09 Қаңтар, 2015

Жаңа өнім – жаңа белес

359 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Индустриализация

Индустрияландыру іс үстінде

Елбасы алға қойған міндеттер­дің ең бастысы елде индустрия­лық-инновациялық бағдарламаны алға бастыру болып табылады. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру ел экономикасының дамуына серпін береді деп күтілуде. Ақтөбе өңірінде бұл бағытта ұлан-ғайыр жұмыс істелуде. Қаншама жаңа кәсіпорындар ашылып, жұмыс істеп жатқанын бұдан бұрын да жазғанбыз. Соның ішінде екі ірі инвестициялық жобаны айрықша атап өтуге тура келеді.

Соның бірі – «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамына қарасты Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №4 цехы деу орынды болмақ. Бұл цех деген атауы болмаса өз алдына бөлек ферроқорытпа зауыты. Еліміздің индустрияландыру картасына енгізілген бұл жоба әлемде теңдесі жоқ жоғары көмірсутекті феррохром өндірісінің инновациялық технологиясын енгізумен, электр қондырғыларының, автомат­тан­дырудың және тұрақты ток пеш­терінің жаңа жүйесін пайдала­натындығымен бағалы. Жобаны жүзеге асыру еліміздің жоғары көмірсутекті феррохромды экспорттау мүмкіндігін 16 пайызға, облыс бойынша 46 пайызға арттырады, өнімнің өзіндік құнын кемітеді деп күтілуде. Мұнда еңбек өнімділігі 3-4 есе өседі, жоғары температураның жұмысшыларға әсері анағұрлым кемиді. Жаңа зауыттың жылдық қуаты 440 мың тонна ферроқорытпа шығаруға мүмкіндік береді. Рельс Ал, екінші ірі индустриялық-инновациялық жоба – Ақтөбе рельс-арқалық зауыты. Айналдырған екі жылдан астам уақытта қала іргесінен осындай ірі кәсіпорын бой көтеріп, өңірдің экономикалық қуаттылығын айқын аңғартты. Жылына 430 мың тоннадан астам өнім шығаратын кәсіпорын қазақ теміржолы тарихындағы ең ірі жобалардың бірі болып саналады. Кәсіпорынның іске қосылу-реттеу жұмыстары басталды. Зауыт үстіміздегі жылдың ортасында толықтай пайдалануға берілмек. Кәсіпорын шығаратын рельстер, басқа да өнімдер Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь, Ресей нарықтарына шығарылады деп күтілуде. Зауыт толық қуатына шыққанда мұнда 700-ден астам адам жұмыс істейді. Оның құрылысы 2013 жылдың сәуір айында басталған болатынды. Зауыт жылына 430 мың тонна прокат, оның ішінде 200 мың тонна рельс және 230 мың тонна ірі сортты прокат өнімдерін шығаратын болады. Жобаның құны 55 миллиард теңге тұрады. – 2013 жылдың сәуір айында ауқымды жобаның құрылысын бастап кеттік. Бұл зауытта инно­вациялық термотөзімді, жоғары сапалы рельстің ұзындығы 120 метр етіп құйылады. Өнім жоғары жылдамдықпен және қозғалысы көп желілерге қолданылатын болады. Рельстің ұзын болуы мұндағы дәнекерлеу арқылы жалғау жұмыстарын азайтады әрі қауіпсіздікті күшейтеді. Зауыт үш ауысымда үзіліссіз жұмыс істейтін болады.Тағы бір ерекшелігі – зауыт шығарған өнім жылжымалы құрамның жылдамдықты арттыруына ықпал етеді. Мұндағы құрал-жабдықтардың барлығы Италиядан жеткізілген, – дейді Ақтөбе рельс-арқалық зауытының бас директоры Андрей Кузьмин. Индустрияландыру бағдар­ла­масына сәйкес жобаның ин­фра­құрылымдық желілерімен жарақтандырылуына облыстық әкімдік қолдау көрсетті. Яғни, газ, су және канализация құбырларын тарту, зауыттың теміржол арқылы өтетін автожолы, 22 шақырым электр желісі осы бағдарлама аясында жүргізілген. Сондай-ақ, жоба аясында зауытқа 39-ыншы Қызғалдақты разъезінен теміржол тартылып, жүкті тиеу-түсіру базасы салынды. Қоймалар, өрт сөндіру депосын, электр стансаларын салу жобаны жүзеге асырумен қанаттас жүргізілді, қуаты 40 мегаватт электр стансаның құ­рылысын құрастыру жұмыстары аяқталды. Болашақта болат бал­қыту кәсіпорны салынбақ. Осы­ған байланысты тағы да қуаты 150 мегаватт электр подстансасы пайдалануға берілді. Жалпы, бұл кәсіпорын рельс-арқалықтарын шығаруға қажетті шикізатты болат темірді балқытудан бастап дайын өнім – рельс және ірі сортты прокат шығарудың тасқынды өндірістік желісін қалыптастыруға бағыт ұстауда. Зауыт «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының барлық қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Өзбекстан, Тү­рікменстан, Әзербайжан секілді басқа да елдердің теміржол компаниялары сұранысын өтейтін болады. Зауыт басшылығының айтуынша, қазір «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-пен он жылға 1,0 миллион тонна өнім жеткізу жайында келісімшарт жасалған. Яғни, зауыт жыл сайын акционерлік қоғамды 100,0 мың тонна өніммен қамтамасыз етіп отырмақ. Кәсіпорында жылына 100 миллиард теңгенің өнімін шығару көзделуде. – ГОСТ-тың өзгеруіне және жаңа мемлекетаралық және Қазақстан Республикасы ұлттық стандартының енгізілуіне байланысты зауыттың іске қосу-реттеу жұмыстары жыл аяғына жылжытылды. Жаңа стандарттарға сәйкес 120 метрлік рельс толықтай тексеруден өткізілуі керек. Сол себепті, лабораторяны кеңейтуге, бас технологиялық корпусты 24 метрге ұзартуға мәжбүр болдық. Олардың талаптарына жауап беру үшін жұмыс көлемін көбейтуге және қосымша негізгі технологиялық қондырғыларды сатып алуға тура келді, – дейді Андрей Кузмин. Зауыт мамандарға жоғары еңбекақы ұсынады және тұр­ғын үйді жалдайды. Маман жұмыс­шылар Қарағанды мен Пав­лодардан отбасымен келіп жатқан көрінеді. Болашақта кәсіпорынның жұмысшылары үшін тұрғын үй салу да ойластырылуда. – Біздің жоба мейлінше эко­логиялық залалы жоқ. Біздің өнді­рістік алаңдарымыздан ешқандай майлы шайындылар жер үстіне және канализацияға ақпайды. Барлық өндірістік қалдықтар құрғатылып жиналады. Оның да экологиялық зияны жоқ. Кальций тұздарын мұз қатқан жолдарға себуге болады. Ал, пештерден ауаға тарайтын заттардың экологиялық жағдайға әсері онша емес, – деп сендіреді Андрей Кузьмин. Үстіміздегі жылдың екінші жартысында іске қосылатын Индустрияландыру картасы жоба­ларының тұсауын кесуге арналған жалпыұлттық телекөпір барысында Мемлекет басшысы «Алтын сапа», «Парыз» сый­лықтарының лауреаттарын марапаттады. Жыл­дың ең таңдаулы индустриялық жобасы бойынша «Алтын сапа» сыйлығының бас жүлдесі Ақтөбенің рельс-арқалық зауытына берілді. Сыйлықты Елбасы қолынан зауыттың бас директоры Андрей Кузьмин алды. Мұның өзі бұл жобаның елімізге қаншалықты маңызды, қаншалықты пайдалы екенін көрсетсе керек. Бүгін-ертең жо­балық қуатына шығатын зауыт­тың ел экономикасының дамуына қосар үлесі мол екеніне Елбасының өзі кепілдік бергенін айту ләзім. Рельс-арқалықтары өңір үшін ғана емес, еліміз үшін жаңа өнім екені сөзсіз. Сондықтан да, зауыт болашағынан үміт зор. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.