Сан ғасырлық тарихы бар қалашық ежелгі Яссы қаласының бір бөлігі болғандықтан, жоба ЮНЕСКО қадалағауымен жүзеге асырылып жатыр. Күмбездің темір конструкциялары, жабындары орнатылған. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО қорғауындағы тарихи мұра болғандықтан, оның аумағындағы жұмыстар қатаң қадағалануға алынған. «Бұл қалашықтың әр тасы – тарих. Жұмыстар тарихи жәдігерлерге зиян келтірмеуге тиіс. Көгалдандыруға аса мән береміз. Айналасы жасыл желекке оранып, туристерді баурап алатындай болуы керек. Бой көтеретін жаңа нысандардың сапасына баса назар аудару қажет. Тарихи әрі туристік нысанда тұтас бір үйлесімділік болуға тиіс», деді қалашықта атқарылып жатқан жұмыстарды бақылаған облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Тарихи қалашықтағы құрылыс жұмыстары жалпы аумағы 30 гектарға жуық жерде жүргізілген. Жобаның алғашқы кезеңінде шетелден арнайы тапсырыспен жасалған 4 шатырлы күмбез орнатылды, 27 тірек, кәріз сорғы стансасы мен дренажды жүйе салынды. Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру мен ғылыми зерттеуге жергілікті ғалымдар атсалысты. Қалашықта әртүрлі кезең нысандарының эскиздері – қолөнершілердің тұрғын үйлері, заттар, ежелгі сауда көшелері, шеберханалар, ішкі аулалар және
XII-XIX ғғ. бекініс қабырғаларының элементтері табылған. Осы жәдігерлер «Күлтөбе қалашығы» паркіне орнатылып, саяхатшыларға ұсынылады.
ТҮРКІСТАН