Ән • 03 Мамыр, 2024

Кененнің Көкшолағы

157 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кенен десек, көкейге бір­ден «Көкшолақ» келеді. Басқаны қайдам, бізге солай. Бала күніміз­ден «Көкшолақ» әнін тың­­дап, ақын өмірінен аз­ды-көпті хабарымыз бол­­ға­нын, әрине, мақтан тұ­та­мыз. «Ой жайлауы» мен «Бозторғайын» елден жырақ елсізде келсін-келмесін аңыратып салма­ған қазақтың қазақты­ғына күмәндануға болатын ертеректе. 90-жылдардың басында әнге ұйитын ха­лық бар-ды. Кенен әндерін ыңыл­­дайтын жандар кез­де­сетін.

Кененнің Көкшолағы

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Иә, «Көкшолақ» әні дүниеге қалай келді, нендей себеп түрткі болды деген сұрақтар туралы түрлі алыпқашпа әңгіме көп. Бала күнімізде тыңдап, естіп өстік деуіміздің мәні осында. Ауызекі әңгіменің бірінде «Кененді қыздар менсінбей, қасына жолатпай қойыпты-мыс». «Мен өзім Алатаудың ителгісі, қойшының қызға жақын икемдісі» демеуші ме еді осы әнінде? Сондықтан жолатпай қойғаны қисынға келе қоя ма? Тағы бірде «думанға аттанған қыз-келіншекке ілесетін лайықты аты болмай тосылыпты. Содан астындағы Көкшолақтан көріпті» дегендей түрлі аңызын естуші едік. Әрине, әңгіменің әртүрлі нұсқасы болғанымен, түпнұсқа біреу. Қалғанының бәрі қосалқы жүре береді. Өмір де сонысымен қызық. Ал анығында былай екен:

«Көкшолақ – Кененнің маң­дайына біткен алғашқы аты. Оның мынадай тарихы бар. Наурыз келіп, көктем шыққанда бір күні таңертең Кенен әдеттегідей қой жаюға кетеді, әкесі «бүгін саған қайтсем де бір тай сатып әкеліп беремін» деп базарға аттанады. Ондайда уақыттың өтпейтін әдеті ғой. Кіші бесін болғанда Кенен қойды ауылға беттетеді. Өзі қойдың алдына түсіп, асыға басып, үйіне келсе, есік алдында бір көк құнан байлаулы тұрады. «Жануарым, құтты ғыла көр» деп сауырынан сипайды. Бас-аяғы­на зер сала қараса, әлі ит­жүні түсіп үлгермеген, құйрық, жал­дан жұрдай, арық неме екен. «Еш­нәрсе етпес, әлі-ақ жетіліп, түлеп кетесің» деп ойлайды ол. Үйге кірсе, әкесі талқан шылап, шай ішіп отыр екен. «Құнаныңды көрдің бе, балам?» – деп сұрайды.

– Өзі жұтаңдау ма, қалай? Күтім­ге алып, семіртеміз ғой. Базар­да жылқы қымбат. Екеуміз­дің бар тапқанымыз осыған әзер жетті. Талас жағының маған ұқсаған бір қырғыз шалы ұстап тұр екен. «Арзан беремін, ала ғой, өзі тұлпар тұяғы» деп мақтады. «Маған тұлпарыңның керегі жоқ, аяқ лауға жараса болғаны» деп, алдым да жүре бердім, – дейді әкесі. «Көкшолағы әкемнің дөнен шықты, Қойға мініп, қиқайып Кенен шықты. Шілдехана, тойларда әнге салып, Қиыстырған кеудемнен өлең шықты», – деп жырлады Кенекең кейініректе» депті Болат Бодаубайға берген сұх­батында Мырзатай Жол­дасбеков.

Ал «Көкшолақ» әні туралы көзі тірісінде Кенекеңнің өзі айтып кеткен екен. Бірде көр­ші ауыл­да бір бай адам қызын ұзатып, той жасайды. Жақын маңдағы ел сонда ағылады. Тойға барғысы келіп қызыққан Кенен өзінің Аянбай деген досына жалынып-жалпайып, ақыры көндіріп, қойын соның қойына қосып, Көкшолағына жайдақ міне салып, жіппен ноқталап, ақ таяқпен қақпалап, тойшылардың артынан шоқытып ала жөнеледі. Қырға шығып қараса еңісте кетіп бара жатқандардың түрі, салтанаты бөлек, қыз-келіншек атау­лы қызылды-жасылды киініп, құлпырып кетіпті. Шоқпыт киімді, киіз етікті Кенен қойшы екпіндеп, Көкшолақты тепкілеп барып, үкісін желбіретіп, жорға мінген Шәлипа қыздың тұсына жетіп, айтыса кетеді. «Мінгенім астымдағы Көкшолақ-ты, Жалы жоқ, құйрығы жоқ, шоп-шолақ-ты. Ей, қыздар, қойшысынбай өлеңіңді айт, Тұсыңа біздей құр­бың келіп қапты. Жылдам жүр­ші, Көкшолақ, Шапшаң жүр­ші, Көкшолақ. Олай жүрші, Көкшо­лақ, Былай жүрші Көкшо­лақ. Жамандатқыр, Көкшолақ, Арам қатқыр, Көкшолақ-а, а, ай!» деп.

Қызық көріп, тойды бетке алғандар елең ете қалады. Жас-кәрісі тоқтап енді жол үстінде екеуін қызықтауға жиналып кеу-кеулей кетеді.

– Даусың да, әнің де жақсы екен. Айта түс, қалқам! Тоқтал­ма. Шырқай түс! – деп үлкендер жа­ғы дем береді. Бұған қанат­тан­ған Кенен Көкшолағын екі өкпеге тепкілеп, Шәлипа қызға жақындай түседі. Тағы да шырқа­тып қоя береді: «Мінгенім астымдағы Қы­зыл ­шолақ, Қыз байғұс әкесіне аз күн қонақ. Әй, қыздар, кедейсін­бей өлеңің­ді айт, Тұсыңа келіп қал­­дым «құ­да­шалап», – дейді. Шәли­па да кезі келгенде айтысып, өнер көрсетіп жүрген болып шығады. Кененнен қалыспай өлеңдетіп, екеуі едәуір айтысып, ақыры Кенен жеңеді. Сөйтіп, Шәлипадан кестелі орамал алып, Көкшолақтың иесі күтпегенін олжалайды. Құмары қанбай қалған жігіт-желең Кененнен «Көкшолағын» қайта қолқалап шырқатады. Өнерге жақын­дары осы жерде-ақ қағып алып, орындап кетеді. Осылайша, ән ауыздан ауызға тарап, қазақ даласына жайылады.