Талбесік • 01 Мамыр, 2024

Тобылғыжарғанды неге ұмыттық?

215 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақ даласында қандай бренд бар? «Бізде мынадай бар, мынадай бар» деп көрсететіндей, мынау қазақтың өзінің ойлап тапқан төл мәдениеті деуге жілігі татитындай не бар? Домбыра, қобыз, киіз үй, қымыз, қамшы, асау үйрету, тағысын тағылар. Біліп қойыңыз, осылардың арасындағылардың кейінгі үшеуіне тобылғының қатысы бар. Қазақ аттан ауып, қолынан қамшы түскен соң, тобылғысын да ұмытуға айналды. Маусымы туған соң, амалы өтіп жатқан соң, мұны да еске салғанның артығы жоқ.

Тобылғыжарғанды неге ұмыттық?

Сәуірдің ортан белінен аса, аяғына жетпей, қазақ даласы құбылып шыға келеді. Осы айдың алғашқы жартысында күн қыза түседі де, дала көктеп, жер гүлдеп кеткенімен, орта тұсынан ойсырай күн алдап соғады, сұрапыл не ызғырық тұрады. Былайша айтқанда, «әкеңді танытып» жібереді. Былтыр ұдайы бір апта сұрапыл боран соғып, мал-жанды қырып кете жаздағаны астаналықтардың есінде шығар. Биыл әйтеуір қара суық, ызғы­рықпен ғана өтіп жатыр. Шамасы бес­қонақ, не отамалы деген амалдар осылар бол­са керек. Бұдан кейін мамырдың басын­да қазақ даласының құты тобылғы гүл­дейді. Тобылғыжарған туады. Қазіргі қазақ керек қылмағанымен, бұл да – біт­пей­тін әңгіме.

Жапондарда наурыз айында сакура гүлдесе, біздің қазақ жазирасында бүр ататын тобылғы одан артық болмаса, кем емес. Жапондар тау қыраттарында сакура гүлдеген уақытты ұлттық мерекеге айналдырған. Себебі сакура – жапон аралдарының символдық ерекшелігі. Біздің тобылғы да сондай. Тек қазақ даласына тән айрықша өсімдік бұта. Қазақта тобылғыжарған деген маусым аты кәдімгідей. Бір деректерде тобылғыжарған амал аты делінеді. Біздің жақта тобылғының гүлдегенін айтады. Әйтеуір ертеден бері атаусыз қалмаған. Бірақ қазіргі қазақ ұмытқан.

Сіз тобылғының гүлдегенін көрдіңіз бе? Жапондардың сакурасы оның қасында әдірам қалады. Тобылғы туралы естісеңіз де, көрсеңіз де, дәл гүлдеген шағында қызықтап, тамашалап, ық жағынан жұпарына елтімеген боларсыз. Шынымен барған болсаңыз, рақат сезімін кешеріңіз анық. Ол үшін мамырдың ортасында құралайдың салқыны ұрмай далаға шығып, серуендеп көріңіз. Бұл уақытта әлемдегі басқа сұмдықтың бәрін білетін кейбір қазақ оқымыстылары жапон аралдарында гүлдейтін сакураны еске алып отырады. Ал біздің тобылғыжарған ше? Оның қызығы да, қуанышы да, мұңы мен сыры да, тіпті философиясы да сакурадан мың есе артық қой. Бір апта, асса екі апта ғана бүр атады да, тобылғының гүлі мамыр соңында ұшып жоғалады. Өмірдің өтпелі баянсыздығын, басыңдағы күйдің көп тұрмасын білдіреді мұнысы. Ал топырақтан тамыр тартқан ағашының айтары одан да зор. «Қаншама гүл мен жапырақ, жас бұталардың өркен жаюы үшін жанымды төсеп тұрмын», дейді. «Тобылғы сапты қамшы алып, тұмар мо­йын ат мініп, қоныс қараған» (Ақтамберді жырау) қазақ қашан өзіне қайтады? Ақтамберді жыраудан әріде ертегі-мифтерде кездесетін тобылғы сапты қамшы туралы тәмсілдерді таратып айтсақ, бәлен мың жылдық тарихы барына көз жеткіземіз. Ертегіге сенбесек, археолог ғалымдар осыдан алты мың жыл бұрын жылқы алғаш қазақ даласында үйретілгенін дәлелдеді (Ботай мәдениеті). Тура сол дәуірде қамшы ұстаса да, сабы тобылғыдан болған, болмағаны белгісіз шығар. Солай-ақ делік. Бірақ біздің дәуірге дейінгі мыңжылдықтарды есептемегенде, кемі екі мың жыл бұрын қамшыға сап қылған тобылғысының гүлдегенін көріп, топырағына қашан табынады қазақ? Даламыздың асқан бір ерекшелігі тобылғыны айтып мейірленетін күн қашан туар екен? Әзірге оның атын шығарып, жыл сайын даңқын бір көтеріп қоятын атаулы сыйлық – ел көлемінде өтетін «Алтын тобылғы» әдеби байқауы. Басқасын білмеймін, мұның атауының өзі керемет. Алтын тобылғы. «Жастар арасында қомақты бір әдеби жүлде болуға тиіс деген бастама көтерілді. Ақберен Елгезек ағаң екеуміз сыйлықтың атауын қалай қоятынымызды ойланғанда, қазақ даласының ерекшелігі ретінде есімізге тобылғы түсті. Ойластыра келгенде, «Алтын тобылғы» деген атауды ұйғардық», дейді «Ана тілі» газетінің бас редакторы, ақын ­Ерлан Жүніс.

Қалай тауып қойған деп таңғалдық біз. Расында, қазақ даласында ғана өсетін қамшыға сап тобылғы ат пен қылыш заманында сырт елдерге экспортталатын ағаш түрі болғаны жө­нін­де дерек бар. Тобылғыны ал­тынға айырбас­таса керек Ба­быр заманын­да. Орта ға­сыр­ларда ал­тын­ға айыр­бас­талған тобылғы осы күнге өзінің тү­сі­мен қызыл то­былғы аталмай, алтын аталуы кездейсоқ емес. Анығында қызыл да емес, түсі тек қазақ жылқысына тән торы тобылғы гүлдегенде әртүрлі жарқырайды, бір ғажабы алтындай жылтырап шыға келеді. Ақсары немесе сап-сары гүлдер күн нұрымен шағылысып, сиқырымен баурайды. «Тобылғы түбі құралай, таңдап бір атар ма екенбіз?» деген Ақтамберді жыраудың сөзінде мән бар. Сахарада көшпелі сары алтындай аударылып-төңкеріліп жү­зе­тін киік жаз айларында то­­былғыдан кө­рін­бей кетеді. Екеуі түстес, мамырда тобылғы жарғанда алтындай жылтыраса, күн ыси келе, гүлі ұшып кет­кенде, киік те қызарып, шымқай тарта бастайды. Анықтап көз тоқтатпаса, айыр­ғысыз болып қалады.

Алтынның буы болса, мұның аңқы­ған керемет исі бар. Арқада өскен біз көктемде бәйшешек атқанын, сар­ғал­дақтардың бой салғанын көріп бір қуан­сақ, тобылғы гүлдегенде рахаттанатынбыз. Ық жағынан жүргенде жұпар аңқып бере­ді, ондайда аттан түсіп, құмарланып иіс­кемеу мүмкін емес. Ақын Кеңшілік Мыр­забеков қана әдемі жымдас­тырып жырлай алған бұндай қызықты шақтың әуені мен әлегін:

«Дүр етіп лезде бүр жарған ­кезде дүзген, тал,

Тобылғы сайға торыңды сайлап қызбен бар.

Қолаң шағыр мен қоламта күлгін көкпектің

Арасында аршын тұяқтар тиген іздер бар.

Тұяқтар теуіп тастаған таспа топырақ

Қияқтар көміп, аңқасы кеуіп жатып ап,

Шаңқай түсте шекесі шып-шып қызғанда

Қалқалайды кеп қызғаншақ түйежапырақ.

Тобылғы сайға, торыңды сайлап бар сонда,

Жарауы жетсе, топайдай торың алшаңдар.

Ізге ұя салған жапырақтан бір құс пыр етіп,

Жазатайымда қай­тер ең құлап қал­саң­дар?», деп бозбала мен­ бой­жеткен­ кез­де­суінің мә­не­рі, ма­хаббаттың әуе­­­ні ре­тінде то­­­былғы сайды атайды. Және қан­­дай биік мә­­­де­­­­ниетпен жым­­дастырып өріп шығады. «Құ­­ма­рыңды осын­шама артты­ра­тын дала құ­­­ша­­ғында елі­­тіп құлап қал­саң­дар­ қалай болады өзі?» дегендей ғана сипай қам­шы­лап өтеді. Дала көрмеген қазақ екі-үш оқыса байыбына баруы мүмкін өлең. Гүлдеп тұрған тобылғы сайды көрмеген болса, қайдан түсінсін, бірақ?..

Созақ жағының тумасы, журналист-жазушы Жолдыбай Базар ағам ол мекендерде тобылғы биік өсетінін айтады. Және оның түбінен көктеген қызғалдақтар тобылғының бойынан да биіктеп, төбесінде шоқтай жанып тұратынын әңгімелеп, аузымның суын құртқан. Негізі төбе-беткейде тыр­биып өсетін ұсақтарын есепке алмағанда, қалың өскен кей тобылғыдан аттылы адам көрінбейді. Шоқы-қыраттың қойын-қонышына ұйысып бітетін бұл өсімдік қара­ғаннан биік әрі шоқ-шоқ болып оқшау орналасады.

Ат үстінде күн кешкен қа­зақ өмірін то­был­­ғымен өл­ше­ген десем, әсі­релей береді екенсің дерсіз. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр деген тұрақты сөз тіркесін білетін шығарсыз. Ендеше сол қамшыңызға сап болған жалғыз ағаш емес пе? Оны айтасыз, Ақтамбердінің «биенің сүті сары бал, қымыздан асқан дәм бар ма?» дегенін ескерсек, атасының асы қымыздың да дәмі тобылғы арқылы кіреді. Бәрінен бұрын ертеректе ауылда теміреткіні тобылғының майымен емдеп жазатын. Тобылғыны әкеп бір шетінен қисайтыңқырап ұстап тұтатса, мөлт-мөлт етіп май тамшылайды да, соны теміреткіге жағатын. Түгін тартсаң, майы шығады деген сөздің мағынасын мен сонда түсінгем. Кейін білсек, қан қысымын түсіретін бірден-бір шөп-дәрі тобылғының шайы екен. Мамырда бүр атқан әлгі гүлдер шілденің соңы, тамыздың басына қарай қоп-қоңыр түйнек шай болып бітеді. Тобылғының басын сауып келіп жіберсе, сау етіп түсе береді.

Тере берсе тобылғының қасиеті өте көп. Мөлт-мөлт етіп тобылғы көзі­нен аққан тамшыдай жырлар да жет­кі­лікті. Қазақтың ақын қызы Марфуға Айтхожина:

«Сен келіп ең тобылғы гүлдегенде,

Өрнек болып қалыпты бұл да өлеңге.

Туған жердің көзіндей, қайран құрбым,

Енді қайтып өзіңді бір көрем бе?», дейді «Тобылғы гүлдегенде» өлеңінде. Туған жердің көзіндей тобылғының гүлі ұшып кеткен соң, «енді қайтып бір көруге жазар ма, жазбас па?» деген сұрақ ақын жанында құрбысына қимастықпен қоса өрілгендей.

«Көктем дегенің көгілдір арман,

Көгертер кез бұл көңілді қалған.

Сәуірдің айы сәуле шашарда

Тобылғыжарған, тобылғыжарған...

Қыратқа барсам жолыма жақын,

Бұлаққа барсам толып ағатын.

Тобылғыжарған бүршік жармаса

Тобылғы сынды торығады ақын» деп бас­талатын Ғалым Жайлыбайдың «Тобыл­ғыжарған» жыры тұтасымен осы маусым мен амалдың қасиетін ашады. Туған жердің ыстығына күйіп, суығына тоңып, барлық құбылысына қақталып өскен адам өмірі мен табиғаттың етенелігін түйсіндіреді. Өлең бо­йынан арна тепкен сезімдер ақын болмысына туған топырағынан біткен түйсіктерден оянған сияқты. Тобылғыжарған бүршік жармаса, тобылғыдай торығатынын айта ма, әйтпесе.

«Ұқтырған ерте туар айларым,

Алағайларын, бұлағайларын,

Жанымда желген желдірмелерім,

Мамырда өрген Құралайларым», дейді Ғалым ақын. Құралайдан (амал) кейін тобылғының гүлі де келмеске кетеді. Сәйкестікті көрмейсіз бе? Осы жырды толығымен оқығанда, тобылғыжарған амалын да, маусымын да, мейрамын да қоса емеурін еткенін сезінеміз.

Жаңбырдан соң күн жарқырағанда тобылғы қызарып көрінсе де, қазақ торы дейді. Өз түсі ғой, өйткені. Қызыл мен қоңыр арасындағы ең ойлы, тым мұңлы бояу – торы. Жылқысы да, тобылғысы да торы қазақтың (бәлкім, өзі де). Жер бетінде суға батып кететін тастай қатты жалғыз ағаш – осы. Қазақ тегін киелі санамаған. Судың астынан алып шығып, майлы қабығын аршып, кептірмей-ақ тұтатса, жана береді тобылғы.

Далада тобылғы енді бүр­шік атып, гүлдей бастаған шығар. Топы­рақтың құнары тобылғы бойын қуа­лап сыртқа теуіп, күн нұрымен мәңгі шы­рақтай нұрланады. Жапондар сакурасын тегін аспандатып отыр дейсіз бе? Қай топырақтың баласы болса, ол соның өскінімен тамырлас. Бір-бірінен жанға қуат алып, сонымен көктеп, өсіп-өркендейтін шығар-ау.