Қаржы • 01 Мамыр, 2024

Арзандамайтын алтын табысты еселеудің амалы ма?

142 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қолдағы басы артық ақшаны айналымға салар қаржы құрал­дары көз алдымызда әрта­раптандырылып жатыр: банк салымы, акция, облигация, фью­черстер. Солардың арасында алтынның маңызы ерекше. Оның құнын жоғалтқан кезі аз. Осы аптада сынамалы алтынның 1 троя унциясы 3000 долларға дейін көтеріледі деген пікір батылырақ айтылып кетті. Қазіргі баға – 2 391 доллар.

Арзандамайтын алтын табысты еселеудің амалы ма?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Алтын бағасы артып келеді

Сарапшылардың пікірінше, ба­ға­ның құбылуына геосаяси жағ­дайлар, доллардың әлсіреуі себеп. Тек 2024 жылдың басынан бері елімізде 1 грамм алтынның бағасы 3 415 теңгеге қымбаттады. Аналитикалық агенттіктер алтын неге биыл 11 пайызға дерлік өсті деген сұраққа әлі нақты жауап берген жоқ. Алтын бағасының көтерілу себебін сарапшылар әртүрлі болжаммен түсіндіріп жатыр.

«Coin Price Forecast» сарап­шы­ла­рының пікірінше, алтынның бағасы биыл жыл ортасына қарай бір унция үшін 2 200 долларға дейін көтерілуі мүмкін. Сонымен қатар оң динамика 2025 жылы да жалғасады. Сарапшылар 2025 жылдың соңына қарай алтын бағасы 2 700 доллар болады деп болжайды.

Қаржы талдаушысы Ерлан Иб­рагим­нің айтуынша, алтын сатып алу инфляциядан қорғауға және жинақтарды әртараптандыруға мүм­­кіндік бергенімен, ұзақмер­зімді инвестициялауға және алып­сатарлыққа жарамайды. Оның пікі­рінше, сатып алу және сату баға­лары арасындағы айырмашылық оның инвестициялық кірістілігіне кері әсер етеді. Сарапшы ең тартым­ды жолы алтын өндіруші ком­па­ниялардың акциясын сатып алу. Қазіргі жағдайда оны қор биржаларынан теңгеге сатып алу тиімді деген ой айтады.

«Алтынға салынған облигациялар оның табыстылығына мүмкіндік беретін сенімді құрал. Дүниежүзілік алтын кеңесінің (WGC) соңғы есебіне сәйкес, орталық банктер ақпан айында алтынға инвестиция­ны арттырды. Ақпан айында таза алтынды сатып алу шамамен 19 тоннаға жетті. WGC деректері бо­йынша, жаһандық реттеушілердің алтынға деген сұранысы биыл сары металдың нарықтағы тапшылығының негізгі себептерінің біріне айналды. Сыртқы геосаяси контурдағы жағдайдың құбылмалы болуы баға саясатындағы өзгерістердің жолын жауып тұр. Техникалық өзгерістер әлі де аз. Алтын қымбаттады деп дүкендердегі алтын әшекейлерді немесе орталық банктердегі алтын құймаларды сатып алуға болмайды. Себебі олар алтын қорын жылдап жинайды. Клиенттерінен айырылып қалмау үшін бағаны бірер айға дейін ұстап тұруға мүмкіндік бар. Алтын – тәуекелі жоғары актив. Мұндай жағдайда біреулер пайдаға кенеледі, біреулер қалтасын қағып қалады. Өткен аптада Израильде биржа индексі құлдырады, содан кейін мұнай мен алтын бағасы төмендеді. Бірақ бірер күн өтпей ақ баға қалпына келді», дейді сарапшы.

 

Инвесторлардың ықыласы ерекше

Сарапшының баяндауынша, Ұлттық банктің алтын саудасына байланысты саясаты жүйеленді. 2019 жылы қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордағы активтің бір бөлігін алтынға алмастыру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл Жарлық Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру мен пай­даланудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері» бөліміне өзгерістер енгізді. Қазіргі ұстаным алтын-валюта актив­те­рінде алтынның үлесін кезең-кезеңі­мен көтеруге басымдық беріп отыр.

Алтын ұзақмерзімді стратегиялық актив болғандықтан, доллар-теңге дәлізін шу шығып кетпейтіндей деңгейде ұстап тұруға шамасы жоқ, бірақ тұрақтылыққа жанама түрде болса да ықпал етіп отыр. Қазір бас банк алтынды ұзақмерзімді қам­титын стратегиялық актив ретінде қарастырады.

Кейбір сарапшылар алтын бағасының көтерілуіне қымбат металды белсенді түрде сатып алып жатқан ҚХР саясаты әсер етті деп болжайды. РБК мәліметінше, 2023 жылы Қытай Халық банкі әлемдегі ең ірі алтын сатып алушы болды. 2023 жылдың тоғыз айында ғана ол 181 тонна алтын сатып алған. Бұл Қытайдың коронавирус дағдарысынан шығуын жалғастыруымен және алтынның ол үшін қуатты қаржылық және геосаяси құралға айналуымен байланысты.

Е.Ибрагимнің айтуынша, ал­тынның қазіргі бағасы, тарихи тұр­ғы­дан алғанда кездейсоқтық емес. Саяси-экономикалық дағдарыстар қос өкпеден қысып тұрған белгісіздік жағдайында, инвесторлар алтынға тұрақтандырушы актив ретінде қарайды. Алтынның бағасы қанша­лықты жоғарылауы мүмкін екенін түсіну үшін оның бағасының не себепті қымбаттап кетуін білу ма­ңызды. Сарапшының айтуынша, алтын­ның қазіргі деңгейден арзандап кетуіне инвесторлар жол бермейді.

Әрине, бұл үрдістің қаншалықты ұзақ­қа созылатынын сенімді түрде айту қиын, бағаның қысқамер­зімді ауытқуы ағымдағы макро­эко­но­микалық көрсеткіштерге, ірі эко­номикалардың ақша-несие саясатына және жаһандық саяси ахуалға бай­ланысты.

Нарықтың қазіргі беталысы, орта­лық банктердің алтын сатып алуға деген тәбеті алтын бағасына әсер етіп отыр. Бірақ баға саясатындағы басты рөл әлемдік экономиканың құбылмалылығы, инвестициялық стратегиялардағы өзгерістер және жетекші орталық банктердің па­йыз­дық мөлшерлемелері дина­ми­касының уысында тұр. Қазіргі жағ­дайда алтын бағасына болжам жасау коммерциялық авантюрамен бірдей. Украинадағы, Таяу Шығыстағы жағдай болжам жасауға мүмкіндік бермейді. Егер алтынның троялық унциядағы доллар бағасының кестесіне қарасақ, негізгі үрдісті түсіну қиын, бұл диаграмма белгілі бір әлемдік оқиғаларға нарықтың реакциясын көрсетеді. Ал теңгедегі немесе рубльдегі алтын бағасының кестесіндегі құбылыстар мүлдем басқаша.

«Бағаның алдағы уақыттағы дең­гейі экономиканы қалпына келтіру мүмкіндігімен, мемлекеттік облигациялар кірістілігінің өсуімен шектелуі мүмкін. Мұндай жағдайда алтынның инвестициялық тартымдылығы тө­мен­дегенімен, баға төменгі шекке дейін құлдырап кетпейді, Алтынның қуатының қандай екенін біліп отырған инвесторлар оған жол бермейді» дейді Е. Ибрагим.

 

Активті алтынмен сақтау тиімді ме?

Қазір қаржы сарапшылары актив­тердің кемі 12-15 пайызын алтынмен сақтауға кеңес беріп жатыр. Алтын инфляцияға қарсы ақылды хеджирлеу бола алады, өйткені инф­ляция доллардың сатып алу қабі­ле­тіне зиян келтірген кезде ол өз құнын сақтауға бейім. Бірақ ол сонымен қатар портфеліңізді әртараптандыруға кө­мектесіп, басқа активтер нашар жұ­мыс істеген кезде буферді ұсына алады.

АҚШ доллары орталық банк резервтерінің 58%-ын құрайды. 2014 жылы бұл көрстекіш – 69%, 2000 жылы 75% пайыз болатын. 2000 жылдың басынан бері доллардың үлесі 23%-ға қысқарған. Соңғы 90 жылда алтынның құны ең алдымен Батыс пен Шығыс нарықтары арасындағы мәмілелердің көлеміне байланыс­ты болды. Батыс елдері сұра­ныс пен ұсынысты анықтаса, Шы­ғыс елдері мәміленің контра­гент­те­рі ретінде әрекет етті. Бағаға тарихи түрде әсер еткен екінші фактор – алтын бағасы мен АҚШ мемлекеттік облигацияларының нақты кірістілігі арасындағы қатынас. Нақты кірістілік төмендеген кезде облигациялар тар­тымдылығын жоғалтты, ал инвесторлар алтынға көшті. Тренд өзгеріп, нақты кірістілік көтеріле бастағаннан кейін инвесторлар облигацияларға оралды.

Алайда 2022 жылдың соңынан бері екі үлгі де сәтсіз аяқталды. АҚШ-тың онжылдық облигацияларының кірістілігі 4,33%-ға дейін көтеріліп, 2022 жылғы ең жоғары деңгейден асып, 15 жылдық рекордты басып озды. Күтулерге қарамастан, бұл алтынның бағасын төмендетпеді, оның орнына 2022 жылдың қарашасынан 2023 жылдың тамызына дейін 16%-ға, бір унция үшін 1 643 доллардан 1 954 долларға дейін көтерілді. 2022 жылдың үшінші тоқсанынан бастап Ұлыбритания мен Швейцария алтынды Netto-экспорттаушылар, яғни сатушылар болды. Тарихи парадигма бойынша бұл да алтын бағасының төмендеуіне себеп болуы керек еді. Алайда көріп отырғанымыздай, бұл орындалмай жатыр. Осылайша, қымбат метал­дардың бағасына нарықтық емес факторлардың айтарлықтай әсері жоқ екенін байқап отырмыз.

«Jusan Invest» аналитикалық зерттеулер департаментінің директоры Жұмабек Теміржановтың айтуынша, орталық банктер соңғы жылдары жаппай алтын сатып алып жатыр. Дүниежүзілік алтын кеңесінің деректерінде 2022 жылы алтынды сатып алу ең жоғарғы шегіне жеткені айтылады. Өткен жылдың бірінші жартысында Қытай, Сингапур және Польшаның орталық банктері 103, 73 және 48 тонна көлемінде алтын сатып алған.

«Әлемдегі геосаяси жағдай күр­делі күйінен өзгерген жоқ. Мұндай жағдайда инвесторлар алтынды бизнесі мен капиталының қорғаныш иммунитеті ретінде қарайды. Бірақ бұған қарап жағдай тұрақталғанша баға осы деңгейде қалады деп сеніп қалуға да болмайды», деген пайым айтады сарапшы.