: америкалық әскери науқан арқасында ауғандар өз елін қалпына келтіруге мүмкіндік алды, сондай-ақ, Құрама Штаттардың қауіпсіздігі нығайды, Ауғанстан бұдан былай террорлық қауіптің көзіне айналмайды.
Осы сөздің шын мәнінде жүзеге асқанын қалайсың.
Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».