Кино • 02 Мамыр, 2024

Бір тамшы махаббат

96 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Айка» деген атақты фильм естеріңізде шығар. Қандасымыз Самал Еслямова осы фильмдегі рөлі үшін халықаралық Канн кинофестивалінің «Үздік актриса» аталымын иеленіп, ата­ғы шыққан туындының арқауы – адам тағдыры. Мәскеу перзентханасында босанған қырғызстандық эмигрант – Айканың екінші атын «Тағдыр» деуге әбден болады. Тағдыр ма, талапай ма деп тағы ойлайсыз.

Бір тамшы махаббат

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Алып қалаға алғаш келген аңқау қыз әркімнің арбауына түсіп, алда­нары белгілі жағдай. Мәселе түптен басталып тұр. Шетелге шықпа деген сөз жоқ. Бірақ қайда барып, не істесе де адам баласына әуелі дайындық керек. Сауаты, білімі, тіл білуі, кәсіби дағдысы, түрлі ортада тіл табыса алуы мен бойын тыюы, сосын әбден қалыптасып алғанға дейін өзін асырайтындай қаражат. Ал бұлардың бірі болмады екен, кім көрінген­нің жеміне айналуың мүмкін. Соның бір мысалы – Айка. Қазақ­ша айтқанда он екі де бір нұсқа­сы жоқ, аталған қасиеттер мен дағдылардан ада қыз бұрыш-бұрыштағы бұзақы мен алаяқ­тың жеміне айналмағанда ше? Абы­ройсыз қалады. Өзі секілді сол жақта жүрген бірнеше қан­­дас­ымен бірігіп, кәсіп аш­пақ­­шы болады. Осы мақсатта қай­­дағы біреулерден қарызға қо­­мақты қаражат алады. Бірақ ара­­ларындағы алаяқтар бой­жет­­кенді алдап, ақшасын алып кетеді.

Фильм әуелі дүниеге жаңа кел­ген сәбилерді көрсетуден бас­та­лады. Демек адам баласы іңгәлаған күнінен әлеуметтік, рухани тұрғыда қамтамасыз етілуі керек. Тәрбиесі, киімі, тамағы мен білімі, кәсіби дағдысы. Айканың Мәскеу перзентханаларының бірінде босана салысымен қашып шығуы – кеудесіндегі шыбын жанның дәрменсіз күйде қалуы еді. Рухани әлсіз жанның қай-қайсы болсын бұл арада өзін жазым етуі ғажап емес. Осыншама қорғансыз қалған қаршадай қыздың қайсарлығы, күш-қуаты мен жігері таңғалдырады. Өйткені дүниеде жас босанған әйелден әлсіз жоқ. Ол өз-өзіне келгенше ерекше күтім керек. Қазақ ұғымындағы «қалжаның» қасиеті осындайда байқалады. Жаңа босанған әйелге қалжаға семіз қой сойғызып, сол әйелге етін жегізіп, сорпасын ішкізуінде де көп мән жатыр. Әлсіреген ағзаға қорғасындай қой етін, майлы сорпаны ем-шипа ретінде қолданған. Ал біздің Айкада осының бірі жоқ. Кереуетінен шұғыл тұрып, жанталасқан күйі тасада киімін ауыстырып, терезені бұзып-жарып, қақаған аяз бен боранға қояды да кетеді... Мұншама ауыртпалық пен азапты кешкен жалғыз Айка дей аламыз ба және? Болашақ тағдыр иесі бала қайда қалды? Қашып шыққан ана жұмысқа қайта жегілген соң оған не дауа?

Сүйегі сырқырап, жаны шыр­қы­рап, өлудің алдында жүріп азаппен жұмысын атқара береді. Ендігі жерде жас босанған ана төсін керген бір құдіретке тап болады. Екі төсі мазасын ала бастайды. Тәжірибелі біреудің «Бұлай жүре берсең, қатерлі ауруға душар боласың», деген сөзінен сескеніп, сауып тас­тау­ды қолға алады. Қазақта «сү­тім­ді көкке сауам» деген аналар тұрғысынан айтылатын ең ауыр сөз. Осы кезде бос ыдысқа са­уыл­ған ана сүтінің қасіретті үні төбе құйқаңды шымырлатады. Баяғыда шешелеріміз бие, сиыр сауғанда осындай дауыс­тарды естуші едік. Бірақ ол құ­лаққа жағымды, музыкалық ыр­ғақтай естілетін. Ал күйініш­пен күйзеле сауған сорлы ана­ның сәбиіне бұйырмаған сүтінің күң­­гірін есту адам жанын көзі­не­ көрсетіп қинағанмен пара-пар.

Адам жанын қарадай қинап қояры – баласынан айырылып, еш күтім көрмеген жас босанған ана иттерді күтуші болып істейді ғой. Сонда енесін рақаттана еміп жатқан иттің төрт күшігін көрсетеді. Адамдардан гөрі иесі, қожайыны бар иттердің күні әлдеқайда жақсы қоғамның туғанына күмән келтірмейсіз. Тіпті қазір қаңғыбас иттерге мемлекет тарапынан назар тіктеліп, жылыжайлар салынып, күтім көрсетіледі. Әр жағын сабақтап жату артық шығар. Осы тұста оқиға басындағы қараусыз қалған төрт нәрестені бір жүгіртіп өтсе­ңіз, тіптен шошисыз. Иттерді емдеп, операция жасайтын орта­лық­тағы адамға қас дәрі­гер итке «жаным», «күнім», «сүйіктім» деп асты-үстіне түседі ол аздай.

Әбден амалы құрып дағ­дар­ған ана алған қарызының өтеуіне не берерін білмей ақырында перзентханада қалған баласы барын ойлайды. Қарыз беруші баланың «тірі тауар» екенін ойлап қуанады. Перзентхана дәрі­гері Айкаға туған баласын қай­та­рады. Ол нәрестесіне сыздап тұр­ған төсін тосады. Аналық сезі­мі оянған Айканың ана кей­пін­дегі аянышты да азапты түрін көр­сеңіз… Фильм осы тұс­та оқыс аяқталады. Бәрімізге жет­пей қалғаны бір тамшы махаббат екен. Айканың қорғансыз қа­лып,­ қателіктерге бой алдырғанына да, оны осыншама қинаған қо­ғам­дағылардың аярлығына да...