Туризм • 02 Мамыр, 2024

Саяхат орталығына айналған шаһар

143 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Төрткүл дүние мазасыз күй кешіп жатқан кезеңде отандық туризмнің Мек­кесі іспетті Ал­ма­ты ша­һарына келетін қо­нақ­тар­­дың ендігі легі қан­дай болмақ? Саяси ахуал мен табиғаттың тосын құ­былыстары саяхат құ­руға алдын ала қамдана жүретін жиһанкез қауым­ның жоспарын өзгерте ме? Дәл осы сауал талай елді алаңдатып отырғаны дау­сыз.

Саяхат орталығына айналған шаһар

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

«Дәл саяхат сияқты ештеңе де адам­ның ақыл-ойын дамыта алмайды», деп Эмиль Золя айт­қандай, туристік маусым бас­тал­ғанға дейін елімізге жолы түс­кен әрбір екінші саяхатшы мегаполисті айналып өтпейтінін еске сала отырып, Алматы қалалық Туризм басқармасының мәліметтері мен межесіне көз жүгіртіп көрелік. Әлбетте, туристерді магниттей тартатын Алматыда қыдыратын да, көз қуандыратын орындар жетіп артылады. Оның үстіне қала билігі тауға апаратын жолдар мен жондарды ретке келтіріп, саяхатшыларға барынша жағдай туғызуға, қауіпсіз саяхат құруға тынымсыз күш салып жатыр. Бір жағынан бұл талпыныста зая кетпеген. Мәселен, Ұлттық статис­тика бюросының мәліметі 2023 жылдың тек 9 айында туристердің жалпы саны 1,5 млн адамнан асқанын айғақтайды. Оның ішінде шетелдік туристер саны 51,5%-ға өсіп, 410 мыңға жуық адам Алматыға сапар шеккен. Осылайша, мегаполис шетелдік туристерді қабыл­дайтын еліміз қалалары арасында көшбасшы болды.

«Туристер легінің артуы туризм сала­сын­дағы негізгі көр­сеткіштердің айтар­лық­тай өсуіне қол жеткізді. Мысалы, са­лық түсімдері 64%-ға ұлғайып, 50,2 млрд тең­гені құрады, жұмыспен қамтылғандар қатары 11%-ға немесе 78 551 адамға артты, инвес­тициялар 47,7%-ға немесе 106,4 млрд теңгеге өсті», деді Алматы қалалық Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова.

Өткен жылы елімізге жолы түскен туристердің 24,2%-ы – Алматыны ара­лауға келгендер. Алматыға келген шет­елдік турис­тер негізінен гидтер мен тур­о­ператорлардың қызметіне жүгінсе, олар Медеу, Шымбұлақ, Көктөбе, Кафедралдық шіркеу, Орталық мемлекеттік музей, Орталық мешіт, 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақ, Көк базар, Арбат, Орталық демалыс және мәдениет саябағы, Тұңғыш Президент саябағы, Ботаникалық бақ, Баум тоғайы, Хайуанаттар бағы сияқ­ты жерлерді көргісі келеді. Былтыр туристердің ең көп легі Ресейден ағылды – 34% (138 961 адам). Екінші орында ҚХР – 11,6% (47 619 адам). Үндістаннан келген туристер саны – 7% (28 983 адам), Түркиядан келгендер – 6,2% (25 486 адам), АҚШ-тан 3,7% (15 084) турист келді.

Айтқандай, туризм туралы сөз қоз­ғалғанда, қонақүйлер та­қырыбын айна­лып өте алмай­тын­дықтан, қазір мега­полистегі қонақүйлер қоры 11 454 төсектік орынды құрайтынына тоқтала кету керек. Өткен жылы жеке инвестиция есебінен 161 орындық «Qazaq Auyl» мейрамханалық кешені бар эко-қонақүй (16 үй), «Grand Mildom» қонақүйі (112 бөлме), «Medeu camp» (13 маусымдық глэмпинг), «Dami hotel» (20 бөлме) қонақүйлері ашылды. Бұл күндері қалада құны мен құрылысы 208,4 млрд теңге қаражатты қажет ететін 3287 нөмірлі 23 қонақүй құрылысы жүріп жатыр. Нақтылай түссек, 1 297 нөмірге арналған (71,1 млрд теңге) 7 нысанның құ­рылысы жалғасын тауып отырса, 1 990 нөмірге арналған 16 нысан (137,3 млрд теңге) жобалау жұмыстары сатысында тұр. Биыл, яғни 2024 жылы 7 қонақүйдің құрылысын аяқтау жоспарланған, (45,1 млрд теңгеге 1067 нөмір), қалған жобалар 2027 жылға дейін аяқталады. Бұл қаладағы қонақүйлердегі орындар қорын ұлғайтуға, сондай-ақ туристердің мегаполисте қолайлы жайғасуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Шетелдік туристер легіне әсер ететін факторлардың бірі – қолданыстағы әуе қатынасының саны. Бүгінгі таңда Алматы әлемнің 82 еліне 42 тікелей әуе қатынасы арқылы барып-келе алады. Биыл наурыз айында Алматы мен Куала-Лумпур (Малайзия) арасында тікелей әуе қатынасы ашылғанынан жұрт құлағдар болып отыр.

Осы орайда, Алматы Орта­лық Азияның қаржылай, эконо­микалық, мәдени және жастар орталығына айналу жолында біраз жұмыс атқарылып отырғанына тоқтала кеткен жөн. Сыртқы туризмді дамытудағы басты оңды оқиғалардың бірі – биыл маусым айында Алматы қаласы халықаралық әуежайының жаңа терминалының құры­лысының аяқталуы десек те болады. Жаңа әуежай жылына 14 миллион жолаушыны қабылдай алатын күн де алыс емес. Бол­жамға сәйкес, биыл шетелдік туристер саны 520 мың адамға жетуге тиіс. Ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша Алматы әуежайы 9,5 миллион жолаушыға қызмет көрсетсе, биыл жолаушылар легі 10,5 миллион адамнан асады деген үміт бар.

Қазіргі таңда шетелдік турис­терге қолайлы жағдай туғызу мақ­сатында мегаполис аумағында «Visit Almaty» 8 туристік ақ­параттық нүк­тесі (Алматы ха­лық­­аралық әуе­жайында, Пан­фи­лов, Абай-Дос­тық, Ме­деу, Зенков көше­ле­рінде, Президент саябағы, Атакент, Көктөбе) жұ­мыс істеп тұр. 2023 жылы осы ор­талықтарда 21 мың­нан аса ту­рист анықтамалық ақпарат алған.

Сонымен қатар ақпарат беру орындарында 8 мыңға жуық полиграфиялық өнім (атластар, брошюралар, карталар және т.б.) таратылды. Барлық қонаққа Алматыда, оның айналасында бос уақытты тиімді өткізу туралы пайдалы ақпарат, баруға болатын орындар, мейрамханалар, көрікті жерлер, тарихи нысандар және мегаполис туралы басқа да мәліметтер ұсынылды. Былтыр Туризм басқармасы ту­ристік инфрақұрылымды абат­тандыру жұмыстарын жалғас­тыра отырып, «Ақбұлақ», «ҮАӨ» және «Мың­жылқыда» 3 кем­пинг-аймағын құрып, шатырлы орындар, жайлы жаппалар, орындықтары бар үстелдер, әткеншектер орнатқан еді. Сол сияқты ұзындығы 150 шақырым болатын 12 тау бағыты абаттандырылды, онда ақпараттық стендтер, нұсқау белгілері, демалуға арналған платформалар, көпірлер мен жаппалар орнатылды. Ең бастысы, Алматы халықаралық әуежайының паспорттық бақылау аймағындағы кабиналарды жаб­дықтау жұмыстары аяқталды. Енді туристерді әлемнің тоғыз танымал тілінде (қазақ, орыс, ағылшын, араб, қытай, француз, итальян, түрік және корей тілдерінде) қарсы алатын болды.

Отандық туризмзді дамытуда біз айналып өте алмайтын тағы бір өзекті мәселе бар. Нақтырақ айтсақ, Алматы қаласының әуежайында таксистердің заңсыз, оспадарсыз іс-әрекеттерінің жиілеуіне байланысты Ха­лықаралық әуежай терминалдарында такси тарифтері көрсетілген ақпараттық стендтер ілінді, сондай-ақ кедендік бақылау аймағында шетелдік аза­маттардың паспорттарына ақ­параттық қосымша парақтар тарату көзделген. Таксиге тапсырыс беру қызметтерін ұсы­натын таксилердің құнына талдау жүр­гізіліп, сапардың орташа бағасы есеп­телінген. Жолаушылар тасымалы тариф­­тері олардың баратын орындары мен такси класына байланысты 1 200-ден 12 мың теңгеге дейін өзгереді. Бұл баға тұрақ­ты емес, себебі жолаушылар үшін ұсынылатын баға, такси қызметтерінің құны ауа райын, сұ­ранысты және басқа деректерді ескере отырып өзгеруі мүмкін.

Сондай-ақ қала қиылыс­тарында 54 ақпараттық тотем жаңартылды. Қала картасы­нан басқа, олар қазір танымал туристік орындарға апаратын бағыттарды ұсынады. «Біз қала тұрғындары мен қонақ­тары­нан инфрақұрылым нысандарына ұқыпты қарауды және бүлдіру фак­тілеріне жол бермеуді сұрай­мыз», дейді Ғ.Тоқсейітова.

Сонымен қатар өткен жылы виртуалды 3D турлары басталғанын, ендігі жерде visitalmaty.kz сайты әлемнің кез келген түк­піріндегі пайдаланушыларға тегін аудио-бейне турлар ұсына бастағанын айту ләзім.

Айтқандай, туроператор­лар­дың сауалдарына сәйкес, Ал­матының туристік әлеуетін арттыру үшін жақын және алыс шетелдерде (Дубай, Абу-Даби, Шарджа, Эр-Рияд, Джидда, Даммам, Доха, Маскат, Дели, Мумбай, Ташкент, Хошимин) 12 Road-show өткізілді. Сондай-ақ Сингапур, Париж, Лондон, Барселона, Пекин және Дохадағы 6 ірі және маңызды халықаралық ту­ристік көрмелерге қатысты. Сауалнама нә­тижесінде Алматы қаласының туроператорлары 2025 жылдың соңына дейін ме­гаполиске 85 мыңнан аса турист ша­қы­ратын шетелдік компаниялармен 500-ге жуық шарт жасасты. Аталған іс-шарал­ар шетелдік туристер ағынын тікелей арт­тыруға мүмкіндік береді деген үміт бар. Мар­кетинг бағытындағы кешенді жұмыстың нәти­жесінде Алматы ел ішіндегі туристерді де, жа­һандық саяхатшыларды да қызықтырып отырғанын айта кету керек.

 

АЛМАТЫ